Құшағы кең қазақ жұртына – мың алғыс
Менің түрім басқа болғанымен жүрегім қазақ деп соғады. Себебі менің туған жерім ұлы байтақ даласы – Қазақстан, қасиетті Сыр елі. Шыр етіп дүниеге келгенімнен бастап, мені қоршаған орта жүрегі мейірімге толы қазақ жұрты болды.
Құдайы көршілеріміз бен достарым, ата-аналарымның жора-жолдастары бәрі-бәрі қазақ. Мектепте бірге оқыған құрбы-достарымның дені қазақ ұлтынан болды. Бір сыныпта қазақ балаларымен бірге орыс, корей, молдаван, шешен ұлтының баласы бірге оқыдық. Мұғалімдеріміз де басқа ұлттан еді. Барлығымызды жаңа өмірге бейімдеп, адамгершілігі мол, білімді де, білікті азамат болып қалыптасуымызға ұстаздарымыз өз үлестерін қосты. Қазір өзім де ана атанып, корей ұлтының жігітімен бас қостым. Баламыз бар. Үлкен ұжымда еңбек етемін. Бір-бірімізбен қазақша сөйлесеміз.
Көктемнің алғашқы күнімен қатар келетін 1 наурыз – Алғыс айту күнімен өзге ұлт өкілдерін қиын-қыстау заманда құшақ жая қарсы алған қазақ еліне, ата-бабамызға пана берген, қолындағы соңғы бір үзім нанымен бөліскен кең пейілді қазақ бауырларымызға алғыс айтамын. Бүгінде көгеріп-көктеп отырғанымыз, ата-анамыздың өрісін кең жайғаны қазақтың арқасы. Әлемнің ешбір халқында жоқ кең пейілділік қазақ ұлтына ғана тән. Сондықтан мейірім мен ізгілік нұрын сепкен айтулы мерекемен қазақ елін құттықтаймын.
Лариса СТЕПАНОВА,
орыс ұлтының өкілі