Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жауапкершілік жүгін арқалаған

Жауапкершілік жүгін арқалаған

Қашанда үлкен жауапкершілікті талап ететін абыройлы міндеттің бірі – халықтың әл-ауқатын арттыруға үлес қосу. Жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азамматтық хал актілерін тіркеу бөлімінде қызмет ету – аудан тұрғындарының күнделікті өмірімен тығыз байланысты маңызды бағыттың бірі. Өз саласының жұмысын үйлестіріп, халыққа сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуді қамтамасыз ететін жауапты маманның бірі – Айгүл Мұхан.

Сырдария ауданына қарасты Н.Ілиясов ауылында дүниеге келген тәжірибелі маман Қарағанды кооперативтік иститутын «экононмист-бухгалтер» мамандығы бойынша тәмамдайды. Әрбір тұрғынның мәселесіне бейжай қарамай, ортақ игілік жолында қызмет етіп келе жатқан білікті маман алғашқы еңбек жолын «Н.Ілиясов» ЖШС-де экономист, бас есепшінің орынбасары қызметінен бастайды. Содан соң, аудандық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бөлімінде, Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында бас маман болып жұмыс атқарады.

–2012 жылы тамыз айынан бастап отбасылық жағдайға байланысты аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінде сектор меңгерушісі, бөлім басшысының орынбасары, басшы қызметтерін атқарып, қазіргі таңда сектор меңгерушісімін. Функционалдық міндетімде тұрмысы төмен отбасыларға әлеуметтік қолдау, оның ішінде атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй көмегі, жергілікті өкілетті органның шешімімен мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету жатады, – дейді сектор меңгерушісі.

Бірнеше қызметті абыроймен атқарған сектор меңгерушісі халыққа қызмет көрсету саласында ашықтық және жауапкершілік ерекше маңызға ие деп біледі. Айгүл Кәрбозқызы өз міндетіне адал қарайтын, жұмысты тиімді ұйымдастыру қабілетімен, ең бастысы аудан тұрғындарының сенімін ақтау мақсатында қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі маман.

– Халықпен тікелей жұмыс жасау және адал қызмет ету – кәсіби міндетіміз ғана емес, азаматтық парызымыз деп білемін. Әрбір аудан тұрғындарынан келіп түскен өтініштің артында адамның тағдыры, отбасының жағдайы немесе болашаққа деген үміті тұруы мүмкін, – дейді Айгүл Мұхан.

Жұмыс барысында әріптестермен бірлесе әрекет ету, қызмет көрсету сапасын арттыру және азаматтардың сенімін ақтау қызметінің басты міндеттері саналатын маманның еңбегі қашанда елеулі. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің «Құрмет грамотасымен», ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің «Әлеуметтік-еңбек саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталып, жұмысының жемісін көруде. Қазақтың халық жазушысы Ғабит Мүсірепов «Біреулерді қызмет көріктендірсе, енді біреулер қызметке көрік береді» деген. Әр ісіне жауапкершілікпен қарайтын Айгүл Кәрбозқызы ұжымдастарының арасында сыйлы, жастарға жол көрсетіп, тәжірибесімен бөлісіп отырады. Қашан да өз міндетіне адал қарайтын әрбір мемлекеттік қызметкер қоғамның дамуына, әлеуметтік тұрақтылықтың нығаюына және тұрғындардың өмір сүру сапасының жақсаруына үлес қосуда.


Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА
29 қазан 2026 ж. 82 0