ҰСТАЛЫҚ ҚАСИЕТ БОЙЫНА ҚҰТ
Ұста ұстанған қасиет бойына біткен ептілік пен ұқыптылық, асқан төзімділік, шығармашылық құлшыныс, ойдағы тебіреніс, ұзақ уақыт темірдің қайраттылығын өз ырқына көндіру асқан мықтылықтың нәтижесі. Қолы алтын шебердің қайталанбас туындысын тудыру арқылы ізгілікті мұраны жалғастыру нағыз табиғи талантты жарыққа шығару екеніне айқын дәлел.
Күн ұзаққа ұстахана ішінен табылатын кейіпкерімнің көп сөзге емес, іске мығымдығы аңғарылды. Жинақылықты жақсы көретін оның болмысында айналасына сыр ашпайтын бір қалыпты сабырлық нышаны ер азаматтылығына тән болмыс. Қоғалыкөл ауылына сапар барысында шаңырағына бас сұғып, шебердің ұстаханасының қазіргі жай-күйімен таныстық.
Темір ұрған сайын күшейе түседі. Өзінің мықтылығынан таймайды. Металдар ішіндегі ең берік, жойқын күштілігі соншалық тұрмыстағы тіршілік оның қатысуынсыз бір елі алға баспайды. Ықылым заманнан тарихы бар темірдің қазақ жеріндегі қазыналы байлық қатарына қосылуы әлі күнге өміршеңдігімен дәлелденеді. Ескінің ізін жалғастырушы Талғат Ыдырысов ұсталық кәсіппен әскерден келген уақытта айналыса бас тайды. Абай совхозына барып, темірден түйін түйген Мизам ұстаның шәкірті атанады. Азғана уақыттың ішінде темірді иіп, сан түрлі бұйым жасаудың қыр-сырын меңгереді. Егде тартқан Мизам ақсақал жас жігітке сенім артып, темірден кез келген бұйым жасап шығаруды, оның сырын ұға алған жағдайда өзің қалаған затты істеуге болатындығын үйретеді. Ауылға келгенде орталықта орналасқан гаражға жұмысқа тұрып, темір ұстасы атанады. Мұнда техниканың икемге келмес тұстарын қалыпқа келтіріп, ескі бұйымды жаңартуға барын салады. Көлік жүргізушілері үшін керекті құрал-сайманды жасау жас жігітке жұмыстың жаңа түрі болатын. Техника жетіспеген мезетте бұрынғысын қайта өндеу айтарлықтай жеңіл. Алғашында жүрексінгенмен кейін кәсіби маман ретінде қалыптасып кеткен.
Бір жылдары ауылда тоқырау кезеңдерінде тұрғындар егін егуге бет бұрады. Барлығы бақша егуге ұмтылып, картоп егіп, науқынды жұмысқа белсене араласады. Сол уақытта ауылда кетпенге сұраныс артады. Талай ауыл тұрғындарының сұранысымен кетпен, күрек, айыр, шімшеуір, қалақ секілді бұйымдарды жасап шығарған ұстаның тәжірибесі мол десек болады. Одан бөлек түрлі шаруаға арналған құрал-жабдық дайындау Тәкеңнің сүйікті ісіне айналған.
Көнеден келе жатқан қазақ халқының саятшылықта қолданатын қақпан, тұзақ жасаудың өзіндік тәсілін жандандыруға тырысады. Қақпанды істегенде кем дегенде бес күн уақыты кетеді екен. Оның технологиясының күрделі тұсын еңсеруде біршама қиындық кездеседі. Серіппесін жасауда мықты етіп, құрастыру керектігін ұстазынан естіп, білген. Өте әлсіз де емес, қатты да емес орташа қалыпта болу үшін айрықша тәжірибе барысында жүзеге асыруды ұста жөн көреді. Бұдан бөлек Талғат ұста жылқыға арналған ауыздық, қазық жасағанын да тілге тиек етті. Қолдағы бар бұйымдарының ішінен қылышты көргенімізде бұрын қызық үшін әуестеніп, істегені мәлім болды. Қазақтың батырларының негізгі қаруын қатты темірден жасайды. Аталмыш темірді Кеңестік кезеңде қатты металл ретінде көпшілік тұрмыста пайдаланған. Қылышқа арнайы уақыт бөлмесе де оны жасауға аз уақыт кетпегені айтпаса да түсінікті. Қосымша садақты иіп, жебесін басқа металдан құрастырады. Ол ұстауға ыңғайлы, бір жағынан ұзақ қашықтыққа атуға арналған.
