Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бала – отбасы бақыты

Бала – отбасы бақыты

Сәби сүю бақыты – анаға Тәңірден берілген сыйдың ең кереметі. Ана бақытын сезіну жүректі нұрға бөлеп, айнала мейірімге толады. Құрсағындағы бала жүрегінің дүрсілін естіп, шақалақтың өмірге келуіне себепші болатын ата-ананың бар арманы – перзентінің өскенін көріп, дұрыс тәрбие беру.

Тал бесіктен бастау алатын өмірдің иесі ретінде жер бесікке дейінгі аралықтағы кезеңде ұрпағыңа жақсы тәрбие берсең, одан асқан абырой да болмас, сірә?! Ұлт тәрбиесінде де ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрдің бірі – отбасында балаға жақсы тәлім-тәрбие беруге негізделеді.

«Отбасы – ұлағат ұясы». Ата-ана жанұяда өз баласын мейірім мен махаббат қамқорлығына алып, бағып-қағады. Бар дәмдісін, тәттісін баласының аузына тосып, қызғыштай қорғап, өсіреді. Қазір қоғамның дамуымен тепе-тең келе жатқан жақсы бір үрдіс қалыптасты. Яғни, баланы ештеңеден тарықтырмай өсіру. Сондықтан қазір балада барлығы бар десек артық айтқандық болмас. Қалауының бәрі орындалып жатырғаны рас. «Баламды ешкімнен кем етпеймін, ештеңеге зәру болмай өседі» дегенде кейде тым әсірелеп жіберген жоқпыз ба деген ой келеді. Себебі, жұмысбасты болып кеткен үлкендер жағы баламен тығыз қарым-қатынас жасаудың орнына қалауын орындап, қателік жіберіп жатқанымызды кеш түсініп жататынымыз тағы бар. Мұны мойындамауға болмас. Ата-ана балабақшадағы тәрбиешіге сеніп немесе бала тәрбиесін мектептегі ұстаздарға ысырып тастап жібергенін кеш түсініп қалмаса игі.

Психолог пайымы: бала еліктегіш келеді

Бірде үйдегі балалармен дастархан басында отырып, ашық әңгіме басталып кеткенін де білмей қалдық. Үлкеніміз биыл мектеп бітірудің алдында тұр. Күндіз-түні сабағына дайындалып жүрген баламыздан ештеңені аямайтынымызды айтып әлекпіз. Мақсатына жетуге талпынып, барын салып жүрген баламыздың бет алысына да қуанып қаламыз. «Сынақтан тәуір баға алдым» дегенде марқайып қаламыз. Ал кейде төмендеп кетсе, келесі жолы жақсы болатынын айтып, арқасынан қағамыз.

Әрине, өсіп келе жатқан жасөс­пірімнің ойында қазір небір сіз бен біз­дің ойымызға келмейтін нәрселер бар. Олардың мақсаты жаңаны үйрену, жаңа­лық ашуға талпыну. Алдына ең биік межені қойып алып, соған жету жолында шамадан тыс әрекеттеніп жатқанын көзіміз көріп жүр. Мектептен тыс ұстаздардан алған білімдерін өз бетінше жетілдіріп жататыны қуантады. Үлкен еңбекпен келетін жетістікке жетуге қолдау білдіру әрбір ата-ананың міндеті екенін түсінеміз. Себебі, кез келген ата-ана баласының болашағынан үміт күтеді. Баласының жаман болғанын қаламайды. Оның жаман әрекетін жасы­рып, жақсысын асырып жататыны да бар. Дегенмен, қатаңдық танытып, талап қоюды да естен шығармаған жөн. Ар­тында қадағалау мен бақылауы бар еке­нін сезінген балаңыз жамандықтан бо­йын алшақ ұстауға тырысатыны анық.

