ЕСТІ ЖАУЛАҒАН ЕСІРТКІ ЕЛДІ ЖАУЛАЙ АЛМАЙДЫ
1987 жылы 7 желтоқсанда БҰҰ-ның Бас Ассамблеясына мүше мемлекеттер есірткіден бас тартып, азат қоғам құру мақсатында 26 маусым халықаралық нашақорлықпен күрес күні ретінде атап өту туралы шешім қабылданды.
Қазіргі таңда нашақорлық – бүкіл әлемді алаңдатып отырған қауіпті дерт. БҰҰ жанындағы Есірткі және қылмысқа қарсы күрес кеңесінің мәліметіне сүйенсек, дүниеде кемінде бір рет болса да есірткі қолданған кісілер саны 155 миллионнан 255 миллионға (15-16 жас аралығындағы жасөспірімдердің 3,5 немесе 7 пайызы) жетіп артылады. Кез келген транзиттік ел ерте ме, кеш пе, бәрібір есірткі заттарын тұтынушы елге айналады. Ресми деректер бойынша тәуелсіздік алған жылдары елімізде 10,5 мың нашақор тіркеуде тұрса, кейін бұл көрсеткіш еселеп 38 мың, кейін 50 мыңға жеткен. Әрбір үшінші нашақор тіркеуден қашады. Денсаулық сақтау министрлігі еліміздегі нашақорлардың нақты саны 250 мыңнан асып түседі деген деректер келтірген болатын. Ал ғылыми дерек көздері бұл санның одан әлдеқайда көп екенін айтады және олардың есептеуінше еліміздегі нашақорлардың саны 500 мыңнан асып кеткен. Әлемде есірткі өсірумен, өңдеумен және сатумен айналысатын елдер жетерлік. Соның ішінде Ауғанстанды айтпау мүмкін емес. Ресми деректерге сәйкес, жыл сайын тек Ауғанстан есірткісінен жүз мыңға жуық адам өмірлерімен қош айтысады. Ауғанстанның өзінде есірткінің бірнеше түрі өсіріліп, оны әрі қарай өңдейтін 400-ден астам зертхана бар.
Елбасы өзінің «Қазақстан 2030: Барлық қазақстандықтардың әл-ауқатының артуы, қауіпсіздігі және хал-ахуалының жақсаруы» атты халыққа жолдаған жолдауында: «Есірткіні жеткізгені және таратқаны үшін қатаң жазалау қажет» деген болатын.
Есірткіні үнемі пайдаланудың соңы – өлімге әкеліп соқтырады. Сонымен қатар СПИД дертіне шалдықтыратын бірден-бір жол. Осыған байланысты «Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық-іс жүргізу кодекстеріне және Есірткінің заңсыз айналымы аясындағы жауапкершілікті күшейту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының әкімшілік құқықбұзушылықтары жөніндегі кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы әзірленіп, қабылданған болатын.
Бүгінгі күні есірткі мәселесі жайлы толғанбайтын адам жоқ. Әсіресе, қазіргі кезде жастар мен жеткіншектер арасындағы есірткі мәселесі аса күрделі мәселе болып отыр. Бұл нәубеттің әрбір үйге, әрбір сыныпқа, әрбір отбасына енуі мүмкін – қажетті шараларды дер кезінде қабылдауымыз қажет. Статистикалық есептерде – бұл көрсеткіш, ал адами тұрғыда – бұл тірі жанның өмірі. Солардың әр қайсысына барлығымыз бірлесіп, ұстаздар мен дәрігерлер, ата-аналар және жеткіншектердің өздері де қолғабыс ету керек. Жақында аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен есірткі бизнесін тоқтату, алдын алу шараларын жүзеге асыруға байланысты арнайы жиын өтті. Онда Үндеу қабылданды. Демек, қоғамды алаңдатып отырған, елге зор қауіп төндіріп отырған есірткіге қарсы күресте ешкім бей-жай қала алмайды.
Айдана МАРАТҚЫЗЫ