Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әуесқой суретші

Әуесқой суретші

Шын талантқа тұсау жоқ. Бұл ежелден дәлелдеуді қа­­жет етпейтін аксиома. Біз өткен айдың ортасында әуес­қой суретші Ұлбосын Мұхамбетқалиқызы туралы газет бетіне ­жазып, оның туындыларын жариялаған болатынбыз. Мұндағы мақсатымыз – ел ішіндегі шын талант иелерін көпшілікке таныту. Сол мақаладан кейін тағы бір сурет салуға әуес мектеп оқушысы хабарласып, редакцияға келді. Оның ақ қағазға қылқаламмен салған туындыларын көріп, талантына тәнті болдық.

Біз айтып отырған суретші қыз – Мер­уерт Маханова. Ол Тереңөзектегі №210 Оспан Әбілпаттаев атындағы орта мектебінің 11-сынып оқушысы. Әуесқой суретшінің сурет салуға деген ынтасы 5-сынып оқып жүргенде артқан. Оқушының бейнелеу өнеріне мектеп ұстаздары Қарлығаш Білісбаева мен Олжас Құлабаев баулыған. Ұлағатты ұстаздардан сурет салудың қыр-сырын меңгеріп, жыл өткен сайын оның таланты шың­дала түседі. 9-сыныпқа келгенде жас суретші адамның портреттерін айнытпай салатын дәрежеге жетеді. Қылқалам құдіретімен адам бейнесін ақ қағаз бетіне түсіріп, ерекше өнерімен көпшіліктің таңданысын тудырған. Осындай талантымен мектеп оқушысы аудан және облыстағы суретшілер байқауына қатысып, бірнеше рет жүл­делі орындарды жеңіп алған.


Әуесқой суретші Меруерт жеке адамдардың портре­тін салуға ма­шық­танған. Суретші қыз биылғы ме­рейлі белестер жылына орай шы­ғыс­тың ғұлама ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің, қазақтың дана ақыны Абай Құнанбайұлының, Қазақ­станның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың портреттерін қылқаламмен салып шыққан. Сондай-ақ «Желсіз түнде жарық-ай» тақырыбында гуашты пайдаланып, ерекше көзтартарлық туынды салған. Бұл суреттер жас таланттың осы бейнелеу өнері саласында болашағы зор екенін аңғартады.

М.Маханова сурет салумен қатар басқа да жақсы қырынан танылып келеді. Ол осыған дейін спорттың волейбол түрімен айналысқан. Жетіс­тіктері де бар. Онымен қоса өзі ән салғанды ұнатады. Қазіргі таңда акро­батикамен айналысуда. Одан бөлек, өзі көптілді білуді мақсат еткен. Қазір ол қазақ, орыс және түрік тілінде еркін сөйлейді, ағылшын ті­лінде жақсы меңгерген. Озат оқушы түрік тілін жазғы демалыс уақы­тында «Lingust.ru» сайтынан арнайы үйреніп алған. Негізі, бойжеткен «Әркім жас кезінде түрлі білім мен өнер үйреніп, жетістікке жетуі керек» де­ген ұстанымды ұс­танған. Осы жолда ізденіп келе жатқан биылғы мектеп бітіруші талапкер болашақта ұстаз не­месе архитектор болуды мақсат тұтқан.

– Отбасында болашағымыз туралы жиі әңгімелесеміз. Әкем мені Темірбек Жүргенов атын­дағы өнер академия­­сында оқып, шығармашылықпен ай­на­лысқанымды қалайды. Ал, ме­нің ұлағатты ұстаз немесе архитектор болғым келеді. Өйткені, бала бағ­баны болып, оқушыларға білім берген ұнайды. Сонымен қатар, архитектор мамандығы мен үшін өте қызық. Сондықтан ҰБТ-дан жақсы нәтиже көрсетіп, осы мақсат жолында білім аламын. Оның үстіне қазіргі таңда архитектор маманға сұраныс жоғары. Сурет салу – менің ерекшелігім. Бұл жұмысты қосымша да алып жүруге болады. Тек ізденістен қол үзіп кетпеу керек, – дейді жас талант.

Үш қыздың кенжесінің алдағы үлкен өмір асуларында бейнелеу өне­ріне деген ынтасы арта түсіп, көптеген жетістіктерге жететіні анық. Мұндай таланты­мен оның биік белестер­ді бағын­дырарына біз сенімдіміз. Сон­­дықтан талант­ты бойжеткенге шығар­ма­шылық сәттіліктер тілейміз.

Атап өту керек, әуесқой суретші бүгінде адам бейнелерін ақ қағаз бетіне айнытпай түсіріп, оны сатып, қосымша табыс тауып келеді. Бұл оның өз қажеттіліктерін өтеуіне жол ашуда.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ

31 қазан 2020 ж. 2 241 0