– Бала көргенін істейді. Отбасындағы ата-анасынан көрген білгенін айна қатесіз қайталайтын да бала. Алдымен ата-ана өзінің тәрбиесіне көңіл бөлгені жөн. Мысалы, әкесі жағымсыз әрекет жасап, темекі тартып, ішімдік ішсе, былапыт сөз сөйлесе, баланың бойына да жағымсыз мінез қалыптастырады. Ал керісінше, балаңызбен бірге ой бөлісіп, қандай да болмасын тірлікті бірге ат­қаруға тырыссаңыз мүлде басқаша болады. Мысалы, ағаш егу, үй ауласын тазалау, бұлақ көзін ашу сияқты тамаша еңбек сіздің перзентіңізге деген махаббатыңызды арттыра түсумен қатар, отбасының ауызбірлігін нығайта түседі. Тәрбиенің бастауы – отбасы екенін ата-бабамыз ежелден айтып кет­кен. Сондықтан, балаңыз әдепті, тіл­алғыш, елгезек, ұқыпты болып өссін десеңіз тәрбиенің бастауына мән берген жөн.  Психолог ретінде айтарым әрбір ата-ана баласы үшін ең маңызды кезеңде қасынан табылып, барлық қиындықты бірге шешуге тырысып бағу керек. Әр бала жеке тұлға. Баланың ойымен санасу – дұрыс тәрбиенің бір тармағы. Жалпы, армандау арқылы мақсатын айқын еткен дұрыс, – дейді психолог Жазира Өтепбергенова.

«Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей ба­ланың тәрбиесіне ата-ана ортақ іс деп қарап, жауап­кершілігін бірдей сезінсе, нұр үстіне нұр болады.

Тұңғышқа ерекше ықылас

Ата-анының көз қуанышы оның ұрпағы, өмірінің жалғасы. Әсіресе, тұң­ғыш перзенті дүниеге келгенде ерекше қуанып, шаттанатыны рас. Күнделікті көңіл-күйі, ішкен тамағы, ойнағаны, алғаш айтқан сөзі мен тәй-тәй басқан қадамы барлығы ата-ананың есінде қалып, қуаныш сыйлайды. Өсе келе артынан ерген бауырларына үлкен екендігін білдіртіп, оларға бас-көз болуға үйретесіз. Қазақы дәс­түрімізде тұңғыш балаларын «атасы мен әжесінің баласы» деп қызғыштай қорғап, көбіне жұмсамауға тырысады. «Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» деп тәуір нәрсені соның алақанына тосады.

Үйдің үлкен баласын ата-әжесінің бауырына басу деген дәстүр қазір де бар. Көнеден келе жатқан дәстүрді қазіргі жастар жақтыра бермейді. Сон­дықтан болар ата-әжелері де қарсы кел­местен «өз баласы өзіне» деп жатады.

– Ата-анамның тұңғышы екенімді ес біле білдім. Өте қиын екен. Қартайған әжем бір күні: «Қызым, мені қашанғы жүреді дейсің. «Есің барда еліңді тап» деген. Ата-анаңа баруың керек. Олар сен үшін ештеңесін аямайды. Оларға қатты сөз айтпа, «кемпірдің тәрбиесі» деген сөзді жақсы жағынан естігім келеді. Сенің ата-анаң ағаң мен жеңгең» дегенде аспан айналып жерге түскендей болды. Еріксіз көзімнен аққан жасты тоқтату қиын болды. Ұзақ жыладым. Әжемнен айрылғым келмеді. Қайта-қайта құжатымды көрсетуін сұ­­­рап, әлек болдым. Сенбеймін деп өксідім. Өз отбасыма барғанымда бір жылға дейін ата-анамды атымен атап, бауырларыма қосыла алмай қиналдым. Уақыт өте бәрі жақсы болды. Сонда түсін­генім, ешкім өз баласын ешкімге бер­месе екен деген ой санамда әлі күн­ге дейін жаңғырып тұр. Қазір, шүкір өз үйіріме қосылып, бауырларыма бас-көз болып, ата-анамның мейіріміне бөлендім, әжемнің аманатына қиянат жасамай, әке-шешемді мойындадым, – дейді әріптесім Айдана Маратқызы.

Ортаңғы бала – қамқорың

Үйдің шаруасын дөңгелетіп әкететін ортаңғы бала екенін кейде аңғармай жататынымыз бар. Сондықтан арасында баланы мадақтап, сыйлық әперіп көңіліне қуаныш сыйласаңыз, ортаңшы балаңыз да ата-ана махаббатын сезінеді. Өзінен үлкенге аға деп қарап, кейінгісіне қамқорлық танытатын балаңыздың шын мәнін­де еңбексүйгіштігіне марқайып қаласыз. Бұл да өмірден алынған шындық. Оған алып қосарыңыз болса, мархабат.

