Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мектеп – бар білімнің бастауы

Мектеп – бар білімнің бастауы

Басылымның «Ауыл» жобасы аясында Іңкәрдария елді мекеніндегі білімнің қарашаңырағы №191 орта мектепке арнайы барған болатынбыз. Тағылымды білім ордасы қай кезде де мектеп үздіктерімен мақтанады. Шалғайда орналасқан «Қызыл­құм» маңайынан талай талант суырылып шыққан. Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде мектеп түлектері абыройлы еңбек етуде. Оның ішінде білім, медицина, журналис­тика, экономика, ауыл шаруашылығы саласын жетік меңгерген тәжірибелі мамандар жеткілікті. Олардың қатарында Бекмұрат Тыныштықбаев, Қали Омаров, Қалдыгүл Жаныбаева, Жанұзақ Байманов, Ислам Шахаев, Қалдыбек Есдәулетов, Айым Райымбекова, Айсұл Қасымова, Қазыбек Омаров, Нұрсұлу Қасымова, Нұрлыбек Қасымов бар. Ал, 2018-2019 жылғы оқу жылында №191 орта мектебінің түлегі Азат Шыңғысбекұлы «Алтын белгі» иегері атанып, ауыл мерейін асқақтатты.

Азат Шыңғысбекұлы отбасында 5 аға­йын­­ды. Ол Алматы қаласындағы Абай Құнанбайұлы атын­дағы Қазақ ұлттық педа­гогикалық уни­верситетінде «География» пәні мұғалімі мамандығы бойынша білім алуда. Дарынды жас іргелі оқу орнында білім ала жүріп, «Білім education» орталығының оқытушысы атанды. Сонымен бірге, талантты жас бала күнінен өлең жазу мен сурет салуға машықтанған.

– Алматы қаласында өзім қалаған маман­дық бойынша мол тәжірибе жинақтап, тың жобаларды жүзеге асырып келемін. Қа­зіргі таңда «Талапкер» оқу орталығында география пәні бойынша оқушыларға дәріс берудемін. Алға қойған мақсат айқын. Өзім білім алатын университет жанынан ашылған «Әскери кафедра» курсантымын. Әркез №191 орта мектеп ұстаздарының үмітін ақтап, болашақта үздік маман атану мақсатым, – дейді жас дарын иесі.

Әр жылдары үздіктерді шығаратын ауыл мектебінде 200 оқушы 38 ұстаздан білім алуда. Өткен жылы Шынар Қуанышбек пен Нұрдәулет Сейтмұрат «Үздік аттестатқа» қол жеткізді. Әр жылдары ҰБТ-ның нәтижесінде мектеп түлектері мемлекеттік грантты жеңіп алуда.

– Дарынды оқушылармен жұмыс жасау – ұстаздардың біліктілігін арттыра түседі. Ауылдың тарихына мектеп оқушылары зерттеу жүр­гізіп келеді. Жекелеген шәкірттеріміз халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық олимпиаданың жүлдегері атанып, зор жетістікке жетуде. Биылғы оқу жылын 10 түлек тәмамдайды. Оның ішінде 4 «Алтын белгі», 1 «Үздік аттестатқа» үміткер бар, – дейді мектеп директоры Ғалым Махмудұлы.

№191 орта мектепте осы күні «Бас­тау» домбырашылар үйірмесі мен «Шахмат» спорт секциясы тұрақты жұмыс жасайды. Осыдан екі жыл бұрын білім саласының ардагері Жұматай Қасымовтың «Қызылқұмдағы бі­лім ордасы» аты кітабы жарыққа шығып, онда мектеп тарихында орын алған елеулі оқиғалар қамтылған.
Іңкәрдария,
Етейік атыңды атыңды әлемге жария.
Іңкәрдария,
Біздерге баталы, кемеңгер қария, – деп жергілікті ақын, сазгер Шынар Ізбасқанова шырқағандай, мектеп мақтаныштары ауыл атын шығара берсін демекпіз.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
17 қараша 2020 ж. 552 0