Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қасиетті қарашаңырақ

Қасиетті қарашаңырақ

«Білім берген, ой берген, ақыл берген,
Көз алдымнан кетпейді асыл бейнең...».
Білім нәрімен сусындатқан алтын ұя мек­тебім туралы ойласам, ойыма осы бір тамаша өлең жолдары оралады.
Мен оқыған, білім алған, қияға қанат қақ­қызған Тереңөзектегі бұрынғы №35 М.И.Ка­линин атындағы орта мектеп (қазіргі Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицей) туралы ес­теліктер бүгінге дейін жүрегімнің төрінде тұр. Білім нәрімен сусындатқан ұстаздарымды, он жылдай бірге оқып, тай-құлындай тебісіп, бір үйдің балаларындай болған сыныптас дос­тарымды, естен кетпес оқушылық кезеңді ешқашан ұмытқан емеспін.
Біздің балалық шағымыз заманның әр­қилы кезеңдерімен тұспа-тұс келгені рас. Ол кезеңде оқушыларға бүгінгідей жағдай жасалған жоқ. Десе де, ұстаздарымыз өте білімді, байсалды, парасатты болатын. Оспан Әбілпаттаев, Төлеген Әбілдаұлы, Сейіткамал Усабаев, Қайыс­бек Байсалбаев, Қасымхан Ыс­майылов, Айтөре Шамкенов, Ибадулла Байдәулетов, Смағұл Тұрғанбаев, Сақыбек Алданазаров, Ғаппар Сағындықов, Дәнеш Мамытбаева, Мырқайдар Мәмбетов, Дүйсенбай Жетербаев, Аққайыр Қоржынбаев, Алмат Пірімбетов секілді (бәрінің атын атау бір мақалада мүмкін емес) ұстаздарымыздың әрбір айтқан сөзі, берген білімі бізді алға жетеледі, білімге құштар етті. Білімнің биік белесін бағындырып, мектептің жүрегіне айналған ұлағатты ұстаздарымыздың қажырлы еңбегінің арқасында мектебімізден елге белгілі көптеген түлектер шықты. Олар­дың барлығы туған елдің, туған жердің мақ­таныштары.
Мектеп қабырғасында ұстаздарымыз біздің білімді азамат болып қалыптасуымызға көп еңбек сіңірді. Мысалға менің математика-физикаға жүйрік екенімді аңғарған Алмат Пірімбетов ағай «болашақта инженер, өнді­ріс басшысы боласың» дейтін. Ақынжанды ұстазымыз Балашбек Шағыров «сенен әде­биетші, жазушы шығады, ақын боласың» деп дес бермейтін. Ал пионер-комсомол акти­висі ретінде Ұлмекен Жанәлиева апамыз біздерден – менен, Жеңісбектен, Қонысбектен т.б. бола­шақ қайраткер тәрбиелеуге талпынатын. Осы­лайша, ұстаздардың арасындағы бәсеке-диа­лог өмірден өз орнымызды тауып, жан-жақты болуымызға әсер етті.
Әрине ұлағатты ұстаздардың әсіресе, біз­дерге берген тәрбиесі туралы айтқан әділ болады. Өйткені олар өздері біздер үшін қарапайым мұғалімдер ғана емес өнегелі өмір сүрген тұлғалар еді ғой. Жүрген жүрісі, келбеті, сөйлеген сөзі, рухани байлығы, адами қасиеттері шіркін ерекше еді ғой. Бірде мен қыстың күні үйден шанаға екі су құятын құтымен көшенің бойындағы су колонкосына жүгіріп бардым. Балалық қой, күн суық болса да басыма құлақшын киіп алмаппын. Сол кезде алдымнан Қасымхан Ысмайылов ағай кездесе кетті. Ол кісі біздің сынып жетекшіміз еді, өзі соғыс ардагері, аяғын ауыр сылтып басатын, марқұм! Мен қанша жерден тоңып тұрсам да ұстаздың алдын кесіп өтуге бата алмадым, сәлем беріп, артынан орай үйге қарай жүгірдім шанамды сүйреп. Сөйтсем құлағым үсіп кетіпті, бірақ абырой болғанын іштей сезіндім – мен Ұстазымды сыйладым, алдынан кесіп өтпедім.
