Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлағат иірімдері

Ұлағат иірімдері

Бүгінгі жеткенің үшін кешегі өткеніңе қарыздарсың.
Арманмен атар таңы,
Ақ қанат балапанды,
Түлеткен қыран қылып,
Құрмет тұт, ұстаздарды.
Осы өлең жолдары жадымызда жаңғырған сайын, кешегі кекілді балалық шағымыздан бүгінгі азамат болып, ат жалын тартып мінгенге дейінгі кезең көз алдымыздан тізбектеле өтеді. Осы аралықта жеткен жетістіктеріміз, алған биіктеріміз, көрген құрметтеріміз ұстаздарымыздың тәлімді тәрбиесі мен өлшеусіз ең­бегінің арқасы.
Біз осыдан жиыма жыл бұрын Шаған ауылының №37 орта мектебінің бірінші сыныбына барғанымызда бізді білім ордасының табалдырығынан ақ ниетпен күтіп алған алғашқы ұстаздарымыз Дәментай Отарова, Шолпан Сматова, Гүлмира Асқарова апайларымыз еді. Жаңа ортада сүріндірмей жетектеп, болашаққа жетеледі. Қолымызға қалам ұстатып, ақ қағазға маржандай жазу жаздырып, әліппе аштырып, әріп жаттатқан ұлағатты ұстазымыздың күлімсіреп тұрған бейнесі сол қалпында жүрегімізде, көкірегімізде жатталып қалған. Төрт жыл бойы анамыздай аялап, бастауыштың баспалдағын нық бастырып, келесі кезеңге шығарып салғанын ешқашан ұмытпақ емеспіз.
Ал, бізді ұстаздық мейіріммен қарсы алып, бесінші сыныптан бастап түлеп ұшқанша қауырсыны қатпаған ақ қанат балапан кезімізден қыранша тәрбиелеп, өмір көгіне еркін самғауға баулыған Мырзағали Қыстаубаев ағайымыз еді. Воронежден жоғары оқу орнын бітірген, бойында Еуропалық өркениет пен Азиялық әдептілік қатар өрілген білімді де бекзат жанның мейіріміне бөленіп, тәрбиесінде болып, өнегесін үйренгеніміз біз үшін тағдырдың сыйы деп білеміз. Орысша-қазақ­­шасы бірдей, жалындап тұрған жас маман, өзі оқы­ған жоғарғы оқу орнының қабырғасында бойына сі­ңір­ген барлық асыл қасиеттерін, өнері мен білімін бізге үйретуден аянып қалған емес. Өзінің жүріс-тұры­сымен, киім киісімен, сөйлеу мәнерімен де біз үшін ұстаз­дық­тың, азаматтықтың эталоны болды. Мырзағали ағай жетекшілік ететін біздің сынып ұйымшылдығымен, бі­лім­ділігімен, жалынды жігерліліктерімен өзгелерден озық тұрды. Сынып бөлмесінің өзі ең таза, көрнекі құ­рал­дарға бай, безендірулері көрген жанды таң қал­ды­­ратындай ерекше еді. Соның бәрін ұстазымыздың үй­ре­туімен біз өз қолымызбен жасадық. Ойымыздағыны жүзеге асыруға бір нәрсе жетпей, қаржыға қарап қала­тын болсақ, ағайымыз өз қалтасынан қаражат шығарып, жетпесімізді жеткізіп, үзілгенімізді жалғап жіберетін.
Небір мазмұнды, мағыналы іс-шараларды тың­нан тауып, оны түрлендіріп, жүзеге асыратын. Соның арқасында бәріміз сценарист, режиссер, ұйым­дас­тырушы, жүзеге асырушы, жүргізуші болып қалыптастық. Мұндай жұмыстардан бірде-бір оқушы шет қалмайтын. Әр баламен жеке-дара сөйлесіп, оны қарым-қабілеті мен мінез-құлқына қарай жұмсайтын. Әдептен аттамауды, салт-дәстүрімізді қадірлеуді, қазақи қасиеттерімізді құрметтеуді санамызға сіңірді. Балаларға өзінің бар білгенін үйретуден ешқашан жалыққан емес. Соның негізінде біздің сыныптың әрбір оқушысы сан қырлы тұлға болып қалыптасты.
Жасөспірімдердің өтпелі кезеңдерінде оқушылар арасынан «қиын балалар» дегендер көрініс беріп қалатын болса, біздің сыныпта ондай оғаш қылықты оқушылар болған жоқ. Өйткені ешкім де ортадан тысқары кетпейтін. Ағайымыздың сабағын да, сабақтан тыс уақыттағы біздермен өткізер қоғамдық жұмыстарын да қызықты қылып өткізетіні соншалықты оқушылар ойынға, далаға емес, мектепке асығып тұратын. Өнерпаз да, спортшы да, әр түрлі пән олимпиадасының жеңімпаздары да бізден шықты.
