Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Берік отбасы есірткіден алыс

Берік отбасы есірткіден алыс

Салауатты өмір сүрші, ардағым
Қателіктен тістелмесін бармағың.
Өсімдіктен оттегін тек ала біл,
Не қыласың зардабын?
Есірткі - ғасыр тажалы. Онымен қазір бүкіл әлем болып күресуде. Есірткі ,наша, арақ, темекі-бұның бәрі жастардың өмірін құртатын жаман әдеттер. Жер сілкіну, су басу, өрт - табиғат апаты болса, ал нашақорлық адамның өз-өзіне жасап жатқан апаты.

Ұлтымызды азғындатып, адамды кісілік қасиетінен айыратын тажал дертіне қарсы күрес отбасынан, мектептен басталуы тиіс. Сондықтан біздер заманымыздың қасіретіне айналып отырған есірткіге қарсы күресуге тиіспіз.

Жасөспірімдердің осы жолға түсіп, тығырыққа тірелуінің себебі неде? Қатыгез әлемде пана іздеген бала ақша табу мақсатында есірткі сатып күнелткендердің құрығына оп - оңай - ақ түседі. Бала іші - бауырына еніп, жылы сөйлейтін жылпостарға бауыр басып, дегеніне көне береді. Жеткіншектер үнемі әр нәрсеге, әркімге еліктегіш. Жұлдыздардың ішінен өзіне ұнағанын пір тұтады. Егер оның жұлдызы есірткінің дәмін тартып көргенін білсе, ол да қалыспауға тырысады. Еліктеудің де жөні бар, қазақ «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деп бекер айтпаған. Өнеріне табынамын деп, өмірінен үлгі алудың қажеті жоқ. Өнерімен көпшілікті тәнті етіп жүрген, үлгілі жанұяның мүшелері де есірткінің жетегінде кете барады. Нашақорлық өмірдегі қиындыққа шыдамаған, сәтсіздікке төзе алмаған адамнан шығады. Нашақорлар бір мезеттік рахат үшін бүкіл өмірін сарп етуге дайын. Бір рет шегіп немесе иіскеп көрген адамның нашаны өз еркімен тастап кетуі мұң.

Бабаларымыз «Аурудың алдын ал, жаудың алдын ал, қайта көтерілген даудың алдын ал» деген екен. Ғасыр дертіне айналған есірткі және оны тұтынудан аулақ болу, кеселдің алдын алу қажеттілігі бүгінде күн тәртібіндегі ең басты мәселенің бірі болып келеді.

Мен ақ пен қараны, жақсы мен жаманды ажырата аламын.

Үнемі теледидардан жаңалықтарды қарап, газет - журналдардағы әлемде болып жатқан жаңалықтарды қалт жібермеймін. Жаңалықтардан адам жаны түршігерлік қылмыстық оқиғаларды естігенде мен өзімнің, бауырларымның және әлемдегі барлық балалардың өмірі үшін алаңдаймын. Бізді ата – аналарымыз қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіреді, бірақ елімізде ата – ананың бақылауынсыз қалған балалар қаншама? Міне, осындай балалар қылмыскердің құрбаны болады немесе қылмыстың құлы болады.

Елдігімізді мәңгілік сақтап қалу үшін, зиянды әдеттерден аулақ болып, есірткінің еліткеніне ермей адамдық қалпымыздан айнымайық. Зиянды заттардың өз денсаулығымызға, өмірімізге, отбасымызға, ата- анамызға, бүкіл қоғамға зиянын тигізетінін саналы түрде сезінейік. Болашағымызға балта шауып , әзәзілдің тұтануына, шарпыған қызыл оттай елімізді жайлауына, шала жанған ормандай қара түтінге бықсуына жол бермейік. Бықсыған орманды қайта қалпына келтіру үшін талай - талай жылдар қажет. Зиянды әдеттердің зияндылығы туралы біле тұра, саналы түрде оларды тұтынамыз. Бір сәттік ләззаттың жетегіне еріп, бүкіл өмірімізді ойран етеміз. Тәуелділік жаныңа жақын жүреді екен, бойыңа тез сіңіп алады. Таразының бір басында зиянды заттар тұса, екінші басында отбасы тұрады. Өкінішке орай тәуелділік отбасыңды таңдауға мұрша бермей, зиянды әдеттерге қол создырады. Тәуелділіктің құрығына түспей, жарқын болашағымызды, жарқын етіп, өмірімізді нұрлы етейік!

Бұқаралақ ақпарат құралдарынан есірткінің зиянды жақтарын көбірек көрсетіп, зиянды заттарды насихаттайтын жарнамаларды алып тастау керек. Салауатты өмір салтын насихаттайтын жарнамалармен ауыстырылса деймін.

Достарым! Өз шығармамды аяқтай келе өзім сияқты құрбы-құрдастарыма айтатыным: « Салауатты өмір салтын ұста. Денсаулық-бұл байлық. Есірткі бұл өлім, одан алыс жүрсең, ұзақ өмір сүресің. Ертеңіңді ойласаң – есірткіге жолама.


Сондықтан осы бастан есірткіден бойымызды аулақ ұстайық!

№35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің 5 б сынып оқушысы Амина Толенованың  ата анасы,
Гүлнұр Жүсіп
18 ақпан 2021 ж. 289 0