Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ізгілік пен мейірімділік: Әлеуметтік сала үздіктер қатарында

Ізгілік пен мейірімділік: Әлеуметтік сала үздіктер қатарында

Елімізде әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні 2011 жылдан бері атаулы күн ретінде тойланып келеді. Бұл – өзінің жанқиярлық еңбегі мен тынымсыз қамқорлығы арқылы қарт адамдарға, ерекше жандарға көмек қолын созып, жүрек жылуын аямайтын жандардың атаулы мерейтойы. Кәсіби мереке қарсаңында сала мамандарының жұмысымен танысып, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысы Айнұр Есмағанбетовамен әңгімелестік.

– Айнұр Амантайқызы, сұхбатымызды бірден саланың жетістіктерімен баста­сақ...

– «Халық – мемлекет үшін, мемлекет – халық үшін» формуласын негізге алып, әрбір мемлекет халықтың өмірі мен тұрмысы үшін барынша қолайлы жағдай жасауға тырысады. Халықты әлеуметтік қорғау жүйесі қоғамның әлеуметтік тұрақтылығын нығайтып қана қоймай, еліміздің орнықты дамуының негізі саналады. Бұл ретте арнайы жоба мен мемлекеттік бағдарламалар мүмкіндігі шектеулі жандардың мүмкіндігін шектемей, олардың мүддесін қорғауды көздейтіні белгілі. Осы саладағы біздің жұмысымыз лайықты деңгейде бағаланып келеді. Былтыр аудандық бөлім облыс көлемінде жұмыспен қамту және әлеуметтік салада жоғары көрсеткішке қол жеткізгені үшін «Үздік бөлім» аталымымен марапатталды. Бұл – әлеуметтік саладағы бірлескен тындырымды істің нәтижесі. Биыл да сырдариялық әлеуметтік сала ардагерлері мен қызметкерлері марапат тұғырынан көрінді. Айта кетейік, бүгінде ауданымызда 40-тан астам әлеуметтік сала қызметкері өз міндетін жоғары деңгейде атқарып жүр. Сондай-ақ жыл сайын өтетін «Еңбек жолы» республикалық конкурсына ауданымыздан әр номинация бойынша 7 үміткер қатысты. Облыстық іріктеуде үміткерлердің арасынан «Жұмыс іздеуші жастардың ең үздік тәлімгері» номинациясы бойынша «Шаған Жер» ЖШС-де машина және техникаларды жөндеу шеберханасының дәнекерлеушісі Қарасай Баекешов 2-орын иегері атанса, «Өндірістің үздік жас маманы» номинациясымен «Сырдариясуршар» өндірістік учаскесінің техник-гидротехник маманы Айдана Шайзадаева 2-орын иеленді. Күні кеше ғана бөлімнің «Сырдария аудандық отбасын қолдау орталығының» әлеуметтік қызметкері Гүлнар Майханова Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 35 жыл толуына орай «Даму» халықаралық инновациялық орталығының ұйымдастыруымен Астана қаласында өткен «Үздік еңбек адамы» республикалық байқауына қатысып, І дәрежелі дипломмен марапатталды.

– Бөлімнің негізгі қызметі мен атқа­рылған жұмыстарға тоқталып өтсеңіз...

– Аудандық жұмыспен қамту және әлеу­меттік бағдарламар бөлімі бойынша 27 түрлі әлеуметтік қолдау шаралары және 19 мем­лекеттік қызмет көрсетіледі. 2026 жылға бөлімге бөлінген қаржы жүз пайыз орындалды. Есепті кезеңде жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқитын мүгедектігі бар балаларға, өмірлік қиын жағдайдағы қатерлі ісік дертімен диспансерлік есепте тұрған жандарға, мүгедектер мен белгілі санатқа жататын ардагерлерге көмек тағайындалып, қаржылай жәрдем қаралған. Және облыс әкімінің грантымен оқитын студенттер мен бас бостандығынан айыру орнынан босатылғандар, пробация есебіндегі азаматтар да біздің саланың тікелей бақылауында. Өз кезегінде азаматтардың қоғамнан алшақтауына жол бермей, жұмысқа, түрлі қоғамдық іс-шараларға тартып және тиісті әлеуметтік көмектермен қамтамасыз етеміз. Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы оңалтудың 60 түрі ұсынылған. Гигиеналық құралдармен қамтамасыз етуге, ымдау тілі маманына, мүгедектерге көмекші қызметіне арнайы қаржы бөлініп, білікті мамандар өз жұмысын тиісті түрде атқарып келеді. Сонымен қатар санаторийлік-курорттық емдеумен 165 адам қамтылса, арнаулы медициналық-әлеуметтік мекемелерде 42 адам ем алғанын айта кету орынды. Жеке оңалту бағдарламасы аясында да атқарылған жұмыстар ауқымды. «Инватакси» қызметі де тұрақты, жыл басынан бері 500-ден астам тапсырыс орындалған. Бұл ретте, ауданда үйде күтім көрсету қызметімен 170 адам қамтылғанын айта кету керек.

