Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Нұрсұлтан ӘБІЛДАЕВ, мемлекеттік қызметкер: Көшбасшымен үш рет кездесу бақыты бұйырды

Нұрсұлтан ӘБІЛДАЕВ, мемлекеттік қызметкер: Көшбасшымен үш рет кездесу бақыты бұйырды

Елдің есінде қалған тарихи күн 1986 жылы орын алған болатын. Бұл жылы сырдариялық Социалистік Еңбек Ері Балдырған Мұстапаеваның үлкен келіні Мар­жан босанып, ер бала дүниеге келген еді. Сол кездегі Үкіметбасы Нұрсұл­тан Назарбаев Сыр еліне сапары барысында Шіркейлі ауылына келіп, егінжаймен танысады. Шаңырағына түскен құтты қонақ Нұрсұлтан Әбішұлының рұқ­сатымен Балдырған апа немересінің есімін Нұрсұлтан қояды. Бұл кездесуден кейін Нұрсұлтан Әбілдаев Тұңғыш Президентпен үш рет кездеседі. Әркез Нұрсұлтан кемеңгер тұлғаның өзіне жасаған қамқорлығы мен ғибратын көпшілікке мақтан етеді. Біз «1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күні» мерекесіне орай облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары, ауданымыздың тумасы Нұрсұлтан Әбілдаевпен сұхбаттасқан едік.

Нұрсұлтан Алтынбекұлы, осыдан 34 жыл бұрынғы тарихи оқиғаны кеңінен айтып бер­сеңіз.
– Мен даңғайыр диқан, Социалистік Еңбек Ері Балдырған Мұстапаеваның немересімін. Әжемнің егін даласында жүріп жеткен жетістігі көп. Сыр еліне жасаған жұмыс сапары кезінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы диқандардың жұмысын өз көзімен көреді. Егістік алқабында егіннің жай-күйін бағамдап, жұмыс жоспарымен танысып жатқан сәтте әжеме сүйінші хабар жетеді. Көреген басшының құтты қадамы болар, сол күні мен дүние есігін ашыппын. Қуанышы қойнына сыймаған әжем Елбасына сәбидің есімін қоюды ұсынып, ақ батасын алады.

– Қалың оқырманға сөз басында Тұңғыш Президентпен үш рет кездескеніңізді айтқан едік. Ендігі кезекте, Елбасымен болған кездесуге тоқтала кетсеңіз.
– Тарихи оқиғадан кейін араға 5 жыл салып, Ел­басы Сыр еліне іс-сапармен келді. Ол кезең Қазақстан егемендігіне қол жеткізген уақыт болатын. Ел Президентімен кездесуге әжем мені де алып барғаны есімде. Сол кездегі қуанышымда шек жоқ еді. Ол кездесуде Ұлт көшбасшысы маған ұшақ макетін сыйлады. Бала болсам да, қымбат сыйлықты алған сәтте ерекше қуаныш сезімі кеу­демді кернегені рас.
Ал, келесі кездесуімде Елбасы қамқорлығын шын се­зіндім. Ол кезде мен 9-сынып оқушысы едім. Әжем мен туралы Тұңғыш Президентке айтып берді. Елбасы барлығы есінде екенін, ұмытпағанын айтып, өткен күнді еске алып, әжеммен пікірлесті. Әңгіме барысында сарабдал саясатымен әлемді мойындатқан көреген Көшбасшы менен «Қайда оқығың келеді?» деп сұрады. Мен көп ойланбастан «Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде» деп жауап бердім.
Мектеп бітірген жылы елордаға оқуға түсуге оқталғанымда әжем Елбасын майда-шүйде мәсе­лемен мазасын алмауға ұйғарым жасады. Біз Елбасы жұмысының алға басуына әркез отбасымызбен тілекші едік.
2005 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Заңгер» мамандығы бойынша оқып жүргенімде тағы да Мемлекет басшысымен кездесу бақыты бұйырды. Кездесуде Елбасы маған өзінің қолы қойылған қол сағатты табыстады. Бұл сыйлық мен үшін өте құнды. Сағатты көріп, Елбасымен кездескен сәттерімді жиі еске түсіремін.
– Көреген саясаткер сенімін абыроймен арқалап жүру сізге қандай міндет жүктейді?

– Елбасы есімін иелену мен үшін зор жауапкерші­лік жүктейді. Ұлы тұлғаның атына кір келтірмей, ел игі­лігі жолында еңбек етіп келемін. Еңбек жолымды Қызылорда қаласындағы «Қызылорда Траст» ЖШС-де механик қызметінен бастадым. 2012 жылы Елбасыға хат жаздым. Арада бір апта уақыт өткеннен кейін сол кездегі Қызылорда облысының әкімі Болатбек Қуандықов қабылдады. Елбасы қамқорлығының арқасында 2012-2015 жылдары Қызылорда облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аймақтық даму бөлімінде инспектор, жетекші маманы бола жүріп, мемлекеттік кез­меттің қыр-сырына қанықтым. Осылайша, 2016 жыл­­дың қаңтар-маусым айы аралығында Нағи Ілиясов ауыл­дық округінің әкімі қызметіне тағайындалып, мемлекеттік қызметтің жаңа баспалдағына көте­рілдім. Серпінді Сырдария ауданында қызмет еткен жылдарым сан алуан бағытта тәжірибе жинақ­тауыма септігін тигізді. 2016-2017 жылдары аудан әкімі аппаратының құжаттамалық қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің бас маманы, 2017-2018 жылдары аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру және инспекторлық жұмыс бөлімінің басшысы қыз­метінде жүріп, көпті көрген аға-апаларымыздың ақылына жүгіндік, тағылымды тәрбиесін көрдік. Сонымен бірге, 2018-2019 жылдары аудан әкімі ап­паратының басшысы болған кезімде елге қызмет етудің асқан жауапкершілігін терең сезіндім. Қазіргі таңда облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары қызметіндемін. Жауапты жұмыста ізденіс пен білік­тілікті арттыру – негізгі мақсат болып табылады. Қай қызметте де жауаптылықпен еңбек ету – Елбасымен әрбір кездескенімде артылған сенімнің жүгі деп білемін.

Ел игілігі жолында тың бастамаларды жүзеге асыруда Елбасының еңбегі ерен. Қызмет барысында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлының тұрақтылық пен татулық жолында сындарлы саясатына иек артып келеміз. Елдің өркендеуіне үлес қосуды перзенттік парызым деп санаймын.

– Елбасы бойындағы қандай қасиетті жо­ғары бағалайсыз?

– Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен әжем Балдырған Мұстапаева 1981 жылы жұмыс барысында танысқан екен. Әжем кішкентай кезімнен Елбасының еңбек адамын ерекше бағалайтынын, құрмет тұтатынын айтып отыратын. Ширек ғасырдан астам уақытта ел тұрақтылығын сақтап, елімізді дамушы мемлекеттер қатарына қоса білді. Ата-бабамыз аңсаған Тәуелсіздіке қол жеткізіп, ел абыройын асқақтата түсті. Елдің ертеңі – білімді жастардың қолында. Елбасының жастарға қамқорлығы ерекше. Жасампаздық пен кемел келешектің негізін қалыптастырған Ұлт Көшбасшысының ұлтжандылығын жоғары бағалай­мын.

– Ұлт Лидерінің ақ батасын алған азамат ретінде кейінгі буынға айтар ақылыңыз?

– Болашақтың кілті білімді жастың қолында екенін айтудан жалықпаймын. Тілімізді, ұлттық құндылығымызды, салт-дәстүр мен мәдениетімізді қастерлеу әрбір жастың азаматтық борышы болуы керек. Жылдар бойы нарықтық экономикаға бейімделіп, Қазақстан ауқымды реформаларды жүзеге асырып келеді. Ел әлеуеті артып, мызғымас бірлігіміз қалыптасты. Көп ұлтты мемлекет ретінде игі істердің жасампаз үлгісі көрініс тапты. Егемен елдің бәсекеге қабілетті жастарының бойында патриоттық сезім басым болғаны абзал. Өскелең ұрпақ Елбасының сара жолымен жүрсе, ынтымағы жарасқан елімізді алға қарай ілгерілетеді деп се­немін.

– Мерекелік лебізіңізді білсек.

– «1 желтоқсан – Тұңғыш Президенті күні» мерекесін отбасымызбен асыға күтеміз. Отбасында балаларыма Елбасының ұлағатты сөздерін жиі айтып отырамын. «Тұңғыш Президент күні» мерекесімен сырдариялықтарды шын жүректен құттықтаймын. Болашағымыз баянды, елдігіміз еңселі болсын!

Сұхбаттасқан
Балтабай ОРДАБЕКОВ

01 желтоқсан 2020 ж. 708 0