Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ата-баба үрдісін, сақтау біздің салтымыз...

Ата-баба үрдісін, сақтау біздің салтымыз...

Құқық тақырыбында қалам тербейтін белгілі журналист-жазушы Итен Қарымсақұлы Сырдария ауданының Аманкелді ауылының тумасы. Оның мектепте оқып жүрген сонау 1955 жылдың 29 мамыры күні  Сырдария аудандық «Коммунизм таңы» газетінің № 45 /82/ санында «Сушының міндеттемесі» деген тұңғыш мақаласы жарық көрді. Осы талпыныс оған үлкен өмірге жолдама беріп, болашақ журналистің жолын ашты. 
Оқырман қауымға жас тілші ретінде  танылған жерлесіміз әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетін бітірді. Қызылорда, Торғай және Жезқазған облыстық газеттерінің редакцияларында тілші, жауапты хатшының орынбасары, бөлім меңгерушісі және алқа мүшесі қызметтерін атқарды.  Қызылорда облысының және Алматы қалалық прокуратурасында баспасөз қызметіне жетекшілік етті. Қазірде республикалық «Құқықтық Қазақстан» газеті Бас редакторының орынбасары.
     И.Қарымсақұлы ҚР Ақпарат саласының үздігі, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ы.Алтынсарин төс белгісінің иегері, қазақ журналистикасының қайраткері. «Қазақстан Республикасының прокуратурасына 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік, өзге де көптеген медальдардың иегері. Алматы қаласы Наурызбай ауданының Құрметті ардагері, Қызылорда қаласының және Сырдария ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одақтарының мүшесі,  бірнеше кітаптың авторы.
Итен Қарымсақұлы соңғы кездері орнықты ой, пайымды пікірлерін жыр тілінде кестелеп жүр. Әр шумағынан үлкен ой, терең мағына байқауға болады. Газетіміздің бүгінгі номеріне журналист-жазушының көпшілік қауымға ой саларлық шығармаларын жариялауды жөн көрдік.

Өтеді сөз – сүйектен,
Таяқ - еттен.
Атыңа сын айтылса,
Алма беттен.
***
Ар мен ұят егіз,
Жатқан шалқып теңіз.
Ой жіберіп өмірге,
Ұрпақтың қамын жеңіз.
***
Таусылды ғой төзім,
Қалмасын жерде сөзім.
Кімнің қандай екенін,
Көріп жүр екі көзің.
***
Ата-баба үрдісін,
Сақтау біздің салтымыз.
Қойсақ қалып жар жолда,
Бүтін емес, жартымыз.
***
Айтайын бір дерек,
Ұғар мұны зерек.
Абыройын қоғамның,
Қатаң сақтау керек.
***
Мына нұрлы өмірдің,
Неге шырқын бұзамыз?
Әдепсіз істі көргенде,
Келеді ашу-ызамыз.
***
Тәрбиесін баланың,
Алмасаң қолға жасынан.
Бетбақтырмас өскенде,
Мейманасы тасыған.
***
Ұяда не көрсең,
Ұшқанда соны ілесің.
Өмірдің мәнін ұқпасаң,
Басың айналып жүресің.
***
Ойлаған адам бас қамын,
Жәй-күйін білмес басқаның.
Уақыт жылжып өтеді,
Білсең өмір қас-қағым.
***
Қу тағдырдың қызығы,
Жанға тыным бермейді.
Денсаулық кетсе сетінеп,
Қолыңнан түк келмейді.
***
Толқынында өмірдің,
Бұйырма сөзді айыпқа.
Мініп әзір келеміз,
Жалғыз ескек қайыққа!
***
Қанатына оқ тиген,
Бір жаралы құстаймыз.
Көтеріліп биікке,
Неге самғап ұшпаймыз?
***
Қызық жансың өзің,
Мұны терең сезін.
Көбіне құлақ салмайды,
Қатар жүрген езің.
***
Кетпесін көз алдыңнан,
Ананыңасыл бейнесі.
Ұмытып неге кетеміз,
Қадірін білмей кейде осы?!
***
Көбіне артық кетеміз,
Сақтамай сабыр, ізетті.
Қабағың түссе, түнімен,
Көз ілмей сені күзетті.
***
Көсегесі көгерер,
Анасын мәңгі ұнатқан.
Ал, сорлайды өмірде,
Жазықсыз жанды жылатқан.
***
Ананың жүзі, тұлғасы,
Шықпасын мәңгі есіңнен.
Өніп, өссін ұрпағы,
Далада кең көсілген.
***
Айтпа ақыл ұқпасқа,
Бос шығын ғып сөзіңді.
Білмей ана қадірін,
Етер тәлкек өзіңді.
***
Қашан, қайда жүрсең де,
Анаға аусын пейілің.
Ақтау үшін ақ сүтін,
Болсын таза зейінің.
***
Анасын көріп қызын ал,
Атадан қалған өсиет.
Жеткізер құт-береке,
Бойына сіңген қасиет.
***
Анаға тартып қыз туар,
Бойына жинап көргенін.
Болса жаман әйелің,
Өмір бойы өлгенің.
***
Әйелдіңсөзі құйын,
Тәртіпке салу қиын.
Мүлде басың айналып,
Атала болар миың.
***
Ойы таза алтындай,
Мінезі де салмақты.
Осындай қызға қызығып,
Сал тезірек қармақты.
***
Көңілің де өседі,
Болса жақсы ұл-қызың.
Біле білсең бұл сенің,
Көкте жанған жұлдызың.
***
Бар ұшпағың, қызығың,
Көретін қыз, ұл ғана.
Бекерге кеуде көтеріп,
Өзіңді-өзің бұлдама.
***
Бәрін көріп, білген соң,
Айтсам сөздің түйінін.
Тағдыр басқа салмасын,
Баланың жаман күйігін.
***
Болса балаңсүйкімді,
Тарқатады шеріңді.
Көңіліңнен шықпаса,
Тарылтады теріңді.
***
Баласына адамның,
Ең керегі - қанағат.
Сақта сабыр өмірде,
Құнықпаңдар, жамағат!
***
Сәл нәрседен ренжіп,
Қалса адам көңілі.
Пәсеңсіп ішкі сезімі,
Ұмытпайды өмірі.
***
Айтсам бір сөз өтім,
Кетпес жарылып өтің.
Балаң тіліңді алмай,
Жүрмесін қызарып бетің.
***
Жастайынан баланың,
Түземесең бесігін.
Қинайды ашып, жапқанда,
Қу дүние есігін.
***
Бүгінгі бала өресі,
Бұрынғыдан тым биік.
Ұлың түгіл – қызың да,
Тұр секіріп бір киік.
***
Балаңның жүріс, тұрысы,
Көңіліңнен шықпаса.
Салың суға кетеді,
Айтқаныңды ұқпаса.
***
Үйрет бәрін балаңа,
Сала бермей қыспаққа.
Болса дұрыс қайырымы,
Жетер қолың ұшпаққа.
***
Білсең балабайлығың,
Алақанда аялар.
Болса жаман, біткенің,
Өлуге халің таянар.
***
Қызғаншақ болма өмірде,
Болсын таза ниетің.
Жақсылық жаса адамға,
Құрметтеп шын сүйетін.
***
Жасама залал досыңа,
Кешікпей келер басыңа.
Кісімсіп кеуде көтеріп,
Бекерге асып, тасыма.
***
Болса таза пейілің,
Кетеді ұзап ғұмырың,
Көзге сұлу көрінер,
Еңбекпен шыққан тұғырың.
***
Күнде жүріп, тұрғанда,
Болсай ие ауызға.
Ішінде бір дәні жоқ,
Кетпей ұқсап қауызға.
***
Адамды босқа алдама,
Қашады іс жүйесі.
Жолың болмай тірлікте,
Жұғады жұртқа күйесі.
***
Адамға кек сақтама,
Ісің оңға баспайды.
Бойды билеп арамдық,
Көңілді кірлеп тастайды.
***
О басында жаратқан,
Еткен мінсіз адамды.
Ұстап таза бойыңды,
Дұрыстап бас қадамды.
***
Ұрпақ өмір жалғасы,
Сал ұдайы назарды.
Түзу жолға түспесе,
Көресің сұмдық азарды.
***
Тәрбиенің қалдырмай,
Берсең-дағы қандайын.
Жетесіне жетпесе,
Ашылмайды маңдайың.
***
Жетпесе ойдыңтүбіне,
Ағартады шашыңды.
Алдында елдің қорлайды,
Алтындай асыл басыңды.
***
Жүрген жүрісің жаман,
Кіреді қашан санаң?
Ойла алды, артыңды,
Ержетіп қалды балаң.
***
Болса дұрыс ісің,
Қалар жылып ішің.
Басып оңға шаруаң,
Арта түсер күшің.
***
Барады зулап уақыт,
Жатқан ағып бұлақтай.
Ұстасаң қолға тұрмайтын,
Жылтылдап тұрған сынаптай.
***
Болма құлы нәпсінің,
Жолына түсіп салынып.
Өмірден ығып кетесің,
Өсек сөзге малынып.
***
Жақсы адамның бойына,
Жарасады кісілік.
Кере берме кеудеңді,
Шіреніп, кейде ісініп.
***
Тойымсыз адам өмірі,
Құнығуын қоймайды,
Көмей шіркін бүлкілдеп,
Жеуді ғана ойлайды.
***
Аталы сөз - алтын,
Шашылып жерде қалмас.
Өмірді терең түсінген,
Жамандыққа бармас.
***
Адамның  өн бойына,
Биязылық жарасады.
Сөзге - қонақ бер,
Сонда кім таласады?!
***
Бойдан шуақ төгіліп,
Тәңір өзі сақтасын.
Түсін адам суытып,
Ала көзбен атпасын!.
***
Дүние, байлық бір күндік,
Барасың қайда асығып?!
Ертең өзің өлгенде,
Қалады бәрі шашылып.
***
Дүниенің түбіне,
Жете алмайсың, жетпейсің.
Қанша кеуде керсең де,
Елден озып кетпейсің.
***
Жақсы менен жаманның,
Ара жігін ашыңыз.
Құшағыңды кең жайып,
Бойдан шуақ шашыңыз!
***
Жолатпа мүлде маңыңа,
Адамның жын, перісін.
Екі көзі қызарып,
Салатын ұрыс-керісін.
***
Тыныштық сақтап әрдайым,
Бір қалыпты жүрейік.
Бұзбай шырқын қоғамның,
Құлақты ғана түрейік.
***
Алтыннан қымбат Отаның,
Күлімдеп, гүлдеп өсесің.
Болмаса түзу ниетің,
Тамырың солып, өшесің.
***
Туған жерін көркейтер,
Отанын шын сүйетін.
Ойың алға баспайды,
Болса жаман ниетің.
***
Сөз – мәңгі өлмейді,
Жатады ылғи жаңғырып.
Уақытпен алға жылжиды,
Адамзатты таң қылып.
***
Кеткен әрбір сәтсіздік,
Жығар бір күн жарға да.
Ойламаған опық жер,
Кір келтіріпарға да.
***
Болса жақсы сенімің,
Күш-қуатың артады.
Туса жаман пейілің,
Кежегең кейін тартады.
***
Өзгеден қатты қызғанасың,
Пейілің неге тар?
Дүние терең, құз,
Ертең жоқ, бүгін бар.
***
Жүрмеңіз біреуді,
Алдап, арбап.
Кетеді ақыр соңы,
Басты жалмап.
***
Жасына жетпей әлі,
Көтерген көкірегін.
Талғамы қатал өмірде,
Жүр білмей өкінерін.
***
Шекпейсің қапа өмірде,
Болса жақсы алғаның.
Қатар-құрбы алдында,
Арта түсер салмағың.
***
Ұрпағың да өседі,
Кеңінен жайып қанатын.
Көбейе берсін қатары,
Жүзі оттай жанатын.
***
Тарылмасын ой-өріс,
Шалмасын кір бойыңды.
Дүниені бүлдірмей,
Ұста таза ойыңды.
***
Назарың төмен түсіп,
Бетің неге ісік?
Тентек суды қылғытып,
Жүрсің бе әлі ішіп?!.
***
Көз – өмірдің айнасы,
Жеткізер бәрін көңілге.
Көргенін толық жинақтап,
Жолдама берер өмірге.
***
Көкжиегін дамытып,
Құлашын жаяр ойдың да.
Қанша нәрсе көрсең де,
Қызығына тойдың ба?
***
Танысқанда екі жүзді,
Бетіңе күле қарайды.
Өзіне пайда түспесе,
Кетеді алдап талайды.
***
Кездескенде жырпылдап,
Жоқ сөзінің тұрағы.
Кей адамды осылай,
Төбеден құдай ұрады.
***
Тұруға ерте ерінесің,
Төсекте жатып керілесің.
Ата-ананы сыйлаудан,
Шынын айтшы, не білесің?!
***
Көбіне ақыл айтып,
Көп сөйлеп ісінесің.
Мына ғажап өмірдің,
Қадірін қашан түсінесің?
***
Қулық, сұмдық, өтірік,
Жегідей жейді адамды.
Жүргің келсе қатарда,
Бас дұрыстап қадамды.
***
Еңбек зая кетпейді,
Береді халық бағасын.
Кесімді шешім айтқанда,
Ұстар сонда жағасын.
***
Сөз – асыл алмас,
Жасайды сан ғасыр.
Білмес оның қадірін,
Ойы таяз, масыл.
***
Әділ сын керек,
Мінді түзеу үшін.
Жоюға кедергіні,
Аянба, келсе күшің!

Итен ҚАРЫМСАҚҰЛЫ,
ҚР Ақпарат саласының үздігі,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
Қызылорда қаласының және Сырдария
ауданының Құрметті азаматы.

27 наурыз 2020 ж. 1 312 0