– Жақында ардагерлеріміз Түркістан қаласына сапарлап, рухани демалысқа куә болғанын білеміз...

– Иә, жаз мезгілінде отыз ардагердің Түркістан қаласына саяхаттауына себепкер болдық. Жақсы көңіл-күйде рухани байлық жиып келген ардагерлердің ақ батасын алдық. Көп адамға арналған саяхатты ұйымдастыру да оңай емес, әрине. Қарияларымыз шаршап, уақытын босқа өткізіп алмау үшін, алдын ала Түркістан қаласына барып, тиісті орындармен келісім жүргізіп, барлығын дайындадық. Нәтижесінде Түркістан қаласы біздің ардагерлерімізді жоғары деңгейде күтіп алып, рухани демалыс сыйлады. Бұл игі іс-шара аудан бюджеті есебінен ұйымдастырылғанын айтып өту қажет. Бұдан бөлек мүгедек жандар мен ардагерлер арасында іс-шаралар ұйымдастырылып отырады.

– «Кедергісіз орта» жобасы аясын­дағы жұмыстар қалай орындалып жатыр?

– Мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғам­дағы өмір сүру мүмкіндігін шектемей, оларға қолжетімді орта құру мәселесі әркез назардан тыс қалған емес. Кедергісіз орта қалыптастыру бағытында жетекші партияның арнайы бағдарламасы бар. Соған сәйкес ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін инфра­құрылымды жақсарту жұмыстары жыл сайын жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда интерактивті қолжетімділік картасында 101 нысан орна­ластырылған. Бүгінгі күнге 7 нысан толық бейімделіп, республикалық «Қолжетімділіктің интерактивтік картасы» ақпараттық жүйесі енгізілді.

– Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бір бағыты – Отбасын қолдау орталығы. Бүгінде орталық қандай жұмыс атқарады?

– Отбасын қолдау орталығы – отбасылық құндылықты дәріптейтін, әлеуметтік әл-ауқатты арттыру бағытында қызмет ететін бірден бір орын. 2024 жылы құрылды. Биылдан бастап аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуші әлеуметтік мамандары орталықтың штаттық бірлігіне қосылып, ауқымды жұмыс жүргізіп келеді. Жыл басынан бері орталық мамандарымен барлығы 590 қызмет көрсетілді. Оның ішінде психолог, әлеуметтік қызметкерлер, арнайы мамандар өз қызметін ұсынады. Қайырымдылық бағытында 64 отбасыға азық-түлік себеттері таратылып, «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 1845 адам құқықтық кеңес алды. Сырдария ауданы әкімінің өкімімен өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды ерте анықтау және жан-жақты қолдау көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі мобильді тобы құрылған. Аталған топ мүшелерімен бір жыл ішінде 5 отбасы бақылауға алынып, 2 отбасы өмірлік қиын жағдайдан шы­ға­рылып, 3 отбасы медициналық және әлеуметтік көмек бойынша тұрақты бақы­лауға алынған. Республикалық акция, жедел профилактикалық жұмыс аясында орталықтың ұйытқы болуымен түрлі іс-шаралар өткізіліп келеді. Қорыта айтқанда, қай бағыттағы жұмысымыз да азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мен әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған.

– Әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі – мемлекеттің әлеуметтік саяса­тының негізгі тірегі, халықтың әл-ауқатын арттыруға, азаматтардың құқық­тары мен өмір сапасын жақсартуға бағыт­талған маңызды сала. Бұл салада жұмыс істеу – үлкен жауапкершілік пен зор адамгершілікті талап ететін игілікті іс. Сіздердің еңбектеріңіз – елдің болашағына қосқан зор үлес. Қызметтеріңізге сәттілік тілейміз! Сұхбатыңызға рақмет.

– Ауданның айнасына айналған басылым ұжымына алғыс айтқым келеді. Ұдайы ақпараттық қолдау көрсетіп, ауданымыздың жақсы жаңалығына жаршы боп келесіздер. Ал әріптестерімді кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын!


Сұхбаттасқан
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ

29 қазан 2026 ж. 77 0