Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ажал аузында жатқан адамның жанында айтылуы тиіс сөз

Ажал аузында жатқан адамның жанында айтылуы тиіс сөз


Ажал аузында жатқан адам, кәлиманы айтуы қажет. Егер айналасындағы адамдар ақырын ғана ол адам еститіндей етіп кәлиманы қайталап тұрса, өте орынды болады. Адам оны шынайы ықыласпен айтып, Ұлы Алла жайлы жақсы ойда болуы керек.
Оған қалай қол жеткізу керектігін төмендегі хадистерден білуге болады.
Алла елшісі (с.а.у.): «Мына үш жағдайда ажал аузында жатқан адамнан алыс кетпеңдер: маңдайынан тері аға бастағанда, көзінен жас аққанда, еріндері кебе бастағанда. Міне, осы үш жағдай Алланың құлына Өзінің мейірімділігін танытып жатқан кезі. Егер адам қырылдаған дыбыс шығарса, я болмаса ол қызарып кетсе немесе еріндері көгерсе оған Алланың азабы жетті деген сөз»,- деген.
Шәхдатты айтуға келер болсақ, оны айту - ажал аузында жатқан адам үшін жақсылық пен қайырымдылықтың нышаны. Әбу Саид Худри Пайғамбарымыздың: «Ажал аузында жатқан адамға: «Лә иләһә иллаллаһ» деп қайталатыңдар»,- дегенін жеткізген.
Хузайфа: «Алланы Жалғыз деп сену өткен күнәларды жоқ етеді». Мәртебелі Осман Пайғамбарымыздың (с.а.у.) былай дегенін жеткізеді: «Лә иләһә иллаллаһ» сөзінің шынайы мағынасын біліп өмірден озған адам жәннатқа кіреді».
Әбу Хурайра болса ардақты Пайғамбарымыздың былай деп айтқанын естігенін жеткізеді: «Қайтыс болғалы жатқан адамға өлім періштесі келеді де, оның жүрегіне үңіледі. Алайда оның жүрегінен еш нәрсе таппайды. Осыдан соң ол адамның жағын ажыратып қарағанда тілінің таңдайына жабысып, кәлиманы айтып жатқанын көреді. Осы бір кіршіксіз тәубесі үшін ол адамның күнәсі кешіріледі».
Ажал аузында жатқан адамға кәлиманы зорлықпен айтқызбау керектігіне айналасындағы адамдар мән беруі қажет. Оны жұмсақ, әдемі әрі жылы сөздер арқылы айтқызуға тырысу қажет. Көбінесе адамның тілі күрмеліп қалғандықтан, оны айту қиынға соғады. Сондықтан да, кәлиманы айта алмай жатқаны үшін ол адам мазасыздана бастайды. Кәлиманы зорлықпен айтқызамыз деп, ол адамның мүлде кәлима айтпай кетуіне себепші болуымызға апаруы мүмкін. Сондықтан да, ажал аузында жатқан адамға кәлиманы өте байыппен айтқызу керек. Кәлиманы айтқызуың мәні мынада: куәлік сөздерін айту арқылы жан тәсілім етуші адам жүрегінде Алладан өзге нәрсенің жоқтығын көрсетеді.
Егер ажал аузында жатқан адамның Алладан өзге арманы мен қалауы жоқ болса, онда ол адам мейірімге бөленіп Сүйіктісімен қауышады. Егер ол адамның жүрегі дүние уайымына толы болса және де дүниеге бұра беретін болса, дүниемен айрылысу оны мұңайтар болса, онда бұл сөздер тек дыбыс болып қалады да, бұл сөздер жүрекпен қуатталмайды. Ендігі жерде бұл адамның халін Алла Тағала Өзінің қалауы бойынша шешеді. Себебі, жүректің қуаттауынсыз жасалған тілдің амалы қабыл болады деп айта алмайсың, ол қабылданбайды. Егер құл Алланың мейірімі мен рақымына қол жеткізгенде ғана ол нәрсе мүмкін болуы ықтимал.
Ажал аузында жатқан адамға жақсы сөздер айту, ол жайлы жақсы пікірлер айту – жақсы амал. Сонымен қатар, бізге Алладан үміт үзбеу және жақсы ойда болу жайлы бірнеше мағлұмат пен хадистер жеткен. Солардың бір- екеуін мысал ретінде назарларыңызға ұсынуды жөн санадық.
