БОЛМЫС. МІНЕЗ. ТЕКТІЛІК
Түпсіз тереңге бойлайтын ойдың желісі адамды әр тарапқа бағыттап, дамылсыз қарекет етуге мәжбүрлейді. Көпшіліктің арасында кездесетін жылылықты сезіну ара-тұра ерекше тебіреніс сыйлайтыны рас. Бүгінгі күнге дейін талай нәрсені бастан өткеріп, сырт көзге сыр бермейтін көптеген жанды көріп жүрміз. Жер бетінде қанша адам өмір сүрсе, соншалықты мінез үйлесімділігі өзара ұштасады. Қаншалықты ақылмен іс қылып, әр басқан қадамды қадағалау арқылы нәтижеге жету құптарлық жағдай. Бүгін біз әрбір адамның ара-қатынасы қандай жағдайда алшақтайтынын барынша зерделейтін боламыз. Туыс яки дос, айырылмас жақын жан, әлдебір таныс адам, күнделікті байланыста болатын айналадағы жұртшылықтың басым бөлігінде алдымен бір-бірімен біте қайнасқан тіршілігі байланысқа түседі. Көңілдігі кірбіңді сейілтуге көмектесетін дүние – өзгеге сенім тұрғысынан қарай білу.
Тіпті минут сайын бір-бірін көрместей сөзге келіп, ұрыса жөнелетін пенде біткеннің ойлағанын әсте түсіну қиын. Жалпы алғанда жақсылық пен жамандықтың арасындағы қыл көпірді жалғап тұратын сыйластықтың сан алуан түрі миллиондаған халықтың арасында орын алады. Біреуге ренжімес бұрын саған айтылған сөзді ойша қорыта отырып, жан-жақты саралауға өзіңе ерік беруің қажет. Сонда ашу мен ыза, өздігінен туындайтын теріс пікір, қолдан жасалған жасандылық табиғи болмысқа нұқсан келтірмейді. Боямасыз болмысты барынша мінсіз ұстау әсте мүмкін емес. Дегенмен, ішкі түйсікті ақылға қонымды қарекетпен өз дегенімізге бағындыру айрықша табандылықты қажет етеді. Кез келген жанмен сөйлесе отырып сырласа қалсаңыз, ең алдымен өзінікінің дұрыс екендігін сендіруге тырысады. Жанындағы серігінің кісілік тұрпатын ескерместен көңіліне қаяу түсіруге дайын тұрады. Ондай жағдайда кейбір адам тұлғалық қасиетіме сызат түсірді деген мақсатта қарсы тұруға бейімделеді. Расында дәлел мен дәйекке сүйене отырып, қателікті тізбектеген жағдайда шамданудың айқын үлгісін көрсетуге дағдыланған кей кісіні аңғарамыз. Мінез қанмен сіңген әдет. Оны түзеудің амалы тығыз қарым-қатынасқа түсетін ортаға қарай тез қалыптаса алу. Ал болмыс сенің тұла бойыңдағы көрнекілік. Ол арқылы танымайтын кез келген жанға кім екеніңізді көрсете аласыз. Болмыс пен мінездің айырмашылығы баршылық. Қазір қоғамда ұсақ-түйек мәнісі жоқты серік еткен кісінің көпшілігі адами болмысынан айырылып жатады. Мінезі сол қалпында қала береді. Өмірде тосыннан туатын екіұдай мәселенің шейленісуі арқылы тіл табысудың көрінісі жоғалып, суық көзқарас белең алды. Мінез өздігінен өзгермейді. Оны түзейтін санамыздағы сабырлылық пен ыждағаттылық.
Сансыз шүкірлік етумен бірге күнделікті өз-өзіңе есеп беру анализ жасауға таптырмыс мүмкіндік. Ес білгеннен мінезден ажырамайтын ойдың ұшқырлығы бірде пайда, бірде сор болары сөзсіз. Қазіргі күні бір анадан туған туыстың өзі көрместей айырылысып, жұбы жарасқан жұбайлар ажырасып, бір нанды бөліп жеген достың арасына сызат түсіп, жүз сексен градусқа өмір ағымы өзгеріп жатады. Іштегі кішкене селкеу сенім татулыққа итермелегенімен жалған намыс жол бермейді. Болмысты сақтау азаматтылық феномені. Қолдан келгенше ақылға салып, алыстағыны болжау нағыз парасаттылықты танытуға себепкер атанады. Парасатты, ақылы толысқан азамат болуға саған ешкім кедергі болмайды. Тек тілден шығар сөзді, түйсіктігі ойды, жүректегі ерекше қасиетті сақтауға ниет керек.
«Адамның ең асылы – қиянатсыз, ақ пейіл адам» деп Шәкәрім Құдайбердіұлы айтқандай, баршаның тілеуі жақсылықтан тұрса, пейілі айналасына нұр болып төгіледі. Қиянаттың қатері жазылмайтын дерт секілді. Шынайылылық пен іңкәр көңілдің жарасымдылығы болмыстың бір бөлшегі болып қалыптасады. Жаман мінез жанға опа бермейтіндігін аңғарсақ та қайта айналып сол соқпақты жолға түсуге бейім келеміз. Жаратқанның құдіреті мүлдем көрмеген адамды жақындастырып, ажырамас туғанды алыстатады. «Іштен қыңыр туғанды тезге салсаң түзелмес» деген Бұқар жырауша толғанатын болсақ, әсілінде адам қанына тартып туады. Азамат болу парызы. Соншалықты тезге көнбесе де кей жанның болмысы хақында тізбектеп айту парыз деп санаймыз. Дау алыстан келмейді, дәл қасыңда жүріп, түнейді. Біреуден мін іздеудің орнына мінезімізді қалыпқа келтіре алсақ, ешкімге зиян келмейтіні рас. Шәкәрім Құдайбердіұлының «Сақ адам – сандығын бекітеді» деген сөзін қаперге ала отырып, өзімізді сырт көзден сақтауға мұқият болсақ күмәнді сұрақ туындамайды.
Болмысты бойымыздан жоғалтып алмай, мінезді уысымыздан ұстау да өнер. Сыр сандығы ішіндегі қазынаны қорғайды. Өзгенің жаманымен былғанып жатса, тұлғалық қасиеттің әп-сәтте нышаны жоғалады. Сондықтан адами қалыптан айнамай жақынға мейірімді болу міндет. «Мінез – жанның айнасы» демекші, мүлтіксіз тазалыққа дақ түсірмеу өз қолымызда. Бағанадан мысалмен келтірілген мінез бен болмыс – тектілік символы десек қателеспейміз.
Балтабай АЯБЕКҰЛЫ