Ауқымды құрылыс – ел болашағына салынған инвестиция
Мемлекет басшысының Жолдауын көріп, келесі жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялау жөніндегі бастамасына ерекше назар аудардым. Бұл ұсыныстың мәні тек жаңа ғимараттар салумен шектелмейді. Оның астарында елді мекендердің келбетін жаңарту, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және келешек ұрпаққа қолайлы орта қалыптастыру секілді стратегиялық міндеттер жатыр.Менің ойымша, құрылыс дегеніміз – жай ғана кірпіш қалап, ғимарат тұрғызу емес. Бұл – халықтың тұрмыс сапасына, ел экономикасына, азаматтардың денсаулығы мен білім алу мүмкіндіктеріне, ең бастысы, болашаққа деген сеніміне салынған инвестиция. Өйткені мемлекеттің шынайы дамуы ең алдымен оның азаматтарына жасалған жағдайдан, ауыл мен қаланың тыныс-тіршілігінен, әлеуметтік нысандардың қолжетімділігі мен сапасынан көрінеді.
Мемлекет басшысының әр облыс орталығында, аудандарда және елді мекендерде азаматтық инфрақұрылым нысандарын салу мен жөндеуге басымдық беру жөніндегі ұсынысы осы тұрғыдан алғанда маңызды. Себебі елдің дамуын тек ірі қалалардың келбетімен өлшеуге болмайды. Ауылдағы жолдың сапасы, аудан орталығындағы аурухананың жағдайы, балалардың спортпен айналысуына жасалған мүмкіндік, жастардың білім мен шығармашылыққа қол жеткізуі – мұның бәрі халықтың өмір сапасын айқындайтын негізгі көрсеткіштер.
Ең әуелі, жол мен көлік инфрақұрылымын дамыту – елді мекендердің экономикалық және әлеуметтік байланысын нығайтатын маңызды бағыт. Сапалы жол ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдауға, кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар тұрғындардың аудан орталығына, медициналық мекемелерге, білім беру ұйымдарына кедергісіз қатынауына жағдай жасайды. Әсіресе, ауылдық жерлер үшін жол мәселесі тек көлік қатынасы емес, ол – өмір сапасы мен әлеуметтік қолжетімділіктің мәселесі.
Ел игілігі үшін қолға алынған әрбір жоба сапалы орындалып, халықтың нақты сұранысына жауап берсе, оның нәтижесі бүгінгі қоғамға да, келер ұрпаққа да қызмет етеді. Өйткені мемлекеттің болашағы тек экономикалық көрсеткіштермен өлшенбейді. Ол – азаматтардың денсаулығымен, білім деңгейімен, тұрмыс жағдайымен және туған жерінде лайықты өмір сүруге деген мүмкіндігімен өлшенеді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ,
"Тіршілік тынысы" газеті бас редактордың орынбасары
"Тіршілік тынысы" газеті бас редактордың орынбасары








