Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Оlx_Terenozek_kz – тұрғындар үшін тиімді жоба

Оlx_Terenozek_kz – тұрғындар үшін тиімді жоба

Қазір әлеуметтік желінің әлеуеті мен мүмкіндігі артқан кезең. Бүгінде екінің бірі әлеуметтік желіге тіркелген және бос уақытының басым бөлігін смартфон ұсынған сан түрлі қызығушылыққа арнайды десек қателеспейміз. Осындай тұста olx_terenozek_kz ашық парақшасының ұйымдастырушылары сырдариялық әлеуметтік желі қолданушыларына керемет мүмкіндік ұсынып отыр. Аудан тұрғындары үшін тиімді жобаның маңызы мен қажеттілігі күн санап артып келеді деп айтуға толық негіз бар.

Olx_terenozek_kz парақшасы өз жұмысын 2018 жылғы наурыз айының 21-ші жұлдызында бастаған. Бүгінде парақшаның 5600-ге жуық тұрақты оқырманы бар. Осы уақыт аралығында парақша админі 12 300-ден астам хабарландыру мен жаңалықтар жариялап үлгерген. Айта кету керек, жарияланған хабарламалардың басым бөлігі өз шешімін тапқан.

Парақша жұмысымен танысу барысында тұрғындардың көбіне киім-кешек, ұялы телефон, күнделікті тұрмысқа қажетті ұсақ-түйектер сатуға және сатып алуға басымдық беретінін аңғардық. Сондай-ақ, жеке меншік көлігі мен үйін сататындар да көптеп кездеседі екен. Қорасындағы малы мен тауығын пұлдап, арзан бағаға өткізгісі келетіндердің де хабарландыруын оқуға болады. Мұнан бөлек, жоғалған затын іздеп, тапқан адамға сүйінші ұсынғандар да бар. Ал, жалға ғимарат беретіндер мен пәтер іздейтіндер соңғы уақытта көбейіп келеді. Бір сөзбен айтқанда, іздегеніңіз сұрамай-ақ табылуы үшін olx_terenozek_kz парақшасына тіркелуіңіз қажет.

– Мен өзімнің аты-жөнімді жариялағым келмейді. Біздің бір ғана мақсатымыз бар, ол – тұрғындарға өз заттарын, мүліктерін сатуға жәрдемдесу. Мысалы, аудан тұрғындары тарапынан смс-хабарламалар келеді, біз оны мүмкіндігімізше өңдеп, байланыс нөмірлерін көрсете отырып, парақшаға жариялаймыз. Керек адам хабарласып, қажет затын сатып алады, – дейді парақша админі.

Ашық парақша арқылы жеке үйін сатып, олжаға кенелгендер де, жоғалған затын тауып, қуанышқа бөленгендер де бар екен. Олар парақша ұйымдастырушыларына шексіз алғыстарын білдіреді. Сонымен қатар, әлеуметтік желі қолданушыларын olx_terenozek_kz парақшасына тіркелуге шақырады.

– Жақында өзіміздің және көлігіміздің барлық құжаттарын жоғалтып алдық. Содан olx_terenozek_kz парақшасына хабарлама жолдап, көмектесуді өтіндік. Парақша админі біздің заттарымыздың жоғалғаны жөнінде хабарландыру шығарды және көп өтпей сүйінші хабар келіп жетті. Қуанышымызда шек болған жоқ. Мүмкін olx_terenozek_kz парақшасы болмаса, құжаттарымыз табылмайтын да шығар. Сондықтан парақша ұйымдастырушыларына ризашылығымызды білдіреміз, – деп пікір қалдырыпты әлеуметтік желі қолданушысы @madina_appazova.

Жалпы мұндай мәтіндегі жаңалықтар көп. Солардың қатарында бір сағаттың ішінде сатылған заттардың иелерінің және көлігінің қосалқы бөлшегін тапқан азаматтардың алғыс арқалаған пікірін атап өтуге болады. Бір сөзбен айтқанда, olx_terenozek_kz парақшасы тиімдігі мол жоба ретінде көпшілік көңілінен шығуда. Ал, өзінің аты-жөнін айтқысы келмейтін парақша админіне жұртшылық тарапынан алғаусыз алғыстар айтылуда және бұл жалғаса беретініне сенім мол.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
08 желтоқсан 2020 ж. 280 0