Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » БАЛАҒА ОТБАСЫНДАҒЫ САН ТҮРЛІ ФАКТОР ӘСЕР ЕТЕДІ

БАЛАҒА ОТБАСЫНДАҒЫ САН ТҮРЛІ ФАКТОР ӘСЕР ЕТЕДІ

Халқымыздың сан ғасырдан бергі даналығына құлақ ассақ, адамның бақыты – балада деген екен. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өзінің зарыға күткен перзенті дүниеге келгендегі тебіренісі әр адамның ұрпақ сүйгенде бастан кешіретін сырлы сезімін бейнелегендей.
Иә, Алла көрдім бе, көрмедім бе?!
Иә, Тәңірім, бердің бе, бермедің бе?!
Шырылдаған үніңнен айналайын,
Шыныменен өмірге келгенің бе?!
Қызым болсаң – қырымда құралайсың,
Ұлым болсаң – ұлы бір мұрадайсың.
Естисің бе, есі жоқ, ей, дүние,
Менен неге сүйінші сұрамайсың?!
Иә, ақын толғанғандай, күллі әлем сүйінші сұрайтындай қуаныш қой бұл. Біреу бақытын байлықтан тапқысы келсе, екінші біреуі даңқ пен атақтан, мансап пен қызметтен іздестіреді. Ал мұның барлығы түсінген адамға түптің түбінде қолдың кірі. Шын мәнінде, адамға нағыз бақытты – өзінің ұрпағы ғана сыйлай алады. Бала шыр етіп дүниеге келгеннен кейін оның ата-анасының алдында өмір бойғы міндет тұрады. Ол – ұрпағының алдындағы ата-аналық парыз. Ата-аналық міндеттің ең бірінші қағидаты – бала тәрбиесінен басталады. Өсе келе бала қандай да болсын жоғарғы оқуларды оқығанымен, оның ең алғашқы ұстазы – ата-анасы. Сәби үшін отбасынан, үй ішінен асқан тәрбиеші жоқ. Барлық пен байлық арқылы ұрпағымды бақытты етемін деген ең үлкен қателік. Өйткені, балаға материалдық байлықтан гөрі рухани байлық өмір бойы азық. Күні бойы күйбең тіршілікпен жүріп, балаға мүлдем көңіл бөлмейтін де, өз машақатымен жүріп балаға тәрбиенің керек екенін ұғынбайтын да, ең бастысы тәртіп деп балаға қатал қарайтын да, қазіргі балаға ұрсуға болмайды деп бетінен қақпайтын да, менің жиған-тергенім балама жетеді деп қалтаға сенетін де ата-аналар жоқ емес. «Баланы жастан» деген, бала тәрбиесі бесікте жатқаннан бас­талуы керек. Бала үшке толғанда «болады» мен «болмайдыны» ұғынуы шарт. Тәрбиені бес жастан бастаймын дейтіндер де бар. Бес жастан қазір мектепке барады. Сонда мектепке келгенде бала өзіне не істеуге болатынын және не істеуге болмайтынын ажырата алмаса одан не үміт, не қайыр?!
Мектепке барады, барлығын сол жақта үйреті деп қоя салуға болмайды. Баланы жанұяда дұрыс тәрбиелеу, оның мектепте жақсы оқуына, болашақта жақсы азамат болып шығуына үлкен ықпалын тигізеді. Үйде жазу-сызуға үйрету, өнегелі әңгіме айту сонымен қатар жеңіл-желпі үй шаруасымен машықтандырудың бала үшін тигізетін әсері зор. Бұл ретте бала біріншіден, білімге құштар болатын болса, екіншіден, ол еңбекке дағдыланады. Ал еңбек пен білім қашанда егіз ұғым екені белгілі. Бала ата-анасынан не көрсе, соны жасауға бейім болады. Ата-ананың бей-берекет айқай-шуы немесе бір-біріне деген риясыз сыйластығы балаға тікелей әсер етеді. Балалардың көзінше мейлінше жақсы іс-әрекеттер жасап, өнегелі сөздер айтып, әрдайым олардың алдында тәрбиенің озық үлгісін көрсете алғаныңыз жөн. «Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз» деген екен. Бала – болашақ. Баланы қалай тәрбиелесеңіз болашағыңыз солай болмақ. Келешектің қожасы балаларды білімді де, мәдениетті, тәрбиелі де әдепті, кішіпейіл де қарапайым етіп тәрбиелеу кез келген ата-ананың өз қолында. «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» дейді Әл-Фараби. Иә, тағылымды тәрбие қашанда болсын адамды биік етіп көрсетеді. Баланың заманына лайық азамат болып өсуі – алдымен ананың ақ сүтімен, абзал тәрбиесінің жемісі.

Айгерім ҚАНЖАРБАЕВА,
штаттан тыс тілші
20 тамыз 2019 ж. 646 0