Болашаққа үміт – жастарға сенім
Қоғалыкөл ауылындағы №44 орта мектебінде «Болашаққа үміт – жастарға сенім» тақырыбында жастар онкүндігі өткізілді. Онкүндік аясында ұстаздар мен оқушылар бірқатар іс-шара ұйымдастырды.
Жастар онкүндігінде Бибіажар Көшекбаева «Бағалаудағы тест тапсырмаларын құрастыру» тақырыбында жас мамандарға кеңес берсе, Сағындық Қойшыбаев пен Жасұлан Дүзелбаев «Дара жол» бағдарламасы негізінде үздік диқаншы Зарқұм Смағұловпен кездесу өткізді. Кездесуде 9 сынып оқушысы, жас ақын Ақылбек Кетабай диқанға арнап өлең оқыды. Гүлшат Ержігітованың «Абай Кунанбаев – великий просветитель казахского народа» тақырыбында мектепішілік шарасы көпшілік көңілінен шықты. Еркін Сүлейменов «Әкем анам және мен» атты отбасылық сайыс ұйымдастырып, онкүндіктің нәтижелі өтуіне атсалысты. Тартысты өткен сайыс қорытындысында «Достық» тобы І орын алып, марапат биігінен көрінді. Сондай-ақ Айнұр Жалтырова дарынды ақын М.Мақатаевтың шығармашылығына арналған «Три счастья» тақырыбында ашық сабақ өткізді. Әсемай Қуаныш Абай Құнанбайұлының шығармашылығы жөнінде жақсы эссе жазып, ұстаздарының оң бағасына ие болды. Сонымен бірге биыл 175 жылдық мерейтойы тойланатын ұлы ақынды ұлықтау мақсатында Жазира Сүлейменова ұйымдастырған «Ұлы даланың – ұлы тұлғасы» тақырыбындағы сыныптан тыс шарада ерекше белсенділік танытқан Кеңес Дарын марапатталды. «Білгірлер бәйгесі» интеллектуалды сайысын Жангерім Қосжанова, Мадина Смағұлова, Назира Сарымбетова бірлесе ұйымдастырды. Интеллектуалды сайыс қорытындысында 10 сыныптан құралған «Red Orda» тобы бас жүлдені жеңіп алды. Ал Клара Ибраева мен Жадыра Каримова «Өшпейтұғын артында із қалдырған» тақырыбында тағылымды шара өткізіп, 4 сыныптан құралған «Дара тобы» жеңіске жетті. Ұжым қызметкерлері мен оқушылар белсене қатысқан Ерсұлтан Амировтың «Эстафеталық сайысында» «Сұңқар» тобы І орынды қанжығасына байлады. Сонымен бірге, Тұрар Жағыпаров оқушылардың белсенділігін арттыру бағытында «Сынып дарабозы» атты іс-шара өткізді. «Сынып дарабозы» атағы Әсет Қуанышқа берілді. Онкүндікте күнделікті үзілісте оқушыларға сұрақ қою және олардың білімдерін бағалау бағытында да іс-шара өтті. Оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану бағытында өткен қызықты шарада Айдана Жалғасова үздік деп танылды. Осылайша, жастар онкүндігі жоғары деңгейде қорытындыланып, ұстаздар мен оқушылар мектеп директоры С.Қаюповтың Алғыс хатымен марапатталды.
Майя ҚОЖАБАЙ