ЖАЛАҒАШ АУДАНЫНДА КҮРІШ ЕГУ НАУҚАНЫ БАСТАЛДЫ
Жалағаштық шаруалар күріш егуді қолға алды. Биыл аудан бойынша 32,7 мың гектарға егіс егу жоспарланып отыр. Өңір диқандары 18100 гектар жерге Сыр маржанын сеппек. Күріш егісіне 5,1 мың тонна тұқым дайындалды.
Дән себуді алғаш болып ақсулықтар бастады. Ақсу ауылындағы «Сәрке батыр» ЖШС биылғы жылы 1490 гектар жерге күріш егуді жоспарлап отыр. Бүгінгі күні күріштің 250 гектарға жуығы егілмек.
Аудан әкімі Қ.Сәрсенбаев аталмыш серіктестіктің егіс алқабында тұқым себу жұмыстарын көрді. Қара жерден несібесін күтетін шаруалармен жүздесіп, көктемгі дала жұмыстарына қатысты шараларды талқылады.
Аудан әкімі Қайратбек Әубәкірұлы өткен жылы аудан диқаншылары күріштен рекордтық өнім жинағанын, биыл да сол межеден түсірмеу үшін бар күш-жігерімізді салуымыз қажеттігін айтты.
Сондай-ақ, «Сәрке батыр» ЖШС директоры Т.Бодыбай, аудан ардагері Ж.Адамбаев сөз алып, бата берді.
Бүгінгі күні аудан бойынша 3500 гектар жаңа жоңышқа, 285 гектар жаздық бидай, 60 гектар арпа, 1900 гектар мақсары дақылдары егіліп, ескі жоңышқа жаппай тырмаланды.