Қосан қарияның қазыналы қоржыны
Бүгінде жетпістің бел ортасынан асып сексенді алқымдап қалған Қосан қарт жайлы ауылдастарының өздері соңғы жылдары ғана тереңірек біле бастаған сыңайлы. Оның да себебі бар. Қосекең жастықтың желігі басылмай жүрген жылдары ойын жетілдіре айтатын болғандықтан жеңгелері «Қосан қосып айтады» десе, құрдастары оны «осып айтады» депті. Берігірек келгеннен кейін баяғы жігіттік желі басылып, алқалы топқа көпті өзіне қарата отырып, ойын ойып айтатын болғандықтан, сөз мәнісін салмақтай білетіндер енді «Қосан тосып айтады» дейтін болды.
Мен де соңғы кездері Қосекеңмен көбірек жүздесіп, біраз деректі әңгімелерін қойын дәптеріме түсіріп алатын болдым. Оның бірсыпырасы баспасөз беттерінде жарияланды да. Алғашқы кездесуде-ақ ол өзінің ел тарихы жайлы бір адамдай пайымдап сөйлейтіндігін аңғартты. Мұның өзі сол жылдары аудандық мұражайға материалдар жинап жүрген мен үшін таптырмас үлкен олжа еді.
–Сәке, – деді ол маған, – Сіздің менен не туралы сұрайтыныңызды жобалап отырмын. Мен жайлы өзіңізге жұрт әлдеқашан-ақ «докладтап» қойғанынан да хабардармын. Бірақ қай жағынан жамбасқа алу мәселесі оңайға түспес. Сөз дегенің жымда жатқан қоян іспетті ғой. Шараға түскен аңшыдай із кесіп, үстінен түспесең зып беріп, жонын жалтылдата тұра қашады. Қас мергендей дәл көздей алсаң, сөздің сөлін сығып алып, діттеген тақырыбында «қатық» қыласың, яғни оқырманды тамсындара алатын мәнді әңгіме олжалай аласың. Атақты Тұрмағанбет ақын да:
Қапелімде аузыңа сөз келмейді,
Сөз келгенмен қолайлы кез келмейді.
Белгісі қартайғанның болу керек,
Бұрынғыдай лып етіп тез келмейді... – деп өкініш білдірген ғой.
Секе, бұл жерде аңшы Сізсіз, ал мендегі сөз жымда жатқан қоян. Шардан із кесіп, үстіне түссеңіз, олжалы болуыңыз ғажап емес. Әлгі қазақта «Сөзді – сөз тудырады» деген аталы сөз бар ғой... – деп әр жағын өзің біл дегендей бұлдырлау ойдың көп нүктесіне әкеп тіреп қойды.
Әрине, мұндайда сұрақ қою арқылы діттеген мақсатыңа жету екіталай. Өйткені, қатардағы қарапайым адамдардың ішкі әлемінде қордаланған рухани қазыналар тіптен мол ғой. Ол үшін дерек алушының өзінде де белгілі мөлшерде сөз тудырардай қалыптасқан жүйе болуы керек.
– Мұражай жәдігерлерін іздестірумен қатар өздерің сияқты көнекөз қарттардан Қалжан ахун сынды ғұламалардың бел баласы Уамық Мақсұм жайлы да естеліктер жинап жүрген едім. Марқұм Мешітбаев Шәкір біраз деректі әңгімелер айтқан еді. Ол Уамық Мақсұммен қатарлас әрі сырлас болған ғой. Оның үстіне Шәкір қашан өмірден өткенше Қалжан ахун мешітінің шырақшысы болды. Дегенмен, менің пайымдауымша, сен біраз нәрсе білетін болсаң керек. Себебі, Мақсұмның «бекітілген арбакеші» болғансың... – дедім.
– Оның рас, – деді Қосан. – Уамық Мақсұм осы жаққа соқса, оны құрметтеп ел ағалары мен басшылары қалаған жеріне алып баратын машина беріп қоятын. Ол кезде мен көлік жүргізушісімін. Шамасы Мақсұмның маған ықыласы ауған болуы керек, әйтеуір, өзің айтқандай мен тұрақты «арбакеші» болдым. Әттең, жастық пен мастық қосарласып, Құдай өзі жеткізген рухани қазыналардан өзімізге тиісті үлесімізді ала алмай қалдық қой... Әсіресе, Уамық Мақсұм, Сейіткерей Усабаев, Жақан Тоқсейітовтер бас қосқанда ірі ғалымдардың ортасында отырғандай сезімде болатынсың. Бірақ кезінде небір аталы сөздерді естіп жүргенмен, оларға көңіл бөліп, мән бере алмадық. Енді өкінгенмен не пайда? Алайда өздеріңе азық боларлық дүниелер табылады.
Жалпы, ахун жан-жақты білімдар кісі болатын. Мәселен, ол кісінің:
Мына жер жұдырықтай дөңгеленген,
Тәңірім оның өзін төртке бөлген.
Төртеуінің үшеуі су, біреуі құр,
Бекер деп кім айтады кітап көрген? – деуінің өзі ол кісінің ғылымнан мол хабары бар әрі ғалым, әрі ақын екенін аңғартады.
Өзінің бір баласы Мұғаммарға топырақ Меккеден бұйыратұғынын бесікте жатқанда-ақ болжап айтуы, оның білікті астролог болғанын да білдіреді.
...Жаппас руының атақты бір байы балалар оқытатын үлкен мешіт салдырып, халықтан сауап алу ниеті бар екенін білдіріп, кеңес сұрайды. Сонда ахун: «Сенің қазіргі салдырған мешітің болашақ мал қораға айналады. Сондықтан оның орнына жайқалтып тал ек. Оған ұя салған құстар да, саясын көлеңкелеген мал да, өнімін пайдаланатын адамдар да алғысын айтады. Сауап деген осы» – деген екен. Бұл – ол кісінің қоғамның даму саясатынан да мол хабардар екенінің айғағы.
Уамық Мақсұм: «Тұрмағамбет ақын:
Далада Тоқа, Торыбай, Дөсек те бар,
Көп молда екі бастан есепте бар.
Не екенін молдалықтың түсінбейтін,
Ұрандап шауып жүрген есек те бар, – деп жырлаған екен.
Сол айтқандай, қазақтың өлік жөнелтудегі дарақылығын қойдырудың орнына молдалар бас болып үдетіп барады. Осыны менің әкем де қойдыра алмай өткен екен. Мен де солай болып бара жатырмын» – деп айтып отыратын.
Бұның өзі Қалжан ахун да, оның баласы Уамық Мақсұм да дінді таза ұстауды мақсат еткенін аңғартады. Дін аста-төк шашуды жақтырмайды. Барға қанағат етуді, ұсынақтылықты, жүректің тазалығын насихаттайды.
Қалжан ахун елді (Табынның Құтым, Бұлт, Барлыбай аталығы) отырықшылдыққа бейімдеп, ағаш отырғызуды, егін егуді мықтап ендіріп, арық қаздыртады. Жүз жылға жуық уақыт өтсе де сол арық әлі күнге арнасын өзгерткен емес. «Ақын арығы» деп аталып келеді. Сол сияқты ұрлықты қойдыру, насыбай атуды тыю жөніндегі үлгілі әрекеттері айта берсе толып жатыр. Әңгімемді әрі қарай соза берейін бе, тыңдауға тек өзің жалықпасаң болғаны – деп Қосан маған күле қарап, жеңіл әзіл тастады.
– Қосан, ол әңгімелеріңнің біразы менің архивімде жазулы жатыр. Өмір болса сәті түскен кезінде жарық та көріп, атыңды жұртқа танытар, – дедім мен. – Осы сенің әңгімелерің сондай тартымды болады. Сол әңгімелерді басқалар айтса, сен айтқандай әсері болмас еді, осыны өзің аңғарасың ба?
– Мен жас күнімде кітапты көп оқыдым. Оқығандарымды ұмытпаушы едім. Соның да әсері болған шығар. Кімнен не естісем соны қаз қалпында айтуды әдетке айналдырдым. Кімге не айтсам да беріле айтамын. Мәселен, бұдан 1-2 жыл бұрын ел аузындағы әңгімелерден Жалағаш ауданында өткен облыстық байқауда мен Сәрке батыр жайлы айтқанымда өзімді дәл сол жерде батыр бабамыздың жанында тұрғандай сезініп, қызып кеткенім соншалықты «Осы мен сөйлеп тұрған сахнаның астында батыр баба мінген тұлпардың тұяғының ізі жатыр!» деп еденді тепкілегенімде тыңдармандар ду қол шапалақтады. Бұл менің асыра айтқаным емес, әсерлеп айтқаным. Өйткені, құба қалмақтармен соғыс Сыр бойында да жүргізілген ғой. Зерттегендерге әлі күнге іздері табылары хақ.
Біздің әңгімеміз бас аяғы үш жарым сағатқа созылды. Қосанның әңгімесі таусылар емес. Әңгіменің де, әңгімешінің де әр түрі бар ғой. Қосан маған бір сөзінде: «Мен әңгімені жеңіл айтатын сияқтымын. Ол өзімнің жасыма лайықты емес секілді көрінеді» деді.
Мен: «Әркімнің өзіне лайықты қимыл-әрекеті бар. Мәселе соны өз орнымен уақытында қолдана білуде. Сен сөйлер ортаңды, сол ортаға байланысты не айтарыңды білесің де, тыңдатасың. Ол өзіңе – тек Қосанға ғана жарасады. Әңгіме ақсақалдық дәуірдің табалдырығын аттаған соң соған лайықты өмір сүріп, кейінгілерге өнегелілікпен із қалдыру» – деп жауап қайырдым.
Қосанның қазыналы қоржынында құнды дүниелер әлі де аз көрінбейді. Негізі сөзге бейім адам жас күнінен-ақ көп ішінен суырылып шығып, көзге түсе бастайды. Қосан да сол ерекшеліктің төңірегінде қалыптасқандардың бірі. Оны кезінде өзімен мектепте бірге оқыған бүгінде бірлі-жарымды қалған қатарластары да реті келгенде әңгімелеп отырады. Енді солардың біріне тоқталып кетейін.
Өткен ғасырдың елуінші жылдарының екінші жартысы. Сол кездегі партияның ХХІ съезі атындағы совхоз (қазіргі Оспан Мәлібаев ауылы) «Қарақұм» қой совхозында мал төлдетіп, қырқым аяқталып, той болады. Оған ауданның бірінші хатшысы Нұрқасым Бердіқұлов қатысады. Сол заманғы қалыптасқан дәстүр бойынша тойда міндетті түрде ішімдік болуы керек және оның алғашқы тостын бірінші басшы сөз сөйлеп, алдыру керек. Жаңадан келген хатшыға бұл орайда ешкім батылы барып ұсыныс жасай алмайды. Сонда той ұйымдастырушылардың төңірегінде жүрген Қосан жас та болса жігерлілік танытып «соншама несіне үргелектенесіңдер, мен-ақ айтайын» деп былай деген екен:
– Жолдас хатшы! Сіздің ауданымызды басқаруға келуіңіз де, бүгінгі той да құтты болсын. Мен де Совет Армиясы қатарынан жаңадан келіп, шопан таяғын ұстаған жастардың бірімін. «Армияда «генерал» болсам деп армандамаған солдат – солдат емес» деген Суворовтың сөзі бар. Менің наным армиядан болмай, ауылдан болды. Шопан болдым. Шопанның да өз арманы бар. Менің арманым – Жазылбек Қуанышбаевтай болу. Соған Сіз аудан басшысы ретінде бата-тілек білдіріп, оған мына жиналған қауымды куә етерліктей лебізіңізді білдіріп, стакан алдырып қоюдың реті келіп тұрған сияқты. Бұған қалай қарайсыз? – дегенде. Хатшы:
– Жарайсың, жігітім! Жүрегіңде жігер, сөзіңде уыт бар екен! – деп сөз бастап кеткен екен.
– Секе, – деді бірде Қосан маған. – Өзіңіз бұл жағын жақсы білесіз ғой. Ертеде өткен сөз шебері шешен-жыраулар болсын, аузы дуалы билер болсын, ауызша болса да, айтар ойларын келістіріп айтып, жұрттың санасына жетерліктей ғып өрнектеген ғой.
...Бірде Жорықбай жырау жырлап, ортаға жайған орамалына сол заманғы қалыптасқан дәстүр бойынша әркім хал-қадірінше тапқандарын тастап жатқан көрінеді. Оған әлде біреулердің жақтырмай күнкілдегендерін Жорықбай естіп қойып, былай деген екен:
Тұлғасы Жорықбайдың жұдырықтай,
Дауысы сайрайды кеп зымырықтай.
Қамы үшін қатын-бала жырлайды да,
Әйтпесе, босқа зарлап жын ұрыппа-ай, – депті.
Жақап Шындәулет би өте тілді кісі болған ғой. Бірде істеген ісіне риза болмаған бір ағайынына былай деген екен:
Мисыз басқа бадырайған көз бітеді,
Дауасы жоқ жігітке сылдыраған сөз бітеді.
Жетесі бар жігітке бұдан артық,
Жеткізіп айтар сөз жоқ шығар ә, Секе, – деді Қосан.
Сейтмұрат ЕМБЕРГЕНОВ,
«Көзкөргендер» кітабынан
«Көзкөргендер» кітабынан