Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Татуластыру рәсімдерінің тиімділігі

Татуластыру рәсімдерінің тиімділігі

Сотқа түсетін істерді татуласумен аяқтап, сол арқылы жүктемені азайтудың маңызы зор.

Халқымыз үшін дау атаулыны өзара келісіммен бітіру бабалар дәстүрінен жалғасқан қасиет. Қай заманда да «Дау мұраты – біту» қағидасын басшылыққа алған билер мен ел ақсақалдары дауласушыларды «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген аталы сөзіне тоқтатып, татуластыра білген.

2020 жылы 22 маусымда Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің дауларды (жанжалдарды) азайтуға және дау-дамайды шешудің дамуына көмектесетін татуласу рәсімдері мен шарттарын егжей-тегжейлі реттейтін нормалар енгізілді.

Енгізілген нормалар оң нәтижесін беруде, атап айтқанда:

Сырдария аудандық сотында 2020 жылы тараптардың татуласуы мен аяқталған істер саны 2019 жылмен салыстырғанда айтарлықтай өскен.

2019 жылы барлығы 389 іс аяқталып,119 іс (30,6%) өндірістен тоқтатылған. Тоқтатылған істердің 14-і (11,8%) татуласу келісімімен, ал ал 88-і (74%) медиация тәртібімен аяқталған.

2020 жылы жалпы 441 іс аяқталып, 211 іс (47,8%) өндірістен тоқтатылып, оның ішінде 123-і (58,3%) татуласу келісімімен, ал 78-і (37%) медиация тәртібімен және 1 іс партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісіммен аяқталған.

Бүгінгі таңда сот жүйесінде түрлі дауларды бейбіт тәртіппен шешу тәжірибесі қалыптасып, азаматтар даулы мәселелерді татуласумен шешудің тиімділігіне қол жеткізіп отыр.

Қандай істе де ортақ бәтуаға келу, қазақтың қанында бар қасиет. Қуантарлық жағдай тараптардың татуласуымен қысқарып жатқан істер саны жылдан-жылға артып келеді. Бұл дегеніміз Жоғарғы сот тарапынан қолға алынып жатқан бастамалардың оң нәтижесі деп айтуға болады.

Демек, заңнамаға енгізілген өзгертулер мен толықтырулар татуласу рәсімдерінің көбеюіне сот шығындарын қайтаруға және тараптардың дауларды оңтайлы әрі жылдам шешілуіне зор ықпалын тигізуде.

Р. Алдамбергенов,
Сырдария аудандық сотының төрағасы 
28 қаңтар 2021 ж. 469 0