Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыр саласынан мол өнім жинады

Сыр саласынан мол өнім жинады

С.Сейфуллин ауылындағы «Олжас» шаруа қожалығы  егін шаруашылығымен айналысады. Оның жетекшісі шаруашылықта егіс бригадирі, бас агроном, басшы болған тәжірибелі маман Мейрамбек Сейітмұратов. Биыл қожалық 100 гектарға Сыр салысын егіп, оның әр гектарынан 45 центнерден өнім алды.
– «Абзал және К» ТС-мен келісім-шарт негізінде жұмыс жасаймын. Бұл біз секілді жаңадан еңсе көтеріп келе жатқан қожалық үшін өте тиімді. Биыл облысқа белгілі серіктестіктен бірінші репродукциялы тұқым алып, ектім. Соның нәтижесінде егіннің шығымы жақсы болды. Тыңайтқышпен де қамтамасыз етіп отырды. Егінді жинап алғаннан кейін барлық қарыздан толық құтылдым. Артылған өнімді серіктестік нарық бағасымен қабылдайды. Бұл біз үшін тиімді, – дейді М.Сейітмұратов.
Қожалық 3 адамды жұмыспен қамтып отыр. Орташа айлық 70 мың теңге. Жалақы банкомат арқылы төленеді. Зейнетақы қорына айма-ай қаржы аударылып, жұмысшыларға еңбек демалысы беріледі. Бұдан басқа еңбекке ынталандыру мақсатында еңбеккерлерге қосымша сыйақы төленеді. Мысалы, өзіне бекітілген алқаптың әрбір гектарынан 50 центнерден өнім алған диқанға жыл соңында 500 мың теңге қосымша сыйақы, 40 центнерден алғанға 400 мың теңге, 30 центнерден алғанға 300 мың теңге беріледі. Биыл күріш өсіруші Мейрамбек Жоламан жақсы өнімге қол жеткізді. Қазіргі кезде шағын қожалық еңбеккерлері келер көктемнің өніміне негіз қалап, сүдігер жыртумен айналысуда.
Бұрын ауылдарда жалдамалы жұмысшылармен науқан соңында қолма-қол ақшамен есептесетін. «Олжас» шаруа қожалығы өркениетті тәсілге жүгініп, мамандарға жалақысын банкоматпен беруде. Бұл өзге кішігірім қожалықтарға үлгі болса дейміз.

Ш.БАЛТАБАЙҰЛЫ

26 қазан 2019 ж. 534 0