ӨМІРДІ ӨНЕРІМЕН ӨРНЕКТЕП...
Жас суретшілер байқауынан кейін №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің мәжіліс залында облысқа белгілі суретші, қолөнерші Абылай Сәрсенбаевтың мектеп оқушыларымен кездесуі болып өтті. Кездесуді аудан әкімдігі мен аудандық білім бөлімі «Жастар жылы» аясында ұйымдастырды.
Абылай Бөлебайұлы қос өнерді қатар алып келе жатқан талантты азамат. №42 Қ.Баймағамбетов атындағы мектеплицейде бейнелеу өнерінен дәріс беретін ұстаз сабақтан тыс уақытында сурет салумен, қолөнермен айналысады.
– Бейнелеу өнерінің пейзаж жанры жаныма жақын. Демалыс күндері туған ауылымның табиғатын тамашалап, оның көркем суретін ақ қағаз бетіне түсіремін, содан шабыт аламын, – деді бейнелеу өнерінің шебері мектеп оқушыларымен кездесуінде.
Абылай бала күнінен сурет салумен айналысады. Бастапқыда орыстың белгілі суретшілерінің картиналарын көшіріп жазып, талабы мен талантын шыңдаған. «Ел іші – өнер кеніші» дегендей ауылдан шыққан тума таланттың туындылары талай мәрте облыстық көрмелерге қойылып, Түркия, Қытай, Канада, шет елдердің азаматтары аттай қалап алып кеткен.
– Сурет салу ғажайып өнер. Қылқаламмен ақ қағазқа ойыңдағы бейненің нобайын түсіргеннен кейін оны түрлі бояумен әрлеу маңызды. Мұнда ешқандай артық әрекет болмауы керек. Сурет өнері аса дәлдікті сүйеді , – дейді бейнелеу өнерінің шебері. Ауыл мектебінде 15 жылдан бері дәріс беріп келе жатқан ұстаз бірінші санатты мұғалім. Білімін өздігінен де жетілдіруге аса мән беретін ұстаз ғаламтордың қызметін де сабағына пайдаланып отырады.
Аудандық, облыстық көрмелерден бас жүлде алған талантты жас болашақта облыстық дәрежеде жеке көрмесін ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Дөңгелек үстел форматында ұйымдастырылған кездесуді ашып, жүргізіп отырған аудан әкімінің баспасөз хатшысы А.Ибрагимұлы суретші А.Сәрсенбаевқа аудан әкімдігі тарапынан «Алғыс хат» табыс етіп, шығармашылық сәттіліктер тіледі. Өз кезегінде суретші А.Сәрсенбаев шығармашылығын елеп, қолдау көрсеткен ұйымдастырушыларға алғыс айтып, ауданның 90 жылдығына арналған картинасын сыйлады.
Ш.НҰРСЕЙІТОВ