ТҮЛЕКТЕРГЕ СӘТТІЛІК ТІЛЕДІ
Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысатын сырдариялық түлектерге сәт-сапар тілеу мақсатында бүгін аудан әкімдігінің қолдауымен салтанатты іс-шара өтті. Жүрек тебіренісі мен жан толқынысына толы іс-шараға үкіметтік емес ұйым төрағалары, білім саласының ардагерлері, ұлағатты ұстаздар мен ата-аналар қатысты. Аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев құттықтау сөз сөйлеп, игі тілегін білдірді.
– Бүгінгі күн – бәріміз үшін, әсіресе ұстаздар қауымы, ата-аналар жәнемектеп бітіруші түлектер үшін аса маңызды. Кеше ғана әліппе ашып, қолға қалам ұстаған балауса балғындар бүгін үлкен өмір алдындағы сынақтан өткелі отыр. Бұл қуанышты сәт бәріміздің жүрегімізде мәңгілікке сақталады. Мектеп қабырғасында ұлағатты ұстаздардан сапалы білім, саналы тәрбие алып, елжанды, білімді азамат болып қалыптасқан мектеп бітіруші түлектерді үлкен сынақ күтіп тұр. Мектеп бітіруші түлектердің Ұлттық бірыңғай тестілеуде өз білімдерін дәлелдеп, ұстаздар үмітін ақтайтындарына сенімім мол. Он бір жыл мектепте білім алып, ұстаздарының қуанышы болған түлектер – ауданымыздың ғана емес, бүкіл елдің мақтанышы. Аудан бойынша биылғы оқу жылында мектепті 338 оқушы бітірді. Олардың 216-сы, яғни, 63,9 пайызы ҰБТ-ға қатысқалы отыр. 2016-2017 оқу жылында Ұлттық Бірыңғай Тестілеуден орташа балл 86,6-ны көрсетіп, облыс бойынша екінші орынға шығып, мемлекеттік грант бойынша бірінші орынды иелендік. Еліміздің болашағы – Сіздердің қолдарыңызда. Қадамдарыңызға сәтті сапар, өмірлеріңізге құтты қадам тілеймін! Үлкен өмірге қаққан қанаттарыңыз талмасын!,- деді аудан әкімінің орынбасары өз сөзінде.
Шара барысында мектеп бітіруші түлектер атынан " Алтын белгі" иегері, №36 мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы Анель Саруарова сөз сөйледі. Жас түлек он бір жыл бойы алған білімдерін дәлелдеп, аудан абыройын асқақтатуға уәде берді. Сонымен бірге, оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдайды жасаған ұстаздарына, білім саласының қызметкерлеріне шәкірттік алғысын білдірді.
Мұнан кейін соғыс және еңбек ардагері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Яхия Тасыров жас түлектерге ақ батасын берді.
Айта кету керек, Сырдария ауданы бойынша 2016-2017 оқу жылы қорытындысымен 14 оқушы «Алтын белгі» және 6 оқушы «Үздік аттестат» иегерлері атанған болса, ал биылғы оқу жылында 20 «Алтын белгі», 11 «Үздік аттестат» үміткерлері өз білімдерін дәлелдеп отыр. Бүгінгі күннің өзінде аудан бойынша 3 грант иегері нақтыланды. Олар: №131 орта мектептен Жарболова Зарина, №36 мектеп-лицейден Әлтаев Жандос және №191 орта мектептен Жұмабай Абзал. Жалпы, сырдариялық мектеп бітіруші түлектер ертең таңертең ҰБТ-ға қатысады. Аудан әкімінің баспасөз қызметі ҰБТ қорытындысы туралы толығырақ ақпараттандыратын болады.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз хатшысы.
Пікір 1