– Менің ортаңғы балам өте бауырмал. Үйдің тір­лігіне икемі бар. Барлығын жылдам, әрі тыңғылықты атқаруға тырысады. Сабағына да үлгіріп, ата-ана­сының қолқанаты екенін біледі. Айрықша «маған мынаны әпер, менің анауым жоқ, менің мынауым жоқ» дегенді айтпайды. Барды қанағат етіп, өзін жақсы жағынан көрсетеді. Өзім де ата-анамның ортаншы қызы болғаннан кейін, әпкемнен қалған киімді киіп өстім. Соңымнан ерген сіңліме қамқорлық көрсетіп, үнемі оған үлгі болуға тырысатынмын. Қазір отбасымызда да сондай қағида қалыптасқан. Балалар бір-біріне қамқор, бос уақытымызды бірге өткіземіз, – дейді көп балалы ана Майра Қожақова.  

Кенже бала немесе «Тәттібек»

Қыз-келіншектердің басы қосыла кетсе, әркім өз баласының қылықтарын айтып әлек. Әсіресе, кенже баланың тәтті қылықтарын айтып тауысу мүмкін емес. Оның жасаған іс-әрекеті мен бұзықтығын қалыпты жағдай деп қабылдап, солай болуы тиіс деген оймен санаңды жеңесің. Еркеліктің түр-түрін көрсететін балаңды да неше түрлі етіп еркелетесің.

Марқұм енем жеті перзент сүйген батыр ана. Өмірден көргені мен түйгені мол ана өмір бақи кенжесін атымен атамай Тәттібек деп кетті. Қартайғанда туған баласын ерекше жақсы көріп, «Шүкір балаларым жетілді, үйлі-баранды болды. Ендігі арманым Тәттібегім үйленіп, бір-екі қарадомалағын көрсем, арманым жоқ» дейтін. Былтыр аяулы анамыз дүниеден өтті. Арманына жетіп, көзі тірісінде Тәттібегі үйленіп, немере сүйді. Біздің де тілегіміз ардақты анамыздың жолымен жүріп, балаларымызға жақсы тәрбие беріп, олардан немере-шөбере сүю.

P.S. Бірде сабақтан келген балам жалма-жан мойныма асылып, «Менің анам ең әдемі, мейірімді» деп бетімнен «шөлп» еткенде, «Құлыным, балапаным, жұл­ды­зым, жарығым» деп балам­ды құша­ғыма алып, бетінен сүйіп, иіскедім. Сонда біріншіде оқитын балам:

– Мама, бүгін ұстазымыз «сендерді аналарың қалай еркелетеді» деп сұра­ды бә­рімізден, – деп, асыға сөзін әрі қарай жалғастырды. – Мені анам құлын­шағым дейді, себебі мен жылқы жылы дүниеге келдім. Жарығым дейді, себебі мен үйге келгенде үй жарық боп кетеді, балапаным дейді, себебі мен үйдің кішкентайымын» дедім.

– Сонда сен бәрінің себебін айттың ба, қалай? – дегенімде.
– Әрине, ең әдемі сөздер айтылғанда оның себебі болуы керек ғой, – деп үл­кен адамдарша бізді бір күлдіргені бар.
Балаларыңмен өткізген әрбір қуа­ныш­ты сәтті бағалап, олардың ер жет­кен­де өзіңе деген шынайы махаббатын сезіну үшін ата-анаға көп нәрсе керек емес. Бастысы, өзіңнің дұрыс адам болуың және балаңа бар жағынан үлгі болсаңыз болғаны, өмі­ріңіз баянды да мағыналы болады. Адам­гершіліктің таразысы – ақыл мен еңбек екенін ұғындырып, өсірсеңіз, тәр­биенің шыңына жеткеніңіз. Шәкәрім Құдайбердіұлы айтқандай: «Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа негіз бола алады. Олар барлығынан басым бола­тын адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жү­рек. Бұл саналар адамды дүниеге келген күннен бастап тәрбиелейді» деген.

Ұрпағыңыздың жалғасы – балаңыз­дың тәрбиесі өз қолыңызда. Балаларымыз ата-баба салтынан аттамай, оны құрмет тұтып, Отанына адал болып өскенін көруді жазсын деп тілейік.

Бибісара ЖАНӘЛІ 




13 ақпан 2021 ж. 2 098 0