Жолдауда барлығы жан-жақты сараланған
Бүгін барлық ұстаздар мен оқушылар үшін ерекше күн. Білім күнінде барлығы алтын ұя мектебімен қауышып, жаңа оқу жылына қадам басты.
Бұл күн барша қазақстандықтарға айрықша болып тұр. Олай дейтінім, айтулы күнде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» тақырыбындағы кезекті Жолдауын жолдап, алдағы міндеттерді саралады.
Биылғы жылдың ел тұрғындары үшін мерейлі жыл екенін атап, барлық жеткен жетістіктеріміз Тәуелсіздіктің нәтижесі екенін айтқан Президент еліміздің пандемия кезеңіндегі экономикалық дамуына тоқталды. Шыны керек, қазіргі жағдайға байланысты көптеген мемлекеттердің даму деңгейі тұралап қалып жатыр. Ал алдымызға нақты жоспар құра білген мемлекетімізде экономикалық дағдарысқа қарсы іс-шаралар жүзеге асырылып, бағыт-бағдарымызды берік ұстанып келеміз. Қиындықтарға қарамастан, өнеркәсіп саласын өндіруде, кәсіпкерлікті дамытуда серпін бар. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы «Жалпы экономикалық дамуымызда оң үрдіс бар екені сөзсіз» деп атап көрсетті.
Бұдан бөлек, Жолдауда ауыл шаруашылығы саласын жандандыру, оның ішінде шаруаларға берілетін субсидияның ашықтығын қамтамасыз ету, жер қойнауын зерделеуге аса мән беру керектігі айтылды. Сонымен қатар, Президент азық-түлік тауарларының бағасын белгілеудің және оны бөліп-таратудың тиімсіз жүргізілуіне тоқталып, осыған қатысты тұрақтандыру жұмыстарын жүргізуді жүктеді.
Мемлекет басшысы биыл өңірде, сондай-ақ еліміздің басқа аймақтарында орын алған жем-шөп тапшылығын да атап өтті. Бұл мәселе реттелгенімен, жүйеге өзгеріс керектігін айтып, жем-шөп дайындайтын жерді кеңейтуді, жайылымдық жерлерді тиімді пайдалануды жеткізді. Осыны ескеріп, Сыр жұртшылығы алдағы жылдары биылғы қиыншылыққа тап болмауға еңбектенуі керек деп ойлаймын.
Жалпы, жаңа Жолдауда Президентіміз қазіргі жаһандану кезеңіне мемлекетіміздің дайын болуы, халықтың әлеуетін арттыру, ауызбірлігімізді сақтау, татулығымызға мығым болу жөнінде жан-жақты саралап айтты. Ұлт болып ұйыса білсек қана біз жаңа жағдайлардың қиындықтарын еңсере білеміз. Сондықтан Жолдаудан туындаған міндеттерді орындауда бізге ең алдымен ынтымағымыз керек және осы жолда жұмыла еңбек етуіміз тиіс.
Расул ЕСЕНОВ,
облыстық мәслихат депутаты,
"Углесбыт" ЖШС-нің директоры
"Углесбыт" ЖШС-нің директоры