Уәсилә бин Асқа бір науқастың үйіне келіп: «Алла жайлы ойың қандай?»,- деп сұрайды. Науқас: «Менің күнәларым жан-жағымнан қоршап тұр. Құрдымға кетудің шақ алдында тұрмын. Алайда мен Жаратушымның мейірімінен күдерімді үзбеймін»,- деп жауап береді. Оның бұл жауабын естіген Уәсила бин Асқа: «Аллаһу Әкбар»,- деп тәкбір айтқан екен. Оған қосылып үй ішіндегілер де тәкбір айтқан. Және де Уәсилә Алла елшісінің (с.а.у.) былай дегенін естігенін айтады: «Мен құлым Мені қандай деп ойласа, сондаймын».
Әз пайғамбар (с.а.у.) ажал аузында жатқан бозбалаға келеді де: «Халің қалай?»,- деп сұрайды. Жігіт болса: «Мен Алладан үмітімді үзбедім. Алайда күнәларымнан қорқамын, сол үшін қорқып жатырмын»,- дейді. Сонда Алла елшісі (с.а.у.): «Осындай қиын жағдайда адамның жүрегінде екі түрлі сезім болмауына болмайды. Егер ажал жеткен кезде ол адамды осы халде табар болса (үміт пен үрей), онда Алла Тағала оған үміт еткенін беріп, қорыққанынан сақтайды»,-дейді.
Сәбит Бунани былай деген: «Бір жүгермек жігіт өмір сүрген екен. Анасы оған үнемі насихат айтатын болған. Анасы: «Бір күні сен өлесің. Сол күнді есіңде сақта және сол күнге дайындық жаса»,- дейтін. Ақыр аяғында сол күн де келіп жетеді. Ұлы ажалмен арпалысып жатқан кезде анасы ұлына: «Ұлым! Міне, осы күн жайлы мен үнемі саған айта беретінмін: «Балам! Бір күні ажалың жетеді»,- деп»,- дейді. Сонда ұлы анасына қарап: «Анашым! Менің Жаратушымның мейірімі шексіз. Менің жасаған жақсы амалдарым себебінен Жаратушым мені құрбан етпейді деп үміттенемін»,- дейді: Сәбит Бунани былай деп жалғастырады: «Байғұс жігіт Жаратушыдан үмітін үзбей көз жұмды. Алла оны мейіріміне бөлесін».
Жәбир бин Уадаа айтқан: «Жас әрі тәжірибесіз бір жігіт өмір сүреді. Бірде шипасы жоқ ауруға шалдығып, төсекке жатып қалып, өмірден озады. Ажал аузында жатқан кезде анасы: «Балам! Жан дүниеңде маған айтқың келетін өсиетің бар ма?»,- дейді. Жігіт: «Иә, менің сақинам. Оны менің саусағымнан шешпе. Себебі сақинада Алла Тағаланың есімі жазылған. Раббым соны көріп, маған рақымын танытар деп үміттенемін»,- дейді. Осыдан соң әлгі жігіт бір адамның түсіне кіріп былай дейді: «Менің анама сақинадан пайда көргенімді жеткізіңдер. Жаратушым мені кешірді».
Бір бәдәуи дертке шалдығады. Оның жанындағы адамдар: «Сен өлесің!»,- дейді. Ол: «Өлім мені қайда апарады?»,- деп сұрайды. Айналасындағылар: «Ол сені Аллаға апарады»,- деп жауап береді. Сонда ажал аузындағы адам: «Онымен бірге болғанда тек жақсылық пен мейірім болатын Қожайынымның алдына баруға неге разы болмасқа?»,- деген екен.
Әбу Мутамир бин Сүлейман былай деп әңгімелейді: «Менің әкем қайтыс болғалы жатқан еді. Ол маған: «Ей, Мутамир! Маған Жаратушымның жеңілдік беретіні жайлы сөз қозға. Раббыммен жолығуға үміт етемін. Себебі мен – Раббым жайлы жақсы ойда болғандарданмын әрі үміт үзбеймін",- деді.
Шариғатты білетін адамдар ажалмен қауышқалы жатқан адамның қасында ол адамның өмірдегі жасаған жақсы амалдарын айтуды жөн көрген. Сол амалдарымен олар әлгі адамның Жаратушысы жайлы жақсы ойда болып, Оған тәуекел етсін деген.
islam.kz
17 ақпан 2018 ж. 2 168 0