Бала тәрбиесіндегі ең үлкен 5 қателік
Баланы өмірге әкелген соң оған жақсы тәрбие беріп, азамат етіп өсіру – әрбір ата-ананың міндеті. Бала тәрбиесі, әрине, айта салып, істей салатын оңай шаруа емес. Оған әке-шешенің қаншама еңбегі, сабырлылығы мен төзімділігі қажет. Бұл тұрғыда бала тәрбиелеуде келесі қателіктерге көбісіміз бой алдырып жатамыз:
1. Дөрекі болу.
Үнемі дауыс көтеріп, жекіп, ұрса беру баланы тәрбиелеуде көмектесетін әдіс емес, керісінше, баланың мейірімсіз болып өсуіне, күнделікті айғай-шуға дағдыланып кетуіне жол ашады. Сондықтан ешқашан ашуыңызды баладан алмаңыз.
2. Өзге балалармен салыстыру.
Көп ата-ананың «ана жұрттың баласын қарашы» деп жатқанын естіп жатамыз. Оны естіген бала өзіне деген сенімділігі жоғалып, өзін-өзі төмен санап, тіпті өзгелерді көреалмаушылық сезімі пайда болады.
3. Алдымен өзіңізді тәрбиелеңіз.
Бала шыр етіп дүниеге келгеннен ата-анасын көріп өсетіндіктен сіздің іс-әрекетіңіз, әдетіңіз, қылығыңыз, тіпті сөйлеген сөзіңізге дейін қайталайды. Ата-анам солай жасап жатыр, демек сол дұрыс деп ойлайды. Ата-ана бала үшін идеал. Сондықтан ең алдымен өз-өзіңізді тәрбиелеуге тырысыңыз.
4. Баланы сыйлай біліңіз.
Балаға тек балаңыз ретінде емес, адам, азамат ретінде қарап, оның ой-пікірімен санасып, адами құқықтарын сыйлай біліңіз.
5. Мінсіз болуын талап ету.
Әр адам – қайталанбас тұлға. Кез келгеніміз қателік жасаймыз. Сондықтан бір қателік жасап қойса, оған түсіністікпен қарап, жанашырлық таныта біліңіз. Қатаң тәртіп орнатып, бала отыр десе отырып, тұр десе тұру керек деген ойдан аулақ болыңыз. Балаға мейірім мен жылулығыңызды төккен сайын ол да жапырақтары жайқалып, мәуелі ағаштай жемісін төгері анық.
Пікір 2