Ерекше сапардан әсер ала білдік
Болашақ – ғаламат, келешек – ғажайып... Осы сөздерді ұран ете отыра, «Жастар жылының» аясында өтіп жатқан «Болашаққа жол өзіңнен басталады» атты семинар-тренингке қатыстым.
Қаймағы бұзылмаған Қызылорда шаһарының дарынды балалары еліміздің жүрегі – Нұр-сұлтан қаласының қақ төрінде орналасқан ҚР тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасына жиналдық. Кітапхана ұжымы бізді аса зор құрметпен қарсы алды. Біз барған күні философия ғылымдарының докторы, профессор Ғазиз Телебаев жүргізген «Тәуелсіздік дәуірі», «Төртінші өнеркәсіптік революция» атты лекцияларын тыңдап көп нәрсені көңілге түйдік. Лекцияларды тыңдап қана қоймай, Күнсұлу Исинова жүргізген шағын топтарда жұмыс істеп, әлеуметтік жобалар жасадық. Өзекті мәселерді бір кісідей талқылап, олардың алдын-алу жолдарын қарастырдық. Екінші күні «Рухани жаңғыру – болашаққа бастар жол», «Ұлы даланың жеті қыры» тақырыбында өткен лекцияға қатысып, «Алты ойлау қалпағы» топтық ойыны арқылы түрлі бағытта ойымызды ортаға салдық.
Жалпы, кітапхана іші рухани құндылықтарға, еліміздің жәдігерлері мен тәуелсіз Қазақстан болу жолындағы жетістіктерге толы. Мұнда мен ерекше сезімге бөлендім.
Бас қалаға барғанда ҚР Ұлттық музейіне саяхаттадық. Музейден Қазақстанның өткені мен бүгінгі жетістіктерін көрдік. Қазақстаннан табылған 7 «Алтын адаммен», қорымдардан табылған ат-әбзелдерімен таныстық. Экскурсияның басы 40 мың тастан құралған Н.Тілендиевтің «Ата толғауы» күйі арқылы ойнап тұратын бөлмеден басталып, этнография залында қорытындыланды.
Елордада дүниетанымы кең, өз ісінің маманы Арман Балғатаймен кездесіп, болашаққа бастау алған ойлар мен мақсаттарымызды айтып, тереңінен сөз қозғадық. Осы сапарда арнайы сертификат алып, естелік суретке түстік.
Екі күн ішінде бізді білім мен болашақ, Елбасы туралы мәлімет, мамандық және жеке тұлға ретінде қалыптасу, болашаққа қадам басу жайлы мол ақпарат берген кітапхана ұжымына, маған осындай мүмкіндік жасаған №35 И.Тоқтыбаев мектеп-лицей ұжымына, қолдау білдіріп, сәттілік тілеген ата-анама алғыс шексіз.
C.Ағыбай,
№35 И.Тоқтыбаев атындағы
мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы