Екі бірдей отбасы сақталып қалды
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша енгізілген өзгерістер мен толықтырулар оң нәтижесін беруде.
Өзгерістер бойынша татуластыру рәсімдерінің қолдану аясы кеңейтілді. Тараптарды татуластыру үшін бұрынғы заң талаптары бойынша 5 күн ішінде арызды қабылдау не қабылдамау мәселесі шешілу керек болса, қазіргі таңда талап арызды қабылдау мерзімі 10 жұмыс күніне дейін созылды.
Сырдария аудандық соты бір күнде неке бұзу туралы 2 азаматтық іс бойынша дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді бекітті.
Талап қоюшылар талап арыздарында бірнеше жылдан бері заңды некеде тұратындарын, кәмелет жасқа толмаған балаларының барын, біршама уақыттан бері қарым-қатынастары үзілгенін, бұдан әрі отбасын сақтау мүмкін еместігін көрсетіп, арадағы заңды некелерін бұзуды сұраған.
Төрағалық етуші судья тараптармен мобильді байланыс арқылы отбасылық құндылықтарды сақтауға, ымыраға келуге, татуласуға шақырып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Сол күні тараптар іс бойынша өзара кәсіпқой емес медиатордың көмегімен татуласқандықтан медиация тәртібімен реттеу туралы келісімдерін бекітіп беруді және істі өздерінің қатысуынсыз қарауды сұрап, сотқа жазбаша арыз берген.
Медиация кәсіпқой емес медиатор С.-мен өткізіліп, тараптар дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы өзара жазбаша келісімге келіп, медиациялық келісімдерін бекіту үшін сотқа ұсынды.
Азаматтық істі қараған судья тараптардың дауды реттеу туралы келісімдерін сот медиациясын жүргізу тәртібімен бекітіп, іс жүргізу тоқтатылды. Сонымен қатар мемлекеттік баждар талап қоюшыларға қайтарылды.
Р.Сүлейменова,
Сырдария аудандық
сотының кеңсе меңгерушісі