Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Айбынды жауынгер

Айбынды жауынгер

Сұм соғыста ел үшін жауынгерлер жан аямай бас­тарын қатерге тікті. Қан майданда қайсарлығымен жауға қарсы тұрған боздақтардың ерліктері ешқашан ұмытылмайды. Жау екпінін басып, басқыншылық ұрыс-қимылдарына төтеп берген олар жеңісті күнді жақындатты. Жер жаһанды жаулауды көздеген неміс басқыншылары адамзат баласына зор шығын әкелгені белгілі. Сұрапал соғыста ерлік көрсеткен майдангерлер қатарында әкем Ақдәулет Үмбетаев та болды.
Әкем Ақдәулет Үмбетайұлы 1920 жылы 1 мамырда Аламесек ауылдық советінде дүниеге келген. Әкемнің балалық шағы елдегі нәубет жылдары орын алған сыңдарлы кезеңмен тұспа-тұс келді. 1939 жылы әскер қатарына шақырылған жауынгер Отан алдындағы борышын өтейді. Араға екі жыл салып, жауға қарсы майдан шебіне аттанады. Зұлмат соғыс жылдарында Ақдәулет Үмбетайұлы пулеметші ротасының сарбазы болады. Пулетметшінің міндетін зор абыроймен атқарған ол ерік-жігерімен елді азат етуге атсалысады. 1942 жылы Қырым маңайында болған шайқаста ауыр жарақаттанып, тұтқынға түседі. Арада біршама уақыт өткеннен кейін тұтқыннан қашып шыққан әкем Чехословакия партизандары қатарына қосылады. Жанқиярлық ерлігімен ұрыс даласында фашистерді біржолата тығырыққа тірейді. Талай қарша бораған оқтың ортасынан аман шыққан әкем 1942 жылы «Ерлігі үшін» медалімен наградталады. Елге оралғаннан кейін бірнеше мерекелік медальды кеудесіне тақты.
Әкеміз соғыстан кейінгі жылдары ұстаздық қызметте еңбек етті. Сонымен бірге Ташкент қаласындағы екі жылдық ауыл шаруашылығы институтын «Агрономия» мамандығы бойынша бітірген. Майдангер облыстық өсімдік қорғау станциясының маманы болып қызмет етсе, зейнетке шығам дегенше бұрынғы Тереңөзек күріш совхозында жұмысшы болды. Ауыл шаруашылығы саласында мол тәжірибе жинақтап, зор жетістікке жете білді. Өсімдіктің қыр-сырына қанығып, кәсиби тұрғыдан шыңдалды. Күріштің сұрыптарына күтім жасауды жетік меңгереді.
Әкем Ақдәулет өте көрегенді кісі болған. Оның еңбеккеш, адал, біреудің ала жібін аттамайтын қасиеті бар болатын. Егістік даласында жүріп, қолынан қаламы түспеген азамат. Сол кездегі аудандық «Еңбек туы» газетінің штаттан тыс тілшісі болған. Еңбек озаттарын газет бетіне жариялап, егістіктегі қауырт тірлікті оқырманға кеңінен насихаттаған.
«Атадан із қалады, ұстадан біз қалады» демекші, әке-шешеміз дүниеге 13 перзентті дүниеге әкелген. Олардан тараған ұрпақтары сан түрлі мамандықты меңгерген. Майдангер әкем 1982 жылы ауыр науқастан кейін, 62 жасында дүниеден озды. Анамыз Ибагүл Үмбетаева 44 немере мен 11 шөберенің ортасында бақытты ғұмыр кешуде.
Бүгінде әкеміздің рухына Ұлы Жеңістің 75 жылдығымен қатар келген 100 жылдығында Құран бағыштадық.

Ұмытпас Байдаулетов,
майдангердің ұлы

19 мамыр 2020 ж. 990 0