Әлібидің еңбегі мықты
Аудандағы ірі шаруашылықтардың бірі саналатын «Қызылдихан» ШҚ жыл сайын күріштен тау тұрғызып, ел ырысын еселеп келеді. Бұл істе шаруашылықтың жас диқандары «Баптай білгенге, жер жомарт» деген ағалар ақылына құлақ түріп, ерте көктемнен тың жерге түрен түсіріп, дән себеді. Таңалакеуімнен кетпенін арқалап, ала жаздай маңдай термен тынымсыз еңбек етіп, Сыр дақылын күтіп баптайды. Ал, егін жинау науқаны келгенде «Егінші жылда арманда» дегендей, ырысты ысырапсыз жиып-теріп, төккен тердің мерейін көрсем дейді. Осындай еңбектің жемісін жыл сайын көргісі келетіндердің қатарында он жылдан бері шаруашылықта ата кәсіппен айналысып келе жатқан Әліби Смайлов та бар.
Әліби – аудандағы кәнігі диқан Жанкелді Смайловтың ұлы. Жанкелді ағаны аудан жұртшылығы жақсы біледі десек қателеспейміз. Өйткені «Қызылдихан» шаруашылығының бетке ұстар диқаны жыл сайын мол өнім алып, ауданға, тіптен облысқа аты шыққан. Қайбір жылы өзіне бекітілген 35 гектардың әр гектарынан 108,6 центнерден өнім алып, тәжірибелі күрішші екенін дәлелдеген. Сол еңбегі еленіп шаруашылық көлік мінгізді. Одан бөлек, «Ыбырай Жақаев» атындағы төсбелгіні ауданда омырауына алғаш таққан диқан осы Жанкелді аға Смайлов. Ал Әліби – осы егін егуде тәжірибесі мол әкенің ізін қуып келе жатқан жас күрішші.
«Шымшық сойса да қасапшы сойсын» дегендей, Сыр салысын егіп, одан мол өнім алу әркімнің қолынан келетін іс емес. Бұған да таудай талап керек. Егістік жерді игеріп, өнім алу үшін біліктілік, тәжірибе болғаны жөн. Оған жетуде талмай еңбектену керек. Сол кезде дала әнге, қырман дәнге толып, диқанның мерейі үстем болмақ. Осыған жету тұрғысында жас күрішші 2008 жылы мектеп бітірген жылдан тыраштанып еңбектеніп келеді.
Әліби әуелде әке ізінен қалмай егістік танаптың қыр-сырын меңгерді. Егінге су жетпей жатқанда не істеу керек, күріш ауырғанда қандай шаралар жасау қажет екенін көрді. Жайқалған атыздың арасында сабақтан дәнді айырып, оның өнімділігін бағамдады. Әйтеуір, әке ізінде жүріп, Сыр дақылын егіп-жинаудың сырына қанықты. Ерте көктемнен алтын күзге дейінгі еселі еңбектің елеусіз қалмайтынын ұғып, өзі егін егу ісіне машықтана бастады. Сөйтті де шаруашылықтың үшінші бригадасының жас күрішшісі атанып шыға келді.
«Алма ағашынан ұзап түспейтінін» білген басшылық та жас күрішшіге сенім артып, 38 гектар жерге егін егуге мүмкіндік берді. Артылған сенім, жүктелген жауапкершілік жүгі жалынды жасты шыңдай түсті. Сенім үдесінен шығу үшін алғашқы егін еккен жылдан аянбай тер төгіп келеді. Әр жылдары әрқалай өнім алса да орташа өнім 50-51 центнерден түскен емес. Гектарына 74-76 центнерден өнім алған кездер де болған. Сондықтан да «Егін ырыс таңдамайды, еңбек таңдайды» дейтін жас күрішші уақытпен санаспай жасаған еңбектің қай кезде де жемісті болатынын айтады.
– Күріш егу – таза еңбек. Мұнда бір жұмысты жасағанда дұрыс болмай, оны қайта жасап шығатындай мүмкіндік жоқ. Ерте көктемнен қалай еңбектенсең, соған сай өнім аласың. Қазақ халқы «Еңбегіне қарай өнбегі» деп бекер айтпаған ғой. «Баптай білгенге, жер жомарт» деген де бар. Сол себепті де жегіп жегін, ексең егін, ішерсің тегін, – дейді Әліби Жанкелдіұлы.
Айтса айтқандай, ел ырысы болған Сыр күрішінен мол өнім алып жүрген тәжірибелі аға диқандардың еңбегі өлшеусіз. Оған қоса, осы салада маңдай тер төгіп жүрген жас күрішшілердің қосып жүрген үлесі де ұшан-теңіз. Өйткені ағалар тілін алып, кәнігі диқандардан білген-түйгенін үйреніп жүрген жас күрішшілердің арасынан Ыбырай Жақаевтай даңғайыр диқандар шығып қалуы бек мүмкін. Олардың қатарына сырдариялық жас күрішші Әліби Смайловты да қосып қойыңыз...
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