Ұстазымыз қандай болса біз де сол кісіге ұқсауға тырыстық. Заман ырғағына қарай бидің де түр-түрін ағайымыздан үйрендік. Сан қырлы, өнерлі, өнегелі болып өстік. Бізді ауданның, облыс орталығының көрнекті жерлеріне, тарихи орындарына апарып дүние танымымыздың кеңейуіне де оң әсер ететін. Осындай бір кезекті саяхат кезінде Қайнар Олжайдың «Президент пырағы» деген кітабын сыйлап, әрқайсысымызға өлеңмен қолтаңба бергені бір ұмытылмас қызықты сәт болып қалды. Мырзағали ұстазымыздың идеясымен мектептің рухани өміріне турнирлер, сайыс­тар, байқаулар енді.
«Жалғыз ағаш орман емес» дегендей Мырзағали Жақсылықұлы бізді оқытқан тәрбие берген, білім нәрімен сусындатқан жалғыз ұстаз емес. Бар өмірлерін бала тәрбиесіне, еліміздің жарқын болашағын жасауға арнаған Н.Әйтенов, Н.Алдабергенов, Б.Сырлыбаева, А.Ысқақов, Р.Әбілқасымов, Г.Тәуекелова, Ж.Бала­панова, С.Әлі­баева, Г.Сәтбаева, Б.Әбутәліпов, Г.Та­шенова, Г.Би­жігітова, Д.Үстемірова, Н.Шенеуова, Р.Хан­сейітова, Б.Ме­кебаев, Ж.Жансейітов, Д.Тәуекелов, Қ.Иса­қызы, М.Нүр­кенова, А.Рысқұлова, Р.Бексейітова, Д.Әбенов, Г.Бо­ранбаева есімді ұстаздарымыз қажырлы еңбек етті. Талай түлекті қанаттандырып ұшырды. Біз үшін қымбат жандардың ішінде сынып жетекшіміз Мырзағали Қыстаубаевтың орны ерекше. Өзі физика пәнінің мұғалімі болғандықтан Мырзағали ағай бәрімізге физика-математика ғылымының қыр-сырын барынша ұғындырды. Бесінші сыныпта көбейту кестесін бес саусақтай жатқа білетін болсақ, жетінші сыныпта барлық физикалық формулаларды айтқанда ешқайсысымыз да мүдірмейтін едік. Өз мамандығының бүге-шүгесіне дейін жетік білетін ұстазымыздың арқасында оқу үздіктері, «Алтын медаль», грант иегерлері шықты. Шәкірттері Қазақстанның түкпір-түкпірінде ғана емес көршілес Ресей елінде де оқып жатыр. Біздің сыныптың оқушылары ҚР Ішкі істер министрлігінің подполковнигі, сот сала­сының айтулы маманы, мемлекеттік қызметшілер, облысымызға белгілі ірі кәсіпкерлер, дәрігерлер мен педагогтар, банкирлер мен есепшілер және тағы да басқа сала майталмандары ретінде еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосуда. Қазіргі таңда жаста болса бас бола білген Жаңабаева Ғалия бүгінгі күні өзіміз он бір жыл білім алған №37 мектеп лицейдің директоры. Осы орайда алтын ұямыздың даңқы күллі Қазақстанға танылып, шәкірттері төрткүл дүниеде ауылымыздың мектебіміздің атын шығара беруіне тілек­теспіз. Мырзағали ағайымыз тек балаларды баулып қана қоймай өзі де жоғарғы жетістіктерімен үлгілі еді. ҚР Білім және Ғылым министрлігінің, облыстық білім департаментінің, аудандық білім бөлімінің тағы да басқа салалардың Құрмет Грамоталарымен, Алғыс хаттармен марапатталды. Бұдан басқа да түрлі сайыстар мен байқаулардан алған жүлделері өз алдына бір төбе. Міне, біз осындай ұстаздың ұлағатын көріп, он бір жыл оқып, түлеп ұшқанымызды мақтан тұтамыз. Бүгінде ел ағасы болар жасқа келіп отырған ұстазымызға шәкірттік алғысымызды білдіріп, тағзым етеміз.



Шаған ауылындағы №37 орта
мектебінің 11 «Б» сыныбының
2001 жылғы түлектері
12 желтоқсан 2020 ж. 876 0