МОДЕЛЬДІ КІТАПХАНАНЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ
Адам баласының жол бастар ақылшысы, ұлт руханиятының қайнар бұлағы кітап- асыл қазына. Кітапсыз қоғамда, білім де, мәдениет те болуы мүмкін емес. Ғасырлар бойы жинақталған мұраны келер ұрпаққа жеткізуші, уақытпен санаспай санаға рухани байлық сыйлайтын – кітап ғылым мен білімнің жаршысы.
Қазіргідей жаңа технология қарыштап дамыған кезде дәстүрлі кітапханалық қызмет көрсетумен қатар, күнделікті кітапхана қызметінде ақпараттық технологияларды белсенді пайдалана отырып, жаңа инновациялық технологияларды енгізу, іске асыру мақсатында кітапхана қызметкерлері қызмет көрсету аясын жаңаша үлгіде қамтамасыз етуге ұмтылуда. Қазіргі таңда аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты 15 ауылдық кітапхананың 14-і жаңа технолгиялармен жабдықталған заманауи үлгідегі « Модельді ауылдық кітапханалар» мәртебесіне ие. «Модельді кітапханада» оқырмандар ғаламтор желісімен арнайы бағдарламалар арқылы соңғы уақытта жарық көрген кітаптарды электронды нұсқада оқи алады. Бұрнағы күні №2 филиал кітапханасы «Модельді кітапхана» атанып тұсау кесері өтті. Шараны мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Е. Утебаев ашып, кітапханашы К. Бодыбаеваға «Модельді кітапхана» мәртебесін иелену құқығын дәлелдейтін сертификат тапсырды. Өз кезектерінде ауыл ардагерлері мен тұрғындар ғаламтор желісіне кіріп бір мезетте, заманауи кітаптарды оқуға мүмкіндік алатындықтарына қуаныштарын білдіріп, алғыстарын айтты. Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Г. Нұржакиева шараны қорытындылап, ауыл игілігіне айналған жаңа үлгідегі кітапхана жұмысына тілектестігін білдіре отырып, жаңа ақпараттық технологиямен жабдықталған кітапхананың оқырмандарының көбейе беріне тілектестігін білдірді.
Б.ЖАНӘЛІ