ЗАМАНАУИ ТЕХНОЛОГИЯ – БОЛАШАҚ КЕПІЛІ
Заманауи технологияның мүмкіншілігі күн санап артып келеді. Болашақтың айқын бағдары компьютерлік жүйені игеріп, кез-келген адам жұмыс жасауға қабілетті болуында жатыр. Кез-келген уақытта электронды қызметтің артықшылығын тиімді пайдалану тетігін жекелеген азаматқа меңгерту басты талап. Осы орайда «Жас проджект» әлеуметтік бағдарламасы негізінде Шаған ауылында тұрғындарға компьютерлік оқыту курсы жүргізіледі. Мұнда жұмыссыз жастар, әлеуметтік тұрмысы төмен оқушы мен зейнеткерлер қамтылған. Демек, қазіргі таңда 5 мыңға жуық халық шоғырланған ауылда ашылған тың жоба десек те қателеспейміз. Қайта жобаны үйлестірушілер ұтымды қызмет көрсетуге дағдыланған.
Олар компьютердің қыр-сырын үйретіп, заманға сай түрлі бағдарламаның функциясын барынша түсіндіреді. Сонымен қатар, жастардың зейінін ашатын интеллектуалды оқу процесін жүзеге асыруға ықпал етеді. Осы күні жобаға 60 адам тіркелген. Оның 23-і оқу курсын тәмамдауға жақын. Жобаның құрамында жетекші А.Тлекенова, Қ.Төребеков, М.Өмірбаева жұмыс жасап, көпшіліктің компьютерлік сауатын арттырады. Бұл дегеніміз келешекте заманауи технологияны меңгерген азамат өз мүмкіншілігі арқылы сан алуан қызметті қажетіне жарата алады деген сөз. Күрделі компьютерлік бағдарлама нұсқасын үйреніп қана қоймай келешек өзі қалаған мамандықта бар білгенін қолданатын дәрежеге жетеді. Аталмыш жобаның игілігін сезініп, пайдасын іске асырса жоба жеңімпаздарының еңбегі ақталады. Оқу процесіне толыққанды қатысқан азаматқа біліктілік туралы сертификат тапсырылады.
Компьютердің шын мәнінде тиімділігі жұмыс жүктемесін азайтуда мүмкіндік береді. Алдағы уақытта ауылдың әр азаматы үйде отырып, түрлі қызметті орындап, керегіне қол жеткізе алады. Ендеше, қарапайым халық игілігі үшін құрылған жобаның жетістігі көбейетініне сенім мол.
Б.АЯБЕКҰЛЫ