Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұңғыш Президент кітапханасындағы әсерлі жүздесу

Тұңғыш Президент кітапханасындағы әсерлі жүздесу

Болашағынан зор үміт күттіретін сырдариялық жас­тардың бірі – Сағыныш Ағыбай. Дарынды оқушы №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің 11-сыныбында оқиды. Сағыныш өткен жылы Нұр-Сұлтан қаласында «Жастар жылы» аясында «Болашаққа жол өзіңнен басталады» тақырыбымен өткен семинар-тренингке қатысқан болатын.

Озат оқушы С.Ағыбайдың Қы­зылорда облысынан семинарға қатысуға мүмкіндік алған екі дарынды оқушының бірі болғанын ұстаздары мақтанышпен айтады.

Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасында ұйымдас­ты­рыл­ған шарада қатысушылар «Тәуелсіздік дәуірі», «Төртінші өнеркәсіптік революция» тақы­рыбында лекциялар тыңдаған. Шағын топқа бөлінген дарынды оқушылар әлеуметтік жоба жасап, пікір алмасқан. Семи­нардың екінші күнінде «Рухани жаңғыру – болашаққа бас­тар жол», «Ұлы даланың жеті қыры» тақырыбындағы тыңдауға қатысқан. Ұйымдастырушылар тарапынан топтық сайыс өткізіліп, әрбір қаты­сушы өз ойын еркін айтуға мүмкіндік алды.

– Елбасы орталығының іші рухани құндылықтарға толы. Кітапханадағы мол мұрадан еліміздің құнды жәдігерлері мен Тәуелсіз Қазақстан болу жолындағы жетістіктер туралы көп мағлұмат алуға болады. Өткен-кеткен тарихқа шолу жасап, теңіз түбінен жақұт тапқандай ерекше сезімге бөлендім. Біз тек қана кітапханамен шектелмей, Қазақстанның Ұлттық музейінде экскурсияда болдық. Музейден байырғы Қазақстан мен бүгінгі Қазақстанның аралығындағы дүниелерді тамашаладық. Елімізде табылған 7 «Алтын адам», қорымнан табылған ат әбзелдерімен таныстық. Экскурсия атақты композитор Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы» күйі ойнап тұратын бөлмеден басталып, этнография залынан аяқталды, – дейді керемет әсері туралы Сағыныш Ағыбайқызы.

Елбасы туралы мол мәлімет алу мақсатында республиканың түкпір-түк­пірінен келген жастар Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейінде де болған.


– Музей толығымен Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа арналған. Тұңғыш Президенттің туып-өскен жері, отбасы, өмір жолы, мектеп қабырғасындағы сәттері көрініс тапқан. Мұнан басқа Елбасына әлем елдері сапары кезінде берілген сый-сияпат, атақ-дәреже, естелік-сыйлықтары барлығы осы музейде көздің қарашығындай сақталған, – дейді әңгіме барысында жас түлек.

Иә, тарихи орынға айналған музей арқылы әрбір қазақстандық азамат Елбасының кемеңгер тұлға екенін тани түседі. Әлем елдері арасында зор беделге ие көшбасшы, қайраткер, елін, жерін сүйетін нағыз елжанды азамат ретінде Елбасының өмір жолы үлгі-өнеге.

– Сағыныш – мектеп-лицейдің үздік оқушысы. Оның қазақ тіліне деген сүйіспеншілігі мен көркем сөз оқу шеберлігі көптеген жетістіктерге жеткізді. Шығармашылық қабілетін шыңдау мақсатында түрлі байқауларға қатысып, үнемі жүлделі орын иеленеді. Болашағы зор түлегімізді керемет мүмкіндіктер мен жетістіктер күтіп тұрғанына сенімдіміз, – дейді ұстазы Ұлболсын Қалхоразова.

Жас түлектің алдына қойған мақсаты – тіл маманы болу. Ол үшін Сағыныш қазақ тілін жетік меңгеруге ден қойған. Әсіресе, көркем шығармаларды барынша ынта-ықыласымен оқиды.

Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ

01 желтоқсан 2020 ж. 767 0