ЖҮКТІ ӘЙЕЛ ТҮЙЕ ЕТІНЕ ЖЕРІК БОЛСА...
Қазақ ана түйе етіне жерік болса, кейін туылған баласы түйедей үлкен, дәу азамат болады. Ірі мінезді келеді. Нар көңілді болып туылады деп ырым етеді. Мұндай жерік асын көксеп туылған бала ұл не қыз болсын оның қол-аяғы ұзын, дене бітімі зор, шақша басты, тана көзді, дана сөзді, жылы жүзді, нар мінезді, сырбаз, сырлы, сұлу шырайлы, маңқиған маңғаз, тоқ көңілді болады деп қарайды.
Түйе етінің жерігінен туылған бала қара жұмысқа келгенде қайыспайды, жүктің ауырын көтереді, алда жүреді. Әрекеті баяу болады. Мінез-құлқы бір қалыпты болады. Жан сарайы таза келеді. Көңіл-күйі үнемі көтеріңкі жүреді. Достыққа мықты, опадар болады. Сыр сақтауға келгенде алдына жан салмайды. Әртүрлі қиындыққа мойымай, барлық істе табанды келеді. Еш уақытта асып-саспайды, ұшып-қонбайды, жеңілтектенбейді. Алдағы болар істерді сараптал санаға салып, қорытады. Он ойлап, бір пішеді. Әр істің обал-сауабын айырады. Ақты – ақ, қараны – қара дейді. Тұтқиылдан бір істі естіп қалса, не бір ауыр жұмысты істеуге тура келсе, басқаларша байбалам салмайды, басын аулаққа салып қашқалақтамайды. Сол жұмысты орнықты істеп, ойдағыдай бітіреді. Жұмысты бітіріп тастаған соң, маңғаз түйедей маң-маң басып, былқ етпей өмір жүгін көтеріп, тіршілік көшінде жүре береді. Аспайды, саспайды, алған бетінен қайтпайды. Жалпақ табанын аударып, алға қарай тарта береді. Түрінен, түсінен еш абыржу байқалмайды. Қай уақытта көрсең де, қай ортада жүрсе де, сол баяғы момақан, салмақты, сабырлы қалпында көресің.
Ал мұндай адамға біреу-міреулер орынсыз қарсы тұрса, бет алды жолын тосса, бейкүнә мазаласа, қытығына тиіп, шамын қоздырса, онда ол адамды оңдырмайды. Бейне ақ түйедей тарпып тастайды. Сосын тағы да топан суды тобығына ілмей, маң-маң басып, алға қарай аяңдап бара жатқанын көресің.
Мұндай мінезді адам ақылды, арлы болады. Арына дат жұқтырмайды. Адамгершілігіне тот шалдырмайды. Барлық адамдармен етене қою байланыста болады. Береке-бірлікті сақтайды. Өсекке ермейді. Жаман жерге жүрмейді. Ғайбат айтуды білмейді. Бәрін өзі бағамдап, терең бағалап отырады. Алысқанды ардай айымен, жағаласқанды жайсаң жақсы жанымен оп-оңай жеңеді. Береке сақтап, пейіштей көңілмен жүреді...
Қазақтың әдеби тіл өнеріндегі «түйедей азамат», «нардай жігіт», «атандай атпал азамат», «наркескен жігіт», «бурадай бұрқырады», «боз інгендей боздады», «ақ түйедей тарпыды», «бота мүсін ару қыз», «бота көз», «көзі боталап тұр, көңілі жоталап тұр», «түйенің төрт емшегіндей, биенің екі емшегіндей», «нар жолында жүк қалмас», «түйе үлкені – кие үлкені», «түйелі бай – биелі байдан артық», «түйе баққан – түйме таққан», «түйеге мінген құдайға жуық», «түйеден жығылсаң шудасын төсейді», «түйе жолда шөксе жұт болар, қораға кеп шөксе құт қонар», «түйе барда – ие бар», «түйеге тас лақтырсаң – айналып басыңа тиеді», «екі нардың ортасында шыбын өліпті», «бурадан жын да қашады» деген бейнелі сөз тіркестері түйе табиғатын одан ары ажарландырып, аша түседі, сонымен қатар түйе мінезді азаматтардың да бейнесін сомдап, түйедей мінездерін өркешімен көрсетеді.
Қазақ ұғымында төрт түлік малдың ішінде түйе түлігі де киелі саналады. Киелі бағаланады. «Аруана», «ойсылқара», «қара жердің қайығы», «жүк кемесі», «шөлдің көлігі» деп түйе жануарын да ерекше қастерлейді. Адал көлікке санайды.
Болат Бопайұлы Жота Қажы