1997 жылы елордамыз ауысып, Астана аталып, бас қала болған тұста Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың шеші­мімен Қазақстан Республикасының Білім, мә­де­­ниет және денсаулық сақтау министрі қыз­метін атқардым. Отандық білім саласына 2000 жылдарға дейін жетекшілік еттім. Қазір әр сала жеке дара министрлік екенін ескерсек, бұл аса жауапты жұмыс еді. Мұндай жоғары лауазымға тағайындалуым ата-ана тәрбиесі, ұлағатты ұстаздардың арқасында, әсіресе мектеп қабырғасында алған білімімнің, тәлім мен тәрбиенің және үздіксіз ізденістің жемісі екені анық. Сондықтан ұстаздарыма шексіз ризашылығымды жеткізе отырып, аруақтарына, өздеріне құрметпен басымды иемін. Қазір мен үш рет жоғары білім алған, ғылым кандидаты әрі докторы, профессор, халықаралық академияның академигі болсам да күнделікті оқуды, ізденуді өмірлік ұстанымға айналдырған адаммын. Кейін төрт рет Үкімет мүшесі, үш облыстың әкімі, Қазақстанның Ресейдегі Елшісі, Президент Әкімшілігінің басшысы сияқты қызметтерді атқарсам да күнделікті білімге, ғылымға деген құлшыныс өмірлік азық болуда.
Иә, білімді жас – кемел келешек пен жарқын болашақтың иесі. «Болашақтың кілті – білімді ұрпақта» дейді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Елдің ертеңгі тізгінін ұстайтын, көзі ашық, көкірегі ояу жас буын өкілдерінің биіктен көрінуіне Тәуелсіз елімізде барлық жағдай жасалған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев білім беру саласын дамытуға айрықша көңіл бөліп, алғаш рет «Педагог туралы» Заң бекіді. Бұл – егемен елдің рухы биік, білімді, дарынды ұрпақтарына, ұстаздарына жасалған қолдау.
«Оқу – инемен құдық қазғандай» дейді ата-бабаларымыз. Өзім алғаш рет әліппенің бетін ашып, білім нәрімен сусындаған қа­сиетті қарашаңырақта бүгінде оқып жат­қан балаларға, жаңа буын өкілдеріне «та­лаптарыңа нұр жаусын, алып жатқан білімдерің өздеріңнің, Отанымыздың игілігіне жарасын»  деген ізгі тілегімді білдіргім келеді.
Біз білімге құштарлықпен өскен ұрпақтың өкілдеріміз. Заңғар жазушымыз, ұлы суреткер Әбіш Кекілбайұлы: «Алдыңғы буынның білімге, білуге деген ынтасы, ыждаһаты кейінгі ұрпаққа сол қалпында көшсе, одан ешқайсыңыз ұтылмас едіңіздер. Қазіргі мүмкіндіктер тұсын­да адамның жүрегіне, парасатына түсетін жүктердің өзі жеңілдеп бара жатыр. Мысалы, кітап оқудан гөрі таблоға көңіл қойыңқырау. Кітап оқыған кісі – түйе мініп келе жатқан кісі сияқты, жерді, суды, шөпті, кесірткенің ізі мен тасбақаның аузындағы шөпке дейін асықпай, түгел көріп отырады да дүниетанымдық жағынан оның білім-білігі, оның алатын ин­фор­­матикалық банкі соншалықты толық, сон­шалықты нақты, соншалықты нығыз» деп білімнің маңыздылығын мазмұнды оймен тұ­жырымдап берген еді.
Расында да, ХХІ ғасыр – терең білімнің, ұшқыр ойдың, ұтымды зерденің заманы. Бүгінгі таңда білімді адам барлық жағынан, яғни рухани әрі материалдық тұрғыдан да бай адам. Уақыттың бәсекесіне төтеп беретін білімді, кәсіби білікті адам нарықта сұранысқа ие өтімді маман болады. Сондықтан Сіздер – жас достар, бала жастан дана жасқа дейін үздіксіз білім алуды талап ететін ерекшезаманда өмір сүріп отырсыздар. Сіздердің алған білімдеріңіз, болашақта атқаратын қызметтеріңіз Отанымыз үшін, тәуелсіз Қазақ елі үшін аса қажет екенін ұмытпаңыздар! Алға асқақ мақсаттар қойып, сол биік белестерді бағындыруда қа­наттарыңыз ешқашан талмасын! 
Мектебімнің жүз жылдық мерейтойы болады деген сүйінші хабарды зор қуанышпен қабылдадым. Бұл бірнеше буынның ортақ қуанышы, мерейтойы екені сөзсіз. Сондықтан сырдариялық, тереңөзектік ардагер-ұстаз­дарды, мектептің педагогикалық ұжымын айтулы мерейтоймен шын жүректен құттықтаймын!
Ғасырлық тарихы бар мектептен еліміздің, Сыр өңірінің атын әлемге танытар білімді ұрпақ көптеп шығатынына сенімдімін. Ұстаздардың жұмысына сәттілік, педагогикалық жетістіктер тілеймін.
Қасиетті қарашаңырақтың ғасырлық мерейтойы құтты болсын!


Қырымбек КӨШЕРБАЕВ,
Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік хатшысы

25 сәуір 2020 ж. 2 528 0