Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Көше кітапханасы ашылды

Көше кітапханасы ашылды


Рухани даму үдерісінің бір құрамдас бөлігі саналатын кітап оқу және кітап алмасу арқылы халықтың жан дүниесін байыту аясында Сырдария аудандық орталықтандырылған кітапханасының ұйымдастыруымен қанат қақты жобаны іске асыру мақсатында «Көше кітапханасы» ашылды.
Кітап – тәрбие құралы. Мұның маңызы қай уақытта да, қай қоғамда да алдыңғы орында. Ауданда көпшілікті жан азығы – кітап оқуға тарту мақсатында ұйымдастырылған көше кітапханасы кітап оқушыларына қызметті одан әрі жетілдіруге байланысты жасалып отыр. Алғашқы болып ашылған көше кітапханасы кітап сүйер оқырмандардың назарын бірден өзіне аударып, қызығу­шылығын арттырды. Бұл рухани жаң­ғыру шарасының ашылу салтанатына аудан ардагерлері Мектепхан Елеусінов, Райымхан Шерімбетов, Алмас Әбдреиев қатысып, өздері сүйіп оқыған кітаптарын көше кітапханасына тарту етті. Жиында М.Елеусінов студенттік кезінен естелік айтты.
– Алматы қаласында оқып жүргенде букинистік кітапхана бар еді. Онда ескі кітаптар арзан бағаға сатылатын. Оны жұрт іздеп жүріп оқушы еді. Бүгінгі көше кітапханасынан соның іздерін көріп тұрмын. Мұнда кітапты кез келген адам көшеде кетіп бара жатып та алып оқуына болады. Бұл кітапхананы оқырмандарға жақындату әдісі, – деді ардагер. Уақыт пен кеңістіктің тынысына толы адамзат ойының жемісі, парасаттылықтың негізі саналатын кітап оқуға ардагерлер аудан тұрғындарын, жастарды шақырды. Көше кітапханасының сөресі аудан орталығындағы Қонаев көшесінде орналасқан. Алдағы уақытта аудан тұрғындары өздері ұнатқан кітаптарын оқуға, алып кетуге болады және кейін қайтарып немесе орнына басқа кітаппен ауыстырып оқуына да болады. Көше кітапханасының жұмыс уақыты шектеусіз, демалыссыз.
– Біз кітап оқумен рахаттанатын және өмір бойы кітап оқуға талаптанатын оқырмандарды қолдаймыз және де қошеметпен қарсы аламыз, – деді жиын қорытындысында кітапхана директоры Гүлстан Сансызбайқызы.
Көше кітапханасы ауданның кітап­хана жүйесіндегі соны жаңалық. Оқыр­мандарды көше кітапханасынан кітап алып оқуға шақырамыз.
ШаҺарбек НҰРСЕЙІТОВ
31 қазан 2018 ж. 2 561 0