Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мамандығы: Қолдау мен қорғау

Мамандығы: Қолдау мен қорғау

Жыл сайын қазан айының соңғы жексенбісінде әлеуметтік қызметкерлер өздерінің кәсіби мерекесін атап өтеді. Бұл атаулы күні – қайырымдылық, мейрімділік, ізгілік пен шапағат секілді қасиет бірігіп, мұқтаж жандарға әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Бүгінде елімізде бұл салада мыңдаған адам жұмыс істесе, біздің ауданның әлеуметтік қызметкерлері де сол ауқымды қызметтің қатарында жемісті еңбек етуде.

Өмірде қиын жағдайға тап болған азаматтарды қорғау мен қолдауда аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағ­дарламалар бөлімінің үйден арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінің әлеуметтік қызметкерінің рөлі ерекше. Сала қызметі қоғамның осал тобындағы азаматтарды қорғау мен қолдауға бағытталған. Ал Отбасын қолдау орталығының мамандары – осы қызмет аясында кәсіби көмек көрсететін қызметкерлер. Орталық маманы Ізбасқан Нұртазаев –жалғызілікті қарттар мен мүгедектерге үйден қызмет көрсету бөлімшесінің әлеуметтік қызметкері.

Ізбасқан Тәңірбергенұлы алғашқы еңбек жолын 1991-1992 жылдары зертханашы болып бастап, 1992-1999 жылдар аралығында аудандық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бөлімінде инспектор болып сала жұмысын меңгереді. Кейін осы бөлімде компьютер маманы, даму мүмкіндігі шектеулі мүгедек балаларға көмек көрсету жөніндегі әлеуметтік қызметкер, жалғызілікті қарттар мен мүгедектерге үйде әлеуметтік қызмет көрсету жөніндегі әлеуметтік қызметкер болып еңбек жылдарын жалғастырады.

Әлеуметтік сала жұмысынан мол тәжірибе жинаған маман Тереңөзек кенті әкімі аппаратының үйден әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінің әлеуметтік қызметкері ретінде де абыройлы қызмет етеді. Бұл қызметті осы күнге дейін жалғастырып, қазіргі таңда отбасын қолдау орталығының жоғарыда атаған бөлімшенің әлеуметтік қызметкері.

– Елімізде әлеуметтік қолдауға мұқтаж аза­маттардың қатары көп. Арнаулы қызмет көрсету орталықтарынан бастап, оңалту орталықтары, үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелері әлеуметтік қызмет көрсетеді. Өздеріңізге белгілі әлеу­меттік қызметкерлер сегіз қызмет түріне жауапты. Оның ішінде әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-психологиялық, әлеу­меттік-педагогикалық, әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық, әлеу­меттік-мәдени, әлеуметтік-еңбек және әлеу­меттік-медициналық. Қазіргі кезде аудандағы жалғызілікті қарттар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жағдайы күн сайын сараланып, оларды қолдау мен қорғауға бағытталған мәселелерге терең мән беріледі. Әлеуметтік қызметкерлер тағайындалып, олар күнделікті жұмысына аса жауапкершілікпен қарап, адалдық, жанашырлық секілді қасиетінің арқасында бұл кісілердің ризашылығын алуда, – дейді Ізбасқан Тәңірбергенұлы.

Иә, шын мәнінде әлеуметтік қызмет­керлердің кәсіби мерекесі, яғни Әлеуметтік қорғау жүйесі қызмет­керлерінің күні – бұл әлеуметтік жұмыстың маңыздылығы мен құндылығын атап өтуге, әлеуметтік қызметкерлерге ерекше еңбектері үшін ризашылық пен құрмет көрсетуге мүм­кіндік беретін күн. Бұл мереке бізге өмірде қиын жағдайға тап болғандарға қамқорлық пен қолдау көрсету қажеттілігін және әлеуметтік әділеттілік пен теңдіктің маңыздылығын еске салады десек, артық айтқандық болмас.

Ізбасқан Тәңірбергенұлына әлеу­меттік қызметкер ретінде ерекше күтім мен қамқорлықты қажет ететін адамдардың мәселелері жүктелген. Зайыбы Айна Жетпісбаева да орталықтың әлеуметтік қызметкері ретінде аудандағы төрт мүмкіндігі шектеулі баланың қамқорлығына жауапты. Ерлі-зайыптылар тек еңбекқорлық пен өз ісіне деген адалдықты ғана емес, сонымен бірге қайырымдылық пен үлкен шыдамдылықты, жанашырлықты қажет ететін жауапты жұмысты атқаруда. Қарттар мен мүгедектігі бар адамдардың, мүмкіндігі шектеулі балалардың жағдайын жақсарту жолында тәжірибелі қызметкерлердің сала­ға қосып жатқан үлесі ұшан-теңіз.

Шын мәнінде әлеуметтік қызмет­керлердің еліміздің тұрақты дамуы жолында жасап жатқан игі ісі тұрғындар арасында лайықты бағалануда. Осындай қамқорлықтың соңында үлкен жүрек пен жанашырлық жатыр.


Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ
29 қазан 2026 ж. 82 0