Сынықшы
Екінші сыныпты бірыңғай бестікке бітірген Ауданбектің білмейтіні көп екен. Дөңгеленген дүние. Аспан әлемі. Жарқыраған жұлдыздар. Жан-жануарлар. Алмасып келіп жатқан күн мен түн…
– Барлығын жаратқан жалғыз Алла, – дейді атасы.
– Қалайша? – дейді Ауданбек таң-тамаша қалып.
– Оған адам баласының ақылы жетпейді! Алайда, ғылым мен техника қарыштап дамыған сайын Алланың барлығын, ақиқат екендігін біле түсеміз!
– Айтып беріңізші, қазір-ақ.
– Ол үшін не істеуім керек?
– Жалықпай көп оқып, жақсы білім алуың керек!
– Мақұл ата, – дейді Ауданбек. – Айтыңызшы ата, мәселен сіздің арнайы оқыған мамандығыңыз болмаса да, қолдары мен аяқтары сынған, шыққан сырқат адамдарды емдейсіз. Бұл да Алланың берген қасиеті ме?
– Дәл солай, ботақаным! Мен бірақ себепші ғанамын. Ауру-сырқауды жазатын, шипасын жіберетін бір Алла!
– Оны қалайша білуге болады?!
– Ақылмен, оймен…
– Бұған дейін сіздің сынықшылық қасиетіңізді дұрыс байқамаған екенмін. Енді зерделеп, көңіл қояйыншы…
Арада екі-үш күн өткен.
Таңертеңгі шайын ішкеннен атасының мазасы кете бастады. Қолын уқалап отыр.
– Қолымның қақсап отырғанын қарашы!
Ақсары ұлдың атасына жаны ашыды.
– Ауыра ма сонда?
– Алыстан мертік-шартық біреу іздеп келе жатыр-ау деймін… Сезіп отырмын…
Арада көп уақыт өткен жоқ. Қызыл қақпалы үйдің алдына «Мерседес» машинасы тоқтады. Кабинадан жастау жігіт шығып, артқы есіктен елулер шамасындағы әйелді қолтығынан демеп үйге беттеді.
Сонау Өскемен қаласының арғы жағындағы Лениногордан келіпті. Әйел адамның оң қолы көтертпейді. Дәкемен орап, мойнына таңып алыпты. Үлкен-үлкен қалалардағы дәрігерлердің бәріне көрсетсе де, ем-домдары қонбапты. Рентгенге де түсірген. Сынық ештеңе жоқ. Сырқат сырын аша алмаған.
Ауданбектің атасы әйелдің білегін уқалады да:
– Сіңірі жаншылған екен! – деді. – Әлбетте, ол рентгенге көрінбейді. Жарайды, оқасы жоқ. Алла сәтін салса, сауығасыз.
Қабдырахман қария жаншылған сіңірді ақырын-ақырын уқалап отырды да, не заматта:
– Қолыңызды көтеріңізші, – деді. Әйел кісі қолын бірден көтерді.
– Сіз өйтіп жылдам көтермеңіз. Жайлап, ақырындап қана көтеріңіз. Қорықпаңыз!
Әйел сынықшының айтқанын жасады.
– Болды ма? – деді әйел сенер-сенбесін де білмей.
– Болды, – деді Ауданбектің атасы. – Алла қаласа, жазыласыз… Енді, кәдімгі түйенің шудасына қара тұз қосып, қолыңызды таңып тастаңыз. Ешқандай дәрі-дәрмек жағып, әуре болмаңыз… Мен бар болғаны жаншылған сіңіріңізді қалпына келтірдім.
Сырқат әйел сынықшы қарияға алғыс айтты.
Толымбек Әбдірайым