Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Суретші һәм қолөнерші

Суретші һәм қолөнерші

Қолөнермен айналысуға ма­шық­танған мамандар түрлі қиял ғажайыпқа ерік береді. Әрбір туын­дының сәтті шығуына уақыты мен күш-қуатын жұмсайды. Ұсақ-түйек дү­ние­лерден ерекше туындылар жасайтын жандардың қатарында тереңөзектік Әйкерім Бегімқұлова бар. Ол қолөнермен айналасып қана қоймай, қабырғаға сурет салады.

Тәжірибелі суретшінің мектеп қабырғасында оқып жүргенінде бояуға деген ынтасы ауады. Шығармашылыққа ден қойып, түрлі деңгейдегі байқауларда жеңімпаз атанады. Бала кезінен қағаз бетіне түрлі бейнелі суреттерді шимайлап, ойындағысына жан бітіреді. Түрлі түсті бояулардың сырына қаныққан ынталы оқушыға қабырғаға сурет салу айрықша құбылыс болды.

– Бірде үйімізге күрделі жөндеу жұмысын жүргізген болатынбыз. Ақ түске боялған қабырғаға сурет салу сол кезде ойыма келді. Алғаш сәтті шықпай қала ма деген қорқыныш бойымды билеп алды. Дегенмен, жануарлар, ерекше бұйымдар, ас үйдегі көкөніс суреттері көпшілік көңілінен шыға бастады. Негізінен, бұл өнердің тарихы ерте кезден бас­тау алған. Қабырғаға салынған суреттер Шығыс елдерінде, Грекия мен Рим аймағында көптеп кездескен. Қабырғаға сурет салуды «Граффити» деп атайды. Бұл сөздің мағынасына гректер «тырнау, қашау» деген ұғым берген. Осындай керемет туындыларды меңгергеніме қуаныштымын. Қазіргі таңда балабақша мен жекелеген мектептерден тапсырыс түсіп жатады. Балалардың ойын бөлмесін әрлеу, сәнді етіп жасақтау, асханалардың көркін ашу – негізгі мақсатымыз, – дейді тәжірибелі суретші.

Суретшінің өнеріне қызыққан кәсіп иелері дүкендерге, асханалар желісіне көздің жауын алатын суреттерді салу үшін тапсырыс береді. Сонымен бірге Әйкерім Хазитқызы тұрмыста қолданылатын түрлі заттардан ерекше бұйымдар жасап шығарады. Гүлдер, ойыншықтар, кәде сыйларды жасау үшін сәнді моншақтар, маталар, қағаздар, пластикалық құтылар пайдаланады.

– Шығармашылықтың шыңына жетуге сан түрлі ізденіс керек. Табиғи өнімдерден нағыз бұйымдарды жасап шығару да өнер. Айналаңда пайдаға жарағаннан кейін керексіз болып қалатын тауарлар көп. Олардан екінші бір дүние шығаруға болады. Кейде жүрек қалауыңа құлақ аспай, тезірек ойлаған бұйымды жасағың келеді. Бірақ, көңілің қаламаған іспен айналысқанда сәтсіз шығады. Кейіннен олқылықтарды қалыпқа келтіріп жатамыз. Аллаға шүкір туындыларым сұранысқа ие. Көбіне сыйлық ретінде алып жатады. Қолдан келгенше қолөнерді дамыта бергім келеді. Өйткені, заманауи бағытта қайталанбас туындылар жарыққа шығып жатады. Біз оларды халыққа дер кезінде меңгеріп, сапалы түрде ұсынамыз, – дейді қолөнерші.

Айта кету керек, суретші, қолөнерші 4 баланың анасы Әйкерім Бегімқұлова алдағы уақытта мерекелік іс-шаралар мен тойларда безіндіру жұмыстарын қолға алмақ.

Балтабай ОРДАБЕКОВ 
07 тамыз 2021 ж. 705 0