Ұстаның сыр алдырмаған қасиеті көптің көңілінен шығатын ерекше дүниені жасап шығару. Расында темірден жасалған бұйымның әдемілігі мен көркемділігі көрген адам қызығатындай болған жағдайда оның еңбегінің жанғаны. Қанша талпынғанымен шабыты келмеген тұста ойлаған дүниенің ойдағыдай болуы әсте мүмкін емес. Ішкі түйсігіне бағынған кейіпкеріміз ұсталықты серік еткелі шындығында айрықша қолтаңба қалдыруды мақсат тұтқаны анық. Ынтаны оятудың бар амалы кезіккен қолдағы металдан көл-көсір бұйым шығаруға талпыну екені рас. Бұның барлығы жастық жігердің арқасы. Кейде жұмыстан тыс уақытта сүйікті ісіне көңіл бөлу адамды қоршаған ортадағы байланысынан ажыратып, өз әлеміне сүңгітіп алады. Одан шығу үшін шабытпен бастаған істі аяқтау қажет. Қашанда шығармашылықпен айналысқанда адамның ойы мен ерік қалауы мен бағыты өзгеріп отырады. Шебер бір істі қолға алғанда сан түрлі құбылады. Үздік шығу үшін бар күшін салады. Идеяны тудырып, тұрмысқа жарамды, үлгісі басқаға ұқсамайтын бұйым шығаруға тырысады.
Бізге ұстаханасын таныстырған Тәкең қарапайым темірді балқыту процесін көрсетті. Ауласында орналасқан шеберханасын көргенімізде көне темір балқытатын көрікті байқадық. Ескі көрікте аз-кем уақыт өтпей жатып, от тұтанған сәттен-ақ қып-қызыл шоқ пайда бола бастады. Негізінде темірді балқытуда жағылатын арнайы сексеуіл көмірі болатындығын ескертті. Белгілі температураға жеткенше көріктің қозғалтқышын қозғап, қызған темірді әлсін-әлсін ауыстырып отырады. Жоғарыға атқылаған от-жалыны күшейіп, одан сайын темір балқи түседі. Ұста иілуге икемделген тұста темірді төске салып, ұрғылайды. Әбден иілген темірден жоғарыда аталған кез-келген бұйымды жасауға болады. Бұрын көзбен көрмеген көріктің айналасында ұстаның құрал-саймандары жайғасқан. Жинақы түрде орны-орнымен керек заты табыла кетеді. Оттың қызуына байланысты балқыған темірді суға салады. Талғаттың қолданып жүрген көрігі өткен ғасырдан келе жатыр. Ауылда бұрындары Ыбырай деген ұста болған деседі. Аталған көрік сол кісінің көне мұрасы. Ұсталықпен айналыса бастаған тұста Талғат ұста бала күнінде Ыбырайдан қалған төс пен көрікті үйіне әкеліп орналастырады. Міне, бүгінде ескінің мұрасынан талай жаңа дүниелер жарыққа шықты.
Шебердің темірден бөлек ағаш ұсталығы да бар екен. Алғаш темір ұсталығымен айналысып қана қоймай Қызылорда қаласына барып, арнайы ағаш ұстасынан тәлім алған. Сол күннен бастап, ұсталық етеуден жалықпаған ол қазақтың ұлттық аспабы саналатын домбыра, қобыз, сандық секілді ағаш бұйымдарын жасаған. Ұстаның бұйымдары көрмеге қойылып, байқауларға қатыстырылған.
Екі бағытты бір арнаға тоғыстырған ұстамен әңгіме барысында жаны қалаған тұста адамның қосымша құлшынысы артатынын, жаңа екпін мен леп пайда болатынын сездік. Келешекте әлі талай дүниені жарыққа шығаруға мүдделі Талғат Ыдырысов елге қажетті дүние жасағанына қуанышты. Артынан ерген ұрпағына мақтануға тұралық құнды дүние қалдыру ізге мұраты, көздеген мақсаты. Сапалы, табиғи өнімді шығаруда металды таңдай білуі, ағашты дәл табуы маңызды саналады. Ендігі кезекте ұлт мұрасына деген сұранысты арттыру жолында аянбай еңбек етуді азаматтық борышы санайды.
Балтабай ОРДАБЕКОВ