Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Туатын сиыр туды ғой...

Туатын сиыр туды ғой...

Қалжан ахун мен Сәкен Сейфуллин ауылы қатарлас жатыр. Тек араларын пойыз жол ғана бөліп тұр. Осыдан 15-20 шақты жыл бұрын көршілес ауыл жігіттерінің сыйластығы ерекше болған көрінеді. Бір ауылдың марқасқалары екінші елді мекенге той-томалаққа келе қалса, сол жақтың жігіттері пойыз жол бекетіне дейін шығарып салып, сый-құрмет көрсетеді екен.
Бір күні сол жол айрықта екі жақтың белгілі азаматтары бас қосып қалыпты. «Тойдан тобықтай» дегендей сәкендіктер Қалжан ахундықтарға бар құрметін жасап бағады. Сол кезде темір жол бекеті жақтан есекке мінген қария мен оның артынан таймен ілескен бала көрінеді. Екеуі топ болып жиналған жігіттердің жанына жақындайды. Сөйтсе, есекке мінген ауданға белгілі қалжыңқой қария Қосан екен. Жанындағысы немересі.
– Оу, Қосеке, ассалаумағалейкүм!
– Уағалейкүмассалам! Е-е-е, өзімнің інілерім екен ғой.
– Иә, өзіміз ғой.
– Ә, неғып тұрсыңдар?
– Жолдастар кездесіп қалып едік, бір-бірімізді қимай тұрмыз...
– Әп, бәрекелді!
– Өзіңіз қайда жол тарттыңыз?
– Е, мына «Шағырлыдағы» малшыдан «сиыр туды» деген хабарды естіп едім. Немеремді ертіп, соны алып келуге бара жатырмын.
– Жөн екен ақсақал. Онда шамалы ентігіңізді ба­сыңыз. Күнде кездесіп жатқан жоқпыз, бізге бір-екі әңгімеңізді айтыңыз, – дейді жігіттер.
Інілері қолқалаған соң Қосан ақсақал есегін байлап, орталарына отыра кетеді. Содан қызу әңгіме басталып, қария қаумалаған інілерін күлкіге қарық қылады. Әңгіме ұзаққа кетіп, қызды-қыздымен іңір үйріле бас­тайды. Жиналғандардың қайтатын кезі жақындайды. Сол шақта жігіттердің бірі:
– Қосеке, күн ұясына кіріп барады. Енді не қылмақ­шысыз?
– Әй, жігіттер! Мен енді билікті мына есекке бе­ремін.
Жігіттер аң-таң.
– Билікті осыған беремін. Қайда бет алса да мен үстінде отыра беремін, – дейді еш шіміркпестен. Содан астындағы жануарына «Шүу!» дегенде есек келген жолымен ауылға қарай шаба жөнеліпті. Үстінде селкілдеген Қосан қария «Ей, жігіттер, мына есек ақылды екен. Туатын сиыр туды ғой. Бір күні алармын. Әйтеуір, аманымда үйге жетіп алайын» деп екі ауылдың жігіттерін тағы бір қыран-топан күлкіге қарық қылыпты.

Е.БЕРКІНБАЕВ
12 ақпан 2019 ж. 1 281 0