ҰСТАХАНАДАҒЫ ТЕМІРДІ СУЫТАТЫН СУ – АДАМҒА ЕМ
Бұған дейін де Жетікөл ауылы ұсталар мекені екенін білетінбіз. Шағын елді мекен болса да ауыл халқының қолынан келмейтіні жоқ. Жетікөлдіктер жастайынан ұсталыққа бейім болып, есейе келе өзіне керектіні қолдан жасап ала беретін болған. Әрбір үйге бара қалсаң темірден, ағаштан жасалған дүниені міндетті түрде кездестіресің. Сұрай қалсаң «ана бір ұстаның жасап берген бұйымы ғой» дейді.
Жақында Жетікөлге бардық. Мақсатымыз – ауылдан шыққан ұсталарды дәріптеу. Ауыл әкімі Ж.Қожахметовпен алдын ала келісіп алғанбыз. Біз келгенде ауыл әкімі елге белгілі болған ұсталардың көзін көрген ақсақалдарды, ұсталарды бірінен кейін бірін алдырды. Ауылдық қоғамдық кеңес төрағасы Ж.Камалов, еңбек ардагерлері Е.Бұрханов, Т.Оржанов және ұста З.Бердібеков алтын қолды адамдарды тізбелей бастады. Олар ең алдымен осы өңірге ұсталығымен танылған Иманғали Әбішұлы жөнінде айтты.
– 1961 жылы осы ауылға келіп, совхозға сілесір болып жұмысқа тұрдым. Өзім жастайымнан ұсталыққа жақын едім. Совхозда ұстахана бар. Онда ұсталар Иманғали Әбішұлы мен Жәлел Сақтағанов жұмыс істейді. Мен сол кісілердің қасына көмекші болдым. Ол кезде қазіргідей самсап жатқан техника жоқ, бірлі-жарым көлік қана бар. Қалған құрал-сайман, арбаны ұсталар қолдан жасайды. Сол кезде совхозға қажеттінің бәрін Имекең мен Жәкең жасап берген болатын, – деді И.Әбішұлының балғашысы болған З.Бердібеков.
Елді мекенде совхоз алғаш құрылып жатқанда барлық тіршілікке ұсталар араласқан. Темірден түйін түйген И.Әбішұлы жер айдауға соқа, шөп тасуға арба, қыстыгүні шана жасап берген. Ол кезеңде токарь жоқ. Ағашты қолмен жонып, темірді отқа қыздырып, одан бекітпе жасап, қолмен болттап, қажеттіні жасап шығарыпты. Одан бөлек ұстаның өз үйінде де ұстаханасы болыпты. Онда темір балқытатын пеш болған. Иманғали ұста пештің көрігін өзі дайындап, сол арқылы көптеген керекті құралдар жасаған. Мәселен ауыл халқына кетпен, қырықтық, пышақ, қақпан, ат әбзелдерін, тұрмысқа қажетті саймандарды жасап берген. Ол үшін ақы да алмайды екен. «Мына бір кетпенді үйдегі балаға деп жасап едім» дейді екен де ақсақалдарға беріп кететін көрінеді. Кейбіреулерге «Әй, осы саған мына дүние керек емес пе?» деп өзі жасаған құралды қолға ұстатып жібереді екен.
– Ұстаханадағы темірді суытатын су – адамға ем. Иманғали ұстаның ұстаханасындағы су төгілсе айқай болатын. Өйткені әртүрлі темір қоспасы суда қала береді. Қызған болат темірді батыра-батыра су емдік қасиет ала бастайды. Ыстық темірді ұстап, қол күйгенде әлгі суға батырып алсаң, қара қотырланып келесі күні жоқ болып кетеді, – дейді Зұлпыхар Кемелұлы. Ауыл шебері ұстазының қарапайым екенін, сөздің емес, істің адамы екенін жеткізді. Өзі де ұстадан біраз нәрсені үйренген. Кейін ол өмірлік азық болған. Қазіргі ауыл орталығындағы «Тағзым» алаңының темірін тұрғызған осы Зұлпыхар ұста.
Иманғали Әбішұлының болаттай берік екендігін еңбек ардагері Т.Оржанов айтып берді.
– Ауылда Айдабол деген кісі болды. Малмен айналысатын. Менің Жанелі деген ағам тазы ұстайтын. Бір күні әскерге кетерде Иманғали ұста тазысын алып қалды. Өзі аңшылыққа құмар еді. Тазыны үйінде ұстады. Бірде тазы ит босап, шығып кетіпті. Шыққанда жаңағы Айдабол деген кісінің үш жасар өгізін аударып тастапты. Сол сәтте мал иесі итті мылтықпен атады. Алыстау болса керек, бытыра денесіне тиіп, қан сорғалайды. Қансыраған тазы ұстаның үйіне келеді. Иманғали ұста қан аққан ізбен малшының үйіне барған. Барған бетте Айдаболды тамақтан алып: «Ол ит қой, неге атасың? Өгізің өлсе, орнына мал беремін ғой» деп алқымдапты. Болаттай күштілігі сонша үш-төрт адам Айдаболды зорға дегенде арашалапты, – деді еңбек ардагері.
Ол кісінің көзін көрген ауылдық қоғамдық кеңес төрағасы Ж.Камалов та естеліктерді айтып, жақында ұрпақтары ұстахана орнына ескерткіш орнатқанын тілге тиек етті. Онда «1969-1986 жылдары Әбішұлы Иманғалидың ұстахана орны болған» деп жазылған.
Бұдан бөлек қариялар елге белгілі Бекенбай Арысбаев, Жәлел Сақтағанов, Сақтаған Алшынбаев секілді ұсталар туралы әңгіме өрбітті. Олардың жасаған бұйымдарын да бүгінде ауыл тұрғындары тұтынып келеді екен. Қазірдің өзінде осы ұсталар ісін жалғап келе жетқан қолөнер шеберлері ауылда жетерлік. Олар ұлттық құндылықтардың жойылмауына себепші болуда.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