Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кітапхана – оқырман құтханасы

Кітапхана – оқырман құтханасы

Сан ғасырлы шежіре толқыны өз қойнауына ел тарихын қатпарлап көне мұраға айналдыруда. Ұрпақтан-ұрпаққа көздің қарашығындай рухани азықты сақтап, том-том болған кітапты киелі орын – кітапхана қорына жинап отырған кітапханашылардың еңбегі зор.  Ауданда кітапхана ісін ілгері дамытып, кітапханашылардың мәртебесін, осы саланың келелі мәселелерін көтеріп келе жатқан білікті басшы Гүлстан Нұржакиеваның ерен еңбегі көпшілікке үлгі. Орталықтандырылған кітапхана жүйесіне 27 жылдан бері басшылық жа­сайтын өз ісінің майталманы, «Үздік мәдениет қызметкері» атағының иегері рухани орда­ның бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы әңгімелейді.

– Гүлстан Сансызбайқызы, адам­ға рухани азық беретін кі­таптың қасиетін ауданда Сізден артық сезінетін кісі кем де кем болар. Жалпы, Сіз үшін кітап әлемі, мәдениет пен өнер қандай ұғым бе­реді?

– Кітап – уақыт пен кеңістіктің тынысына толы адамзат ойының жемісі, қоғамның мәдени күшін дамыту құ­ра­лы, қайнар бұлағы екенін айтудан жа­лықпаймын. Мәдениет пен өнер ұлы болмайынша ұлт ұлы болмайды. Тәу­ел­сіз еліміздің жастарының мәдени-танымдық қабілетін қалыптастыратын орта – кітапхана. Кітап оқитын адамды нағыз мәдениетті адам дер едім. Аудан орталығында еңселі ғимаратта орналасқан кітапхана  әрбір адамның бо­йына рухани күш, ойына серпін, қа­білетіне таным береді. Кітапхана табал­дырығынан аттаған бойда басқаша әлем­ге енгендей сезімде болатыны да оның киелілігінде. Сөрелерге жайғасқан ұлы тұлғалардың өмірлік азығы болған мұрасы – кітаптың қасиетінде деп ойлаймын.

Ал кітапханашы мамандығы тура­лы бір ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес. Қызығы мен қиындығы мол кі­тап­ханашылықтың көпшілік біле бер­мейтін, көзге елене бермейтін, бірақ дү­йім оқырманның кітап жайлы толық мағлұмат алу үшін жан-тәнімен беріліп қызмет жасайтын маман деп айтамын. Кітапханашы қыз-келіншектердің еңбегі ұшан-теңіз. Олар қасиетті қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып келеді. Кі­тапханашылар ең абыройлы мамандық иесі. Кітапханашының жұмысы жарқын жаңалықтарға қызығудан басталады.

– Өзіңіз басқарып отырған орта­лық кітапхананың тарихы туралы айтсаңыз. Тарих қойнауына ке­тіп бара жатқан жылдар Сіз үшін несімен қымбат? Сізге осы ма­ман­дықты таңдауға не себеп болды?

– Орталық кітапхананың тарихынан бастасақ, кітапхана 1938 жылы «Қызыл отау» негізінде ашылған. 1952 жылы аудандық мәдениет бөлімі жанынан аудандық кітапхана болып қайта құрылды. 83 жылдық тарихы бар қасиетті де киелі шаңырақ аудан халқына, кітап сүйер қауымға қалтқысыз қызмет жасауда. Осындай шаңырақтың астында қызмет етіп келе жатқанымды мақтанышпен айтамын. Себебі, күн сайын орын алатын жаңалыққа толы сәттер, яғни жаңа келген газет-жорнал, жаңа кітаптар және күн сайын осында келіп кітап алып жатқан оқырмандар легі кітапханадан толастамайды.

Кітапханашылық қызметті қырық жыл­­ға жуық атқарып келе жатқаным, оның 27 жылында басшы болғаным – жауапкершілік жүгін арттыра түскені сөз­сіз. Кітапхананың киелі де құтты ша­ңырақ екенін сезінудің өзі үлкен бақыт. Мамандығымды мақтаныш етемін.

Еңбек жолым 1982 жылы Алматы қыздар педагогикалық институтының кітап­ханашы-библиограф мамандығын бітіріп келгеннен басталды. Алғашқыда әдіскер, кітапханашы ретінде теория­лық даярлығымды күнделікті жұмыс тәжірибесімен ұштастырып, ізденіс ар­­­­­­қы­лы мамандығымның қыр-сырын мең­­­гердім. 1994 жылдан бастап, кі­тап­­хана жұмысына басшылық жасап келемін. Маман ретінде кітапхана жұ­мысына оң өзгерістер енгізуде барынша күш-жігерімді жұмсадым. Аудан кітап­ханаларының материалдық-тех­ни­калық базасын жақсартып, кітап­­ханалар жұ­мы­сын озат тәжірибеге айналдыруға күш салдым.

Нәтижесінде, аудан халқына рухани азық беретін кітапханалар жүйесі игі ісінің ұйытқысы болып, халыққа мәдени қызмет көрсетуде жоғарғы көрсеткішке жетіп жүрміз.

– Кітапхана жұмысын үйлес­тіруде жаңашылдыққа бет бұрыс басталғанынан хабардармыз. Кі­тап қо­ры мен оқырмандар, сала­ны цифрландыруға көшіруде атқа­рылып жатқан жұмыстар мен жобалар жайлы айтсаңыз?

– Орталық кітапхана қорында бү­гін­де 428073 кітап бар. Оның қазақ тіліндегісі 251518 дана. 15 мыңға жуық оқырманымыз бар. Кітап берілімі 89679. Өткен жылы кітапхана 5106 жаңа әде­би­ет­термен толықты. Бұл алдыңғы жылдан 636 кітапқа артық.

2012 жылдан бері сандық форматқа көшіру жұмыстары басталды. Бүгінде 2570 кітапты оқырмандар сандық негіз­де оқи алады. Сонымен қатар кітап қоры электронды каталог қорына түгел енді. Бұл екі көрсеткіш бойынша облыста алдыңғы орында екенімізді атап өткеніміз жөн.

Елдегі пандемия жағдайына байланысты кітапханалардың барлығы қашық­тан оқырмандарына қызмет көрсетуде. Онлайн форматта оқулар, бейне роликтер, виртуалды көрмелер, шолулар, байқаулар мен сайыстар, таным мен тәрбие сағаттары өтуде. Мәдени шаралар әлеуметтік желі арқылы жарияланып, ақпараттандырылуда. Осы күнге барлығы 532 шара өтті.

Сондай-ақ кітапты әр оқырманға электронды арқылы жеткізуде кітап­ханашылар қызметтің қолжетімділігін арттыруда қызмет етіп келеді. Сұра­ныстарды карантин уақытында жедел орындау мақсатында «Кітап бар жерде – рухани өмір бар» атты жоба аясында кітапхана қызметкерлері әр аялдама жолаушыларына мобильді қосымшаның көмегімен ұнаған кітапты электронды нұсқада жүктеуін тегін қосымшаларын пайдаланып, таңдалған кітаптарын оқу­ға шақыруда. Мұнан басқа «Кітап қорын бірге жасаймыз», «Дуалы ауыз бабалар қасиеттері», «Менің өлкем, менің мақтанышым», «Дауыстап оқу», «Отбасымызбен кітап оқимыз», «Жұл­дызды сәт», «Ертегімен есейдім» жобасы, «Инабат» қыз-келіншектер клубы, «Фантазия» үйірмесі тұрақты түрде оқырмандарымен қауышуда.

– Кітапханада осыдан бірнеше жыл бұрын «Коворкинг» орталы­ғының ашылуының куәсі болғаны­мыз бар. Қазіргі кезде бұл орталық қаншалықты сұранысқа ие?

– Жоғарыда мен кітапхана ісі мамандарының жақсы жаңалықтарға жаны құмар екенін атап өткен болатынмын. Осы ретте «Қазақстан кітапханалары» жобасы аясында 2018 жылы орталық кітапханада «Коворкинг» алаңының ашылуы бізді қуантты. Кітапхана кітап оқу орны ғана емес, жастардың жиі бас қосатын нағыз білім орталығына айналды. Қазір орталықта ауданның белгілі кәсіп иелері немесе қолөнер шеберлері осында шеберлік сыныптары мен түрлі кездесу өткізеді. «Коворкинг» аудандағы 13 елді мекендегі кітапханаларда ашылды. Осында келушілер өзінің сүйікті ісімен айналысып, шығармашылық, интеллектуалдық әлеуетін арттыруға мүмкіндік алады. Бір сөзбен айтқанда «Коворкинг» орталығы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан жұмыстың маңыздысы дер едім.

Сонымен қатар қолдағы бар мүм­кіндікті пайдаланып, электронды зал аштық. Мұнда «Вертуал» компьютерлік сауаттылыққа үйрету курсы жұмыс жасайды. Аталған курсқа үйде бала тәрбиесімен айналысып отырған, жұмыссыз жас аналар да қатысып, ІТ технологияларды еркін пайдалануға дәріс алды.

– Облыстың мәдениет саласында өзіндік орнын қалыптастырған орталық кітапхананың жеткен жетістігін айтып тауысу мүмкін болмас. Дегенмен ең маңыздыларына тоқтала кетсеңіз?

– Ең басты жетістігіміз – ол оқыр­мандарымыз. Сонымен қатар біз кітапхана ісін дамыту, кітап оқуды насихаттау, кітапхана ісінде жаңа инновациялық технологияларды енгізу, ақпараттық ресурстарды қалыптастыру мақсатында аудандық кітапханада «Кі­тап­хана жұмысында жаңа ақпа­рат­тық технологияларды қолдану» тақырыбында облыстық семинар өткі­зіп, заманауи кітапхана екендігімізді көрсете білдік. Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылған «Рухани қазына – 2019» республикалық байқауына қатысқанымыз үшін ҚР Мәдениет жә­не спорт министрінің «Алғыс хатымен» марапатталдық. Осы фестивальде «Заманауи кітапхана» аталымымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Ү.Мұңалбаеваның қолынан «Диплом» алдық. Жемісті болған жыл ішінде «Заманауи оқырманға – зама­науи кітапхана» атты номинациясын иелендік. Барлық марапат үлкен ұжым­ның еңбегіне берілген лайықты баға, ұзақ жылғы еңбегіміздің жетістігі деп білеміз.

– Әңгімеңізге рахмет. Еңбе­гіңізге абырой тілейміз.

Сұхбаттасқан Бибісара ЖАНӘЛІ



13 ақпан 2021 ж. 2 371 0