Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАН ЖАДЫРАТАДЫ

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАН ЖАДЫРАТАДЫ

Ғылым мен техниканың күн сайын қарыштап дамуы заман талабы екені анық. Заманауи технология, шетелдік озық инновациялық тәжірибелердің елімізге келуі, әрине, көңіл қуантады. Алайда, қоғам дамыған сайын адамдардың бір-біріне деген мейірімділігі азайып, эгоистік көзқарас жоғарылап бара жатқан сынды. Осыны көргеннен кейін «заман адамды өзгертті» дей саламыз. Жо-жоқ, барлық кінәні заманға әкеліп аудара салуға болмайды. Бойымыздағы қатігездік те, мейірімсіздік те өзімізге-өзіміздің жасап жатқан дүниеміз. Әр күн сайын байқайтынымыз асығыс көліктер мен адамдардың қақтығысы. Кей кездері айналамызда болып жатқан түрлі оқиғалардан бейжай қалып, өзімшілдіктің үстінде тұрғанымызды байқамай да қаламыз. Ғылым іздеп, мансап қуып, материалдық жағдайымызды түзету дұрыс екені белгілі. Әйтсе де, мұнан да биік тұратын дүниелер бар екенін естен шығармаған абзал. Адамзаттың өмірдегі ең үлкен жемісі – «адам» деген атқа кір келтірмей, дүниеден адам болып өту. Адалдық, адамгершілік, мейірбандық тағы да басқа жақсы қасиеттермен қоса адам бойындағы ізгіліктің ең биік нүктесі – жаныңдағыларға жақсылық жасай білу. Бойыңдағы жамандықты, арам ойды еңсеріп, жақсылыққа жеңдірудің өзі оңай іс емес. Әр адамның бойында өзіне деген махаббаттан әлемге, адамзатқа деген махаббат жоғары тұрса, оның адамгершілігі болмақ. Ал адамгершілігі бар жан тек жақсылыққа құмар болады. Жақсылық жасау үшін қыруар қаржы мен мыңдаған сағаттың қажеті де жоқ. Сондай-ақ жақсылық ұлт пен ұлысты, дін мен ділді талғап-таңдамайтынын да ұмытпаған абзал. Бастысы бойыңызда кішкене болсын ізгіліктің нұры болса болғаны. Ол дегеніміз біреудің материалдық жағдайын басынан аяқ жасап, оны ауқатты етіп жіберу емес. Жылы сөздер айтып, қолыңыздан келгенше қол ұшын созсаңыз жетіп жатыр. Жаны қиналып тұрған жанға сіз жымиып, сәлемдесіп, жағдайын сұрасқанның өзінде оның төбесі көкке жетеді. Бойыңыз жақсылық пен ізгі қасиеттерге толы болса, сіздің бүкіл өміріңіз нұрлы өтеді. Айналаңыздағылар да сізге жақсылық жасауға бейім болады. Алайда, ешқашан істеген жақсылығым өзіме қайтарылсын деп міндетсінбегеніміз жөн.
Ашу, ыза – адам бойындағы жағымсыз қасиет. Ал жақсылыққа ұмтылу – жұрттың көңілін жаулап алатын ізгі амал. Көпшілік арасында «Мынау жаман адам», «Мынау жақсы кісі» деп айтылып жатады. Біздіңше, адам дүниеге жаман болып келмейді, қалыптасады. Ал оны қалыптастыратын орта мен қоғам. Адам мен қоғамды тәрбиелейтін бірден-бір жол – жамандыққа жақсылықпен жауап беру. Жақсылық – әлемге мейірін шашып, жылуына бөлейтін үлкен қасиет. Жақсылық – игілік атаулының түп бастауы болғандықтан, ол қашан да әлемге жылу сыйлайды. 19 ғасырда өмір сүрген қазақ шайыры Майлықожа былай дейді:
“Жақсылық отқа күймес, суға батпас,
Гауһар тас жарық қылмай, жерде жатпас,
Қолдан келсе етіңіз жақсылықты,
Жақсылықты еткендер жаман таппас”.
“Адамның бойындағы жақсылыққа баға беру үшін” осы қасиеттің кішкене бөлігі өзіңде болуы тиіс, деп В.Шекспир керемет ойын білдірген. Жеке адамның субъективті ойы, пікірі тұрғысынан келгенде жақсылық пен жамандықтың аясы бірде тартылса, бірде ұлғайып отырады. Қатыстылық жағынан біреуге игілік болып көрінген іс-əрекет біреуге қиянат болып, керісінше, қиянат болып көрінген əрекет біреуге игілік болуы мүмкін. Жеке адам жақсылық жасауға құштар болып, жақсылыққа ұмтылумен қатар, жақсы іс-əрекеттер жасауды əдетке айналдырса, əділдіктің орын алуының қадамы болары даусыз. Баяғы ата-бабамыздың дархан көңілі мен ақжарқын пейілінің тым болмағанда сарқытын сақтап қала алмасақ қазақтығымызға сын емес пе? Конфуцийдің «Жақсылыққа жақсылықпен жауап беру керек, ал жамандыққа əділдікпен жауап беру керек» дегенін үнемі ұмытпаймыз. «Бұл өмірде бір ғана күмəнсіз бақыт бар – ол өзгелер үшін өмір сүру», –деп Л.Толстой айтқандай, қамшының сабындай ғана мына қысқа ғұмырда бір-бірімізге мейіріммен қарап, қолымыздан келер бар жақсылығымызды аямайық.

Айгерім ҚАНЖАРБАЕВА,
ҚМУ-дың II курс студенті
29 маусым 2019 ж. 1 883 0