Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Саялы бәйтерек

Саялы бәйтерек

«Анаңды Меккеге үш рет арқалап барсаңда ақ сүтін ақтай алмайсың» деген халықта даналық сөз бар. Иә, ананың мейірімінен, ыстық алақанынан асқан құдірет жоқ. Ана – ұлы есім. Оның қызметін ешкім алмастыра алмайды.

Шағандық Ибагүл Үмбетаева – ауылдастары, балалары құрмет тұтатын алтын құрсақты ана. Ол Ұлы Отан соғысы басталардан бір жыл бұрын дүниеге келіп, еңбекпен есейді. 16 жасында шағандық Ұлы Отан соғысына қатысушы Ақдәулет Үмбетаевпен отау құрды. Ибагүл бастапқыда колхозда, кейін «Тереңөзек» кеңшарында жұмысшы болып еңбек етті. Он үш перзентті дүниеге әкеліп, етек-жеңді жиып, енді ғана отбасы бақытын сезінгенде азаматы өмірден озып, шиеттей баланы асырау, бағып-қағу оның мойнына артылды. Зайыбынан айырылса да, тағдырдың жазғанына көніп, балаларының бақыты үшін бар қиындыққа төтеп берді.

Марқұм ері Ақдәулет оқ пен оттың ортасында шыңдалған, парасатты азамат еді. Көзі тірісінде «әр баланың өз несібесі бар» – деп айтып отыратын. Сол айтқандай Ибагүл апаның тәрбиесімен балалардың ешқайсысы жаман болған жоқ. Үлкендері кішілеріне сүйеу болды. Әкелері айтқан несібелері болар, ұлдары бүгінде бір-бір үйдің тірегі, қыздары да өріс болып жапырағын жайды.
– Менің бақытым балаларым, олардың бәрін жас күнінен еңбекке тәрбиеледім. Азаматым қайтыс болғаннан кейін, үйге көбірек көңіл бөліп, ауылдық поштада хат тасушылық жұмыс атқардым. Өзім осы саладан зейнет­керлікке шыққан соң еңбек жолымды ұлым Ербол жалғастырды. Ол бастапқыда хат тасушы болса, кейіннен Шаған ауылдық пошта бөлімшесінің меңгерушісі қызметін атқарды. Бүгінде балаларымның барлығы өмірден өз орындарын тапты.
Шүкір, қазіргі таңда балдай тәтті немерелер мен шөберелердің қызығына бөленудемін, – дейді алтын құрсақты ана.

Балаларын бағым, немерелер мен шөберелерін жаным деп білетін әзиз ана қазірде 44 немере мен 13 шөберені ыстық құшағына алып отырған саялы бәйтерек.

Ибагүл апаның ұл-қыздарының алды бүгінде өзі тәрізді зейнеткер. Одан кейінгілері Әмір – Сырдария аудандық оқшау сумен жабдықтау мекемесінде тракторшы, Темір – «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» компания­сында жоғары санатты электрик, Көреген – сол компанияда жүргізуші. Ал Төлеген, Бөлеген, Еркін, Азамат жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Ербол – «Қызылорда-Аралгаз» ЖШС-да оператор. Қыздары Нұргүл мен Гүлмира – бірі Шаған ауылдық балабақшасында тәрбиеші болса, екіншісі аудандық ауруханада техникалық қызметкер. Келіндері де ауылда және аудан орталығында қызмет етеді. Зухра медбике болса, Ақмарал, Әйгерім, Қалдыгүл ұстаздар.

«Келін қайын ененің топырағынан» дейді халық даналығы. Сол айтқандай Әйгерім көп балалы ана, «Күміс алқа» иегері. 2014 жылы үшемді дүниеге әкеліп, сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қолынан «Лада Гранта» автокөлігін сыйға алды.

Шаңырағы шаттыққа толған Ибагүл апа барлығына тәубе деп, отбасынан ырыс-құт арылмаса дейді. Біз де алтын құрсақты ананың тілегіне қосыламыз.

Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ 

15 тамыз 2020 ж. 644 0