Шаруа қожалық жұмысы шираған
Шаруаға икемдік, еңбексүйгіштік сәкендік Серікбол Арық үшін атадан балаға жалғасып келе жатқан жақсы қасиет. Жастайынан еңбекке араласып, ата-анасының жанында жүріп, мал-жанның жағдайын біліп өсті. Серікбол аға – туған ауылында кәсіпкерлікке ә дегеннен кірісіп кеткендердің бірі. Нарық заманына бейімделу үшін ата кәсіп – мал шаруашылығымен ес білгеннен бері айналысып келеді.
С.Арық өз кәсібін 2007 жылы «Жандос» шаруа қожалығын құрып, азын- аулақ жерге жоңышқа егіп, қарауындағы малдың азығын дайындаудан бастайды. Бірнеше жылдан соң қожалықты кеңейтіп, меншігіндегі 30 гектар жерге күріш егеді. Жыл сайын Сыр салысын өсіруде тәжірибе жинап, егіс көлемін де арттырады. Соңғы төрт жылдан бері егіс көлемі 88 гектар жерге ұлғайды. Маңдай тердің арқасында күріштен 45 центнерден өнім алды.
«Жер Ана мәпелесең – жомарт» дегендей, ерте көктемнен басталатын тірлік қара күзге дейін жалғасады. Шаруа қожалығының жұмысына Серікбол аға өзі бас-көз болып, қарамағындағы 7 адамға тұрақты жұмыс беріп отыр. Диқаншылыққа бет бұрған шағын қожалықтың жұмысшылары түрлі ауыл шаруашылығы техникаларын тізгіндеп, тұрақты түрде жұмыспен қамтылған.
Биыл егіс алқабына Ресейден жеткізілген күріштің «янтарь», «элита» сорты егіліп, одан алынған мол өнім қожалықтың қамбасына құйылды. Бүгінде шаруашылық иелігінде астық сақтайтын өз қоймасы бар.
Ауыл шаруашылығын меңгерген азаматтың мамандығы – агроном. Оның күріш егудегі тәжірибесі жыл сайын мол өнім алуға мүмкіндік беруде. Сонымен қатар қожалық иесі 30 басқа арналған мал бордақылау алаңын салды. Көмекшілерімен меншігіндегі жүз шақты жылқы мен отыздан астам ұсақ малды, ет бағытындағы қазақтың ақбас бұқаларын бағып, асылдандырумен айналысады.
«Еңбегімен ер сыйлы, өнбегімен жер сыйлы» дегендей, ауыл азаматын тұрғындар қайырымды жан деп біледі. Серікбол Арық ауылдағы «Міркемел Кәлпі» мешітінің салынуына атсалысып, оның шырақшысына ай сайын жалақы төлейді. Жыл сайын егін жинау науқаны аяқталғанда жұмысшыларға ынталандыру сый-сияпатын жасайды. Ауылдағы аз қамтамасыз етілген отбасыларға және еңбек ардагерлеріне Наурыз мерекесі мен Қарттар күнінде азық-түлік пен күріш тарту етеді. Азаматтың мәрттігі оның үнемі қайырымдылық шаралардың басы-қасынан табылуымен қуантады. Ауылдағы №137 орта мектебіне, мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін мектеп дәлізіне сары жолақ, белгі салынып, қолайлы жағдай жасалуына қаржылай көмек берді. Елдегі пандемия кезінде көмекке мұқтаж отбасылардың балаларына үш планшет тарту етті.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, жаны рухани қазынаға мол ардақты азамат Серікбол Жәкебайұлы қаламгер Бақтияр Молдашевтың «Қисық жол» және «Әлем әдебиетінің таңдаулы шығармаларынан аудармалар жиынтығы» атты кітабының жарыққа шығуына демеушілік жасаған.
Жүрегі елім деп соққан азамат 2013 жылы «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды. Бұл награда оның іскерлігі үшін берілді.
– Ауыл шаруашылығымен айналысу ата кәсіп десем де болады. Оның үстіне ауылда тұрғандықтан жерге егін салып, мал бағу негізгі кәсібіме айналды. Қазір қожалықтың арқасында ауыл азаматтарын жұмыспен қамтып отырмын. Қолымнан келгенше мұқтаж жандарға көмектесуге әзірмін, – дейді қожалық төрағасы Серікбол Арық.
Ауыл шаруашылық жұмысымен танысуға барғанымызда үй ауласында шағын дүкеннің бар екенін байқадық. Оның атауы да бізді қызықтырды. «Мұрат» деп аталатын аралас сауда дүкеннің ішінде оның жұмысын үйлестіріп тұрған келіншек Сәуле – Серікбол ағаның жұбайы екен. Дүкен ашып, ауыл тұрғындарына қызмет көрсетіп отырған Сәуле апаны әңгімеге тартқанымызда:
– Дүкен үлкен атамыздың атымен аталады. Ол кісі соғысқа қатысқан, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Ауылда атамыздың атында көше бар, – деді.
Үй ауласында орналасқан шаруа қожалығына тиесілі техника, шағын қойма, мал қора, төрт-түлік мал көзіңді сүйсінтеді. Ал аулада қиқулап жүрген отыз шақты күркетауық өзіне еріксіз назар аудартады.
– Күркетауықты балапан кезінен өсіреміз. Өсімтал құстың еті дәмді болады әрі пайдалы. Құс аса күтімді қажет етпейді. Адамға да бейімделгіш, қажетімізге қарай құс етін пайдаланамыз, – дейді сөзін жалғастырып.
Сәуле апа – көп балалы ана. Қожалықтың аты тұңғыштары Жандостың есімімен аталады. Отбасында тағы 1 ұл мен 3 қыз бар.
Ауылына іскерлігімен, қайырымдылығымен сыйлы болған азамат алдағы уақытта шаруа қожалығының жұмысын кеңейтуді жоспарлап отыр. Яғни мемлекет тарапынан берілетін мүмкіндікті пайдаланады. Ол үшін Серікбол ағаның білігі де, тәжірибесі де жетеді.
Бибісара ЖАНӘЛІ