Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » СИҚЫРЛЫ ӘЛЕМ СЫРЫ

СИҚЫРЛЫ ӘЛЕМ СЫРЫ


Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында облыс орталығындағы М.Мәметова атындағы педагогикалық жоғары колледжінде сурет көрмесі ұйымдастырылды.
  Сурет – тарих, әрі өміршең өнердің бірі. Шексіз тарихтың бір ғана сәтін бейнелейтін, қиялға ерік беретін ерекше шығармашылық түрі қаладағы байырғы оқу орындарының бірі – М.Мәметова атындағы педагогикалық жоғары колледжінде де оқытылады.
  Аталған білім ордасын 1996 жылдан бері «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығы бойынша 300-ден астам түлек бітіріпті. Нақты кезеңде колледж түлектерінің барлығы – халық ықыласына бөленіп жүрген майталман мамандар.
  Бастысы, бұл ізді жалғауға ықыласты жастар да аз емес. Бұған біз колледждің Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырған сурет көрмесін тамашалаған кезде тағы бір мірте көз жеткіздік.
  Иә, қызылорда көркемсурет галереясында өткен шараға келушілер қатары қалың болды. Көрме шеңберінде тарихымыз бен ұлттық мұрамыздан сыр шертетін, Астана қаласының 20, Қызылорда қаласының 200 жылдығы және аталған оқу орнының 85 жылдығына арналған тақырыптық суреттер, пейзаж, натюрморт жанрындағы картиналар қойылды.
Мәдени шараға облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов та қатысты. Облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова, Қазақстан Суретшілер одағы облыстық филиалының төрағасы Амангелді Кененбаев өнерлі жастарға сәттілік тіледі.
  – Қазір бірқатар жастарымыздың осы өнер түрін таңдап, біраз төселіп қалғаны қуантады. Бұл орайда М.Мәметова атындағы педагогикалық жоғары колледж оқытушыларының еңбегі орасан. Әрбір адамның тағдырына әйгілі Ван Гог немесе Пикассо сынды суретші болу жазылмаған болар.
Дегенмен, жаны қалаған кезде сурет салуға ешкім тыйым салмайды. Кез келген адам сурет салу өнеріне машықтана алатынын айтқым келеді. Өзінің өнер туралы ерекше ойымен ерекшеленетін Сергей Калмыковша айтсақ, «Өнерде жетістіктен гөрі ниеттің мәні зор. Суретші ең алдымен шебер емес, қиялшыл. Сол қиялшылдығы мен ниеті суретшіні қатардағы ізбасарлар мен еліктеушілерден дараландырып тұрады». Осы тұрғыдан алғанда суретші үшін ең басты нәрсе – өзіне дейінгі өнер тарихын зерделей келе, оны електен өткізу, – деді суретші Амангелді Кененбаев.
   Көрмеде колледждің талантты студенті, облыстық «Тәуелсіздік – ұлттық рухтың жемісі» атты өнер фестивалінің қолөнер номинациясы бойынша І орын иегері Нұржан Нұғман да жас суретшілерге шабыт сыйлап жүрген ұлағатты ұстаздарға алғысын жеткізді.
   Айта кетейік, тағылымды шара барысында Сыр бойындағы бейнелеу өнерінің ерекшелігі, оның рухани дәстүрімізбен байланыс үзбеуі, стилистикалық өзгешелігі мен бояулар көрінісінің құрылымдық жүйесі сөз болды. Сондай-ақ, Сыр суретшілеріне символизм мен жалпылылық, колориттік шешімінің ерекше белсенділігі мен ширақтығы тән екендігі айтылды.

Мөлдір СНАДИНҚЫЗЫ,
Қызылорда қаласы
31 мамыр 2018 ж. 1 786 0