Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сөз сәулесі

Сөз сәулесі

Кедейсің бе, байсың ба, Кетпе озып әдептен...

Жалтақтамай әркімге,
Сөздің айтсақ ашығын.
Керек құрту қоғамның,
Жемқоры мен масылын.

***
Адам жөнді білмесе,
Еңбекте өз құқығын.
Жетпей қолы жатады,
Істің таппай ұтымын.

***
Сүрсең өмір көресің,
Істің кедір-бұдырын.
Бейімделіп жаманға,
Өзгереді үғымың.

***
Үлкен жолды, өткелді,
Бастан бәрі кешірді.
Биікке бірін көтерсе,
Бірін езіп, өшірді.

***
Жоқ ойында жат пиғыл,
Мүлде тіпті аңқаумыз.
Өсек емес, ашығы,
Қазақ осы жалқаумыз.

***
Дүние, байлық адамның,
Көзінің құртын жегендей.
Не болса соған қызығып,
Есінен танды дегендей.

***
Сынбай сағы адамның,
Қайтпас алған бетінен.
Бастап алға келеді,
Батыр дерсің шетінен.

***
Қайтпас, қайсар, ержүрек,
Қазақтың қара баласы.
Танылды тегіс әлемге,
Кең байтақ қазақ даласы.

***
Байқасаңыз өмірдің,
Саңлауы көп, сыры көп.
Дәлдеп қанша соқсаң да,
Қалар түспей кейде дөп.

***
Күнделікті тірлікке,
Салсаң көздің қиығын.
Айдан анық көресің,
Қоюы мен сұйығын.

***
Жіберіп ой өткенге,
Байқасаң кей кездері.
Мыжып миды кетеді,
Неше түрлі ездері.

***
Әлімсақтан қу түлкі,
Түскен емес қақпанға.
Жоламайды еш бәле,
Тас қып аузын жапқанға.

***
Ақылын ата-ананың,
Кетсе ілмей құлаққа.
Өсіп әке болғанда,
Түсер өзі тұзаққа.
***
Мінсе атқа ертерек,
Қысқаны жөн тақымын.
Үстінде жайдақ көліктің,
Көрмей тұрып зақымын.

***
Сақтасаңыз ар мен ұят,
Көңілің пәк, жүзің жарқын.
Жабылып көкке көтереді,
Болып риза бүкіл халқың.

***
Ел мүддесін бәрінен,
Биік ұста жоғары.
Сағың сынбай жүретін,
Болсын таза қоғамы.

***
Бастағанда әр істі,
Адал болсын ниетің.
Біліп халқың қадірлеп,
Ақ көңілмен сүйетін.

***
Секірер адам тоңса да,
Амалдың басқа жоғынан.
Тойған кісі шіренер,
Тамақтың да тоғынан.

***
Үн қатпайды ұдайы,
Жинап сөзді ойына.
Сіңіп әлде кеткен бе,
Тал шыбықтай бойына.

***
Серуендеп жүрсең далада,
Көрінер қызық әр төбе.
Мұнартқан сол биіктің,
Басына шықсаң мәртебе.

***
Уысында ұстаған,
Дүние, байлық, атақты.
Келген қарсы адамға,
Жүр шығарып шатақты.

***
Болмаса көңіл әуені,
Ісің оңға баспайды.
Баяғыдан бар нақыл,
Байтал түгіл, бас қайғы.

***
Қарапайым халықтың,
Болмаса да жазығы.
Кетті шулап бәрі де,
Таусылған соң азығы.

***
Болар бала жасынан,
Қамын елдің ойлайды.
Қойған алға мақсатқа,
Қолы жетпей қоймайды.

***
Жүрсең дұрыс өсерсің,
Серуендеп жаһан кешерсің.
Көтере берсең танауды,
Болып мәңгүрт өшерсің.

***
Кетті өтіп көп жылдар,
Сансыз айлар.
Тірліктің болашағын,
Салиқалы кім бар ойлар?

***
Саяз суда,
Балықтай қайраңдаған.
Өтті жастық,
Дүниені сайрандаған.

***
Әлемде болған жағдайды,
Ғаламтордан көз көрді.
Шығып астаң, кестеңі,
Қу өмір қалай өзгерді?!

***
Ақыл-ойы адамның,
Телегей теңіз көл дейді.
Тірлігі іске асырған,
Өмір-бақи өлмейді.

***
Шыдаған соның бәріне,
Басы адамның мықты ғой.
Өткеніне көз салсаң,
Билер бойды терең ой.

***
Қулық, сұмдық адамды,
Кетеді жығып орға да.
Жаман әдет түбінде,
Батырады сорға да.

***
Жоламайды еш бәле,
Аузын берік жапқанға.
Сөйлегенде бекем бол,
Қалмай түсіп қақпанға.

***
Аталы сөз миыңа,
Сүңгіп терең кетеді.
Болса басы түсінетін,
Санасына жетеді.

***
Қомағай, қорқау, алаяқ,
Бармайды өте ұзаққа.
Келтіріп тағдыр иінін,
Түседі өзі тұзаққа.

Итен ҚАРЫМСАҚҰЛЫ,
ҚР Ақпарат саласының үздігі, Қазақстанның Құрметті журналисі,
Қызылорда қаласының және Сырдария ауданының Құрметті азаматы.

03 қараша 2020 ж. 967 0