Суретші қыздың сырлы әлемі
Ұлбосын Мұқамбетқалиқызы – әуесқой суретші. Бірақ оның салған суреттері кәсіби суретшілердің туындыларынан кем емес. Оның суреттерінен жүрек лүпілі, көңіл толқынысы, сезім сыңғыры сезіліп тұрады. Сондай-ақ ол өз суреттерін аса ыждағаттылықпен, іңкәрлікпен, махаббатпен салғанды қалайды.
Әуесқой суретшінің туындыларын алғаш рет әлеуметтік желіден көрдім. Кейін сәті түскенде суретшілік қарым-қабілеті туралы Ұлбосынның өзінен сұрағанымда ол жәй ғана қызығушылық деп түсіндірді. Кейін салған суреттерін насихаттағанды жөн көріп, «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі өзімнің жеке парақшам арқылы жарияладым. Сол-ақ екен әлеуметтік желі қолданушылары оның суретшілік өнерін жоғары бағалап, көптеген пікірлер қалдырды. Сондай-ақ жекеме шығып, оның байланыс нөмірін сұраушылардың қатары көбейді. Оларды Ұлбосынның күнделікті жұмыс барысы сурет әлемінен мүлдем алыс екені, яғни талантты қыздың аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінде еңбек ететіні таңғалдырды. Сондықтан көбісінде «Неліктен суретші мамандығын меңгермеген?» деген сұрақ туындады. Әрине, бұл оның өз таңдауы шығар, бірақ ол кәсіби суретші болғанда сөзсіз бүгінгі туындыларынан да тамаша суреттерді өмірге әкелген болар еді.
– Сурет салу бала күнгі қызығушылығым. Көбіне табиғатты, түнгі аспанды, сондай-ақ бозбала мен бойжеткеннің суреттерін салған ұнайды. Кәсіби суретші болмағандықтан тек қара қаламды ғана қолданамын. Достарым кейде маған қаламдар сыйлап жатады. Оны ұқыпты пайдаланып, бос уақытымда көңілім қалаған бейнелерді ақ қағаз бетіне түсіремін. Бірақ, бұл қызығушылығым тек қолымның бос кезінде ғана орындалады. Күнделікті жұмысым негізгі міндетіме сәйкес экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне қатысты жұмыстарды атқарумен өтеді, – дейді Ұлбосын бізбен әңгімесінде.
Осы ретте талантты тұлғалардың мамандық таңдауына қатысты қабылдаған қызықты шешімдері еске түседі. Мысалы ақын Мұқағали Мақатаевтың заңгер мамандығы бойынша білім алғанын біреу білсе, біреу білмейді. Сондай-ақ Әбіш Кекілбаевтың жазушылық қырынан бөлек құрметті полковник деген атағы бар екен. Ал Олжас Сүлейменов геология факультетінің түлегі. Бірақ, олардың әдебиет әлемінде, қоғамдық қызметте танылуына таңдаған мамандықтары еш кедергі келтірген жоқ. Бойдағы таланты, икемі жарқын жетістіктердің бастауына айналды. Сол секілді мүмкін әуесқой суретші Ұлбосын Мұқамбетқалиқызының болашақтағы бақыты сурет әлеміне байланысты шығар. Бәлкім, ол ауданның бүгіні мен өткенін бейнелейтін суретші болар. Қалғаны уақыт пен мүмкіндіктің еншісіндегі іс.
Әуесқой суретшінің айтуынша, ауданда өзі секілді талантты жастар көп. Оларға қолдау көрсетіп, талабы мен талантын ұштап, сенім артса жақсы-жақсы туындылар өмірге келеді дейді суретші.
– Мен өз мамандығымды, қызметімді ұнатамын. Сурет салу – хоббиім. Салған суреттерімді әлеуметтік желіде бір шумақ өлеңмен бірге жариялап келемін. Кейде таныстарым салған суреттеріме қызығып, жоғары бағалап жатады. Мұндай сәттер маған қуаныш сыйлайды. Бірақ, бұл өнерге біржолата бет бұру ойымда жоқ. Себебі, мамандығым өзіме ұнайды, есеп-қисап саласының қыр-сырын үйреніп келемін, – деген Ұлбосын ауданда әуесқой суретшілердің көрмесі ұйымдастырылса, қуана-қуана қатысатынын атап өтті.
Сурет өнері – ықылым заманнан өз құндылығын, қоғамға қажеттілігін жоғалтпай келе жатқан өнер. Ал шығармашылыққа жаны құмар Ұлбосындай жастар бар кезде сурет өнері өз өміршеңдігін жоймасы анық. Тек өнердің қадір-қасиетін бағалай білу қажет. Суретші қыздың сырлы әлемі алдағы уақытта тамаша туындылармен толыға түсетініне сенеміз.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