Бақытының бастауы – диқаншылық...
Балдырған есімі бала күнімізден құлағымызға сіңісті болды. Өйткені Ол кісі ерен еңбектің иесі еді. Ол туралы мақалалар аудандық, облыстық газеттерде үзбей жарияланатын. Мектеп оқушысы кезімізден газет оқуға деген ынтызарлық Балдырған апай тәрізді еңбекқор жандарды жеке тануымызға септігін тигізді.
Балдырғанды жақын тұтатын тағы бір себебіміз, ол «Қараөзек» кеңшарының орталығы – Жаңарықтың қызы. Біздің де сол «Қарөзек» кеңшарының Ақиін бөлімшесінде балалық шағымыз өткен.
– Біз Балдырған екеуміз бір ауылданбыз. Тереңөзек ауданында Айнакөл, Жаңарық деген елді мекендер – біздің ауылдарымыз еді. Балдырғанның балалық шағы сол замандағы бәріміздің балалық шағымыз сияқты ауыр уақытта өтті. Елдің басына түскен барша қиындық, Ұлы Отан соғысының зардабы оны ерте еңбекке араласуға мәжбүр етті. Сондықтан да Балдырған ерте есейді, әкесі Мұстапа ерте дүниеден өткен соң, қалай болғанда да балаларын жеткіземін деген ана арманының орындалуына әлі келгенше демеу болды, – деп жазады қоғам қайраткері Алмагүл Божанова «Елдің бағын жандырған ер Балдырған» атты кітабында.
«Жас пен жастың тілегі бір, жібектің түйіні бір» дегендей, біздің кейіпкеріміз бойжеткен соң тұрмыс құрып, өмірлік серігі Оразбай ағамен бірге комсомолдық құрылыста еңбек етті. Содан кейін барлық бақытының бастауы болған диқаншылыққа біржолата бет бұрды.
1962 жылы ерлі-зайыптылар сол кездегі Қазақ ССР-нің 50 жылдығы атындағы кеңшарға көшіп келіп, күріш екті. Аталмыш шаруашылықта сегіз жыл еңбек еткеннен кейін отбасымен Шіркейлі кеңшарына қоныс аударып, диқаншылық кәсіпті одан әрі жалғастырды.
Сыр салысын өсіруші, озат күрішші Балдырған Мұстапаеваның осы шаруашылықта еңбегінің жұлдызы жарқырады. Қарапайым еңбекқор жан маңдай терін төгіп, маржан дән өсіріп, ел құрметіне бөленді. Елдің бағын жандырған ер Балдырған Шіркейлі кеңшарында 1971 жылдан денсаулығына байланысты зейнет демалысына шыққан 1989 жылға дейін екпінді еңбек етті.
Егіншіліктің ғылыми жетістіктерін агрономнан кем білмейтін тәжірибелі күріш өсіруші Б.Мұстапаева әр жылдарда өзіне бекітілген егін алқабынан жоғары өнім алып, ауыл, аудан абыройын асқақтатты. «Еңбегіне қарай өнбегі» дегендей, алажаздай иығынан кетпені мен орағы түспей жүріп, Сыр сұлуын қызындай мәпелегеннің арқасында абырой биігінен көрінді. Адал еңбекпен, төгілген тер өз нәтижесін беріп, биік белестерге бастады. «Ерінбей еңбек еткенге бақыт басын иеді» дейді халық даналығы. Сол айтқандай, Балдырған апа 1972 жылдан бастап, араға екі жыл салып мемлекеттік марапаттарға ие бола бастады. Атап айтқанда, 1972 жылы «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен, 1974 жылы «Еңбек Қызыл Ту», 1976 жылы «Ленин» орденімен марапатталды.
– Балдырғанның өмірі, еңбегі, тыныс-тіршілігі менің көз алдымда. Сол уақытта ол ауылдағы әйелдердің, оның ішінде бес баламен жесір қалған балаларына ана, әке орнына әке болып, тұрмыстың ауыртпалығын көтеріп, бақытын еңбектен тапқан жан еді. Балдырған ерте көктемнен күзгі егін жиналғанға дейін егіс басына көшіп барып, ертелі-кеш күріштің ішінде жүрді. Күріш жиналғаннан кейін Балдырған әрбір атызды картаға түсіріп, атыздың тегістігіне талдау жасап, жер қатқанға дейін механикаландырылған отрядқа атыздарын тегістетіп, келесі көктемге дайындап қоятын. Балдырғанның күріштік жері Шіркейлі кеңшарына кіре берісте үлкен асфальт жолдың бойында болды. Оның егістігі шаруашылықтың айнасы десе де болғандай еді. Ол егістікте аудандық, облыстық тәжірибе алмасу семинарлары өткізіліп тұрды, – дейді кезінде осы шаруашылықты басқарған мемлекеттік қызмет ардагері Өмірзақ Сәдуов.
Сыр сұлуының сырын, бабын білетін Балдырған апа 1971-1988 жылдар аралығында 60-70-100 центнерден өнім алды. Ал 1981 жыл ерен еңбек иесі үшін жұлдызды жыл болды. Бұл жылы ол ең жоғарғы марапат – «Социалистік Еңбек Ері» атағын иеленді. Қазақстан Компартиясы XIV, XV съездеріне делегат, Орталық партия комитетінің пленум, облыстық партия комитетінің бюро мүшесі болған қоғам белсендісі Б.Мұстапаева Үкіметбасы Н.Ә.Назарбаевпен шетелдік сапарда және пленум отырыстарында кездесіп жүрді. Социалистік Еңбек Ері Вьетнам еліне тәжірибе алысуға барғанда Үкіметбасымен сапарлас болды.
Н.Назарбаев 1986 жылы Қызылорда облысына іс-сапармен келгенде Шіркейліге келіп, егіс алқабымен танысып, Балдырғанмен жүздесті, үйіне түсті. Осы сапарда Балдырғанның үлкен келіні Маржан босанып, немересінің есімін ол кісінің рұқсатымен Нұрсұлтан қойды. Ержеткенде кіші Нұрсұлтанды Елбасы өзі оқытатынын айтып, оны ерекше назарда ұстады. Соның арқасында ол үлкен кісі мен әжесінің сенімін ақтай алатын азамат болып ержетті. Қазіргі таңда Нұрсұлтан Әбілдаев мемлекеттік қызметтің көптеген сатысынан өтіп, Қызылорда облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары. Ол қызметін өз ауылынан бастап, біліктілігінің арқасында көтерілді. Бүгінде Социалистік Еңбек Ері Балдырған Мұстапаеваның бес баласынан 22 немере, 21 шөбере өсіп келеді.
«Қолдан баптап Сырдың сұлу күрішін,
Тапты содан бақытын да ырысын.
Елің барда, жұртың барда Балдырған,
Сен мәңгілік тірісің» – деп Мұхтар ақын жырлағандай, қастерлі ісімен артына айшықтай із қалдырған еңбекқор жан елдің мәңгі жүрегінде.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