Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан қамбасы алтын дәнге толды

Аудан қамбасы алтын дәнге толды

Аграрлы ауданның диқандары егін жинау науқанын жемісті қорытындылады. Аудан қамбасы елдің ризық-несібесі саналатын алтын дәнге толды. Ерте көктемнен басталған дала жұмысы күздің жауын-шашынына қалмай диқандардың арқасында мезгілінде аяқтал­ды. Астықты төкпей-шашпай жинап алған шар­уалар еңбегі қайтты деген осы болар, сірә.
Аудан бойынша биыл 32597 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орна­ластырылды. Оның ішінде күріш 21050 гектар, жаздық бидай 1728 гектар, сұлы 58 гектар, мақсары 300 гектар, сүрлем жүгері 10 гектар, жаңа жоңышқа 1921 гектар, ескі жоңышқа 6700 гектар, картоп, көкөніс, бақша 830 гектар жерге егілді. Осы егіске қажетті 13 мың тонна минералдық тыңайтқыш пен 16 мың литр гербицидті шаруашылық құрылдары дер кезінде алып пайдаланды.
Биыл аудан бойынша 21 050 гектар жерге күріш дақылы егілді. Орташа есеппен гектарынан 63,5 центнерден өнім алынып, барлығы 1 млн. 337 мың 533 центнер астық жиналды. Сондай-ақ егілген 1728 гектар жаздық бидайдан 2061 тонна өнім алынып, орта өнім 11,9 центнерден келді. Ал жерге себілген 58 гектар сұлыдан 40 тонна өнім жиналып, орта өнім 7 центнерден айналды. Мақсарыдан 250 тонна өнім жиналды. Орта өнім – 8,3 центнер.
Осы күні ауданда картоп, көкөніс, бақша дақылдарын жинау жұмыстары жалғасуда. Жалпы картоптың 85,7 проценті, көкөністің 95,9 проценті, бақшалық дақылдың 90,1 проценті жиналғанын айта кеткен жөн.
Бұдан бөлек мал азығын жинау бойынша шаруа­шы­лық­тар жоңышқа дақылының екінші орымын аяқтады. Қазіргі уақытта 14790 тонна мал азықтық шөбі жиналса, орта өнім гектарына 32 центнерден келді. Биылғы егілген жаңа жоңышқадан 1537 тонна шөп жиналып, барлығы 16327 тонна мал азықтық шөп қораға түсті.
Егін жинау науқанына 222 комбайн, 114 жатка, 66 жүк көлігі, 316 трактор, 206 трактор тіркемелері қатысты. Жыл сайын шаруашылық құрылымдары жаңа техникалармен толығуда. Биыл «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы 27 техника, шаруашылықтардың өз қаражаты есебінен 10 ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынды.

Бибісара ЖАНӘЛІ
19 қазан 2019 ж. 1 